«АНАЛАР ҮЙІ»: дағдарыс жағдайындағы әйелдерге қалай көмектеседі? Избранное

Среда, 03 Август 2022 04:55 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1839 раз

«Аналар үйі» қазақстандық қайырымдылық жобасы іске асып жатқанына келесі жылы 10 жыл толады. Осы жылдар ішінде 5000-нан астам әйел қордан атаулы әлеуметтік көмек алып, олардың сәбилері балалар үйлеріне түспей, отбасында өсіп жатыр. Анасының жаңа туған нәрестесінен бас тартуы ықтимал жағдайлардың 69 пайызының алды алынды.

90

 

18 қалада ашылған

2013 жылдың мамыр айында қазақстандық кәсіпкер Айдын Рахимбаев пен оның жұбайы Анардың бастамасымен пилоттық режимде елордада жүктіліктің кеш мерзіміндегі немесе қиын өмірлік жағдайға тап болған қолында жаңа туған нәрестелері бар әйелдерге арналған алғашқы «Аналар үйі» - орталығы ашылды.
2013 жылдың желтоқсанында Қазақстанның танымал бизнесмендерінің ел бойынша жас аналарға арналған дағдарыс орталықтарын ашу бойынша бірлескен жұмысы басталды. Сол кездің өзінде бастама қолдау тауып, «Ана Үйі» Қоғамдық Қоры тіркелді. Қор негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істейді: «Аналар үйі», «Бала асырап алу жөніндегі агенттік», «Балажан» балалар интернаттық мекемелерін трансформациялау бағдарламасы.
Бүгінгі таңда, қор Қазақстанның 18 қаласында 21 «Аналар үйін» ашып, жұмыс істеуде.

60-70 пайызы отбасына оралады

«Аналар үйінің» Шымкенттегі аймақтық филиалында қазіргі уақытта 10 жас қыз және 9 бала, жүктілік мерзіміндегі екі қыз тұрып жатыр. Қор қамқорлықтағыларды азық-түлік, жөргектер және басқа да қажетті тұрмыстық қажеттіліктермен қамтамасыз етеді. Алайда, барлық қыздар үй шаруасындағы әйелдер. Олар тамақ дайындайды, үй жинайды, балаларды тәрбиелейді.
Қамқорлыққа алынушылардың негізгі уақыты жұмыс іздеуге, психологиялық, әлеуметтік, құқықтық және тұрмыстық мәселелерді пысықтауға бағытталған. Қыздар барлық қажетті қолдауды қордан және оның үйлестірушілерінен алады. Үйлестірушілер тек аналардың өздеріне көмектесіп қана қоймай, қиын жағдайда оларды қабылдай алмаған отбасыларымен, серіктестерімен де жұмыс істейтінін айта кету керек.
– Егер біздің орталыққа енді ғана келген әйелдің психологиялық жай-күйін жарты жылдан кейінгі хал-жағдайымен салыстыратын болсақ, орасан зор айырмашылықты көруге болады. Бастапқыда олар күйзеліске ұшырайды, олардың өмірі қалай жалғасатынын білмейді, туыстарына ренжулі болады. Бірақ біздің орталықтағы атмосфераның және команданың жұмысының арқасында олар өздерін сенімді сезіне бастайды, өзін-өзі дамытумен айналысады, ана болу қуанышын сезінеді және өз өмірлерін жақсартады, - дейді Анар Рахимбаева.
Орталық туған нәрестелерден бас тартудың 69 пайызының алдын алағанына қарамастан, қор қызметкерлері бұл көрсеткіш Қазақстандағы жетімдік проблемасын шешу үшін жеткіліксіз деп санайды. Балалар үйлері әр түрлі жастағы тәрбиеленушілермен толықтырылуда. Сондықтан, 2016 жылы «Бала асырап алу жөніндегі агенттік» іске қосылды. Оның міндеті – кәсіби дайындық, асырап алынған отбасыларды қолдау және қоғамда бала асырап алу мәдениетін дамыту. Кеңес беру кабинеттері Қазақстанның 17 қаласында жұмыс істейді.
–Шымкенттегі филиал 2013 жылдың соңында ашылды. Біздің үйге меценат - Марат Шотбаев бекітілген. Бастапқыда екі баспана болды, екіншісі біраз уақыттан кейін жабылып қалды. Бұл көмекке аз адамдардың жүгінуімен байланысты болды. Бірақ, өкінішке орай, қазір орталыққа қоңырау шалушылар саны артты. Көптеген әйелдер зорлаушылардан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегеді», - дейді Шымкенттегі «Аналар үйінің» үйлестірушісі Калдар Тонтекова.
«Аналар үйі» 1,5 жасқа дейінгі балалары бар 13 жастан 30 жасқа дейінгі әйелдерді немесе 28 аптадан бастап жүкті әйелдерді қабылдайды. Қамқорлықтағы адамдар мұнда 6 айға дейін бола алады. Осы уақыт ішінде оларға жұмысқа орналасуға көмектеседі, мастер-класстар, қысқа мерзімді оқыту курстарын өткізеді. Бұл мәселеде қорға көптеген еріктілер ұйымдары қолдау көрсетеді. Егер қыздар 6 айда ішінде жұмыс немесе тұрғын үй таба алмаса, олар бірлесіп пәтер жалдайды, мысалы, екеуінің біреуі жұмыс істесе, екіншісі бала қарайды. Қамқорлықтағы қыздардың 70-80 пайызы өздерінің отбасыларына оралады.
– Қыздарға емханаға тіркелуге көмектесеміз. Дәрігерлер кейде тегін қарайды. Біз аналар мен балаларды дәрі-дәрмектермен толықтай қамтамасыз етеміз. Бізде жастар ресурстық орталығымен, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары, басқа да қоғамдық бірлестіктермен меморандумдар жасалған. Жақында біз Аружан Саинмен Баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы өзара түсіністік және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойдық. Осылайша, өткен жылдың жазынан бастап ресурстық орталық ретінде жұмыс істейміз. Яғни, біз нәрестесін Сәбилер үйінде қалдырған аналарға баласын қайтаруға көмектесеміз», - дейді қор үйлестірушісі.
«Аналар үйінің» арқасында Шымкенттегі №3 және №4 балалар үйлері қаладағы жетімдер санының азаюына байланысты біріктірілді. Бұл ретте №3 балалар үйінің базасында 6 ай ішінде әрбір балаға үй табуы тиіс Отбасын қолдау орталығы ашылады.

Бюджет қаражатын үнемделеді...

2021 жылғы мәліметтер бойынша мемлекет балалар үйінде бір баланы күтіп-бағуға жылына 1,5 млн теңге жұмсайды. 18 жыл ішінде шығындар 27 млн теңгеге дейін жеткен. Бұл ретте, «Ана үйі» жобасы аясында қазақстандық бизнесмендердің немқұрайлы қарамауынан 6 мыңға жуық сәби қамқорлыққа алынды. Бұл, жүздеген миллион бюджет қаражатының үнемделгенін көрсетеді.
Қамқоршылардан басқа, әйелдерге басқа да демеушілер көмек көрсетеді, олар еріктілік негізде қамқоршыларды азық-түлікпен, киіммен немесе сәбилер арбасымен қамтамасыз етеді.
Ең бастысы қор көмегінің арқасында Қазақстанда тастап кеткен балалар саны айтарлықтай қысқарып, әлеуметтік жетімдік проблемасын шешуде оң динамиканың байқалғанын көруге болады.

А.МҰХТАРОВА

Последнее изменение Среда, 17 Август 2022 09:32