САПА АРТЫП, СҰРАНЫС КӨБЕЙДІ Избранное

Среда, 03 Август 2022 04:58 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 566 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Ең алдымен, цифрлық теңсіздікті жою, интернетке барынша қолжетімділікті және барлық азаматты сапалы байланыспен қамтамасыз ету қажет. Бүгінде сапалы байланыспен қамту – басты қажеттілік» деген болатын. Еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің алдында қазақстандықтарды сапалы интернетпен 100 пайыз қамтамасыз ету міндеті тұр. Аталған міндет «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында іске асырылып жатыр. Ал Шымкентте бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынған.

92

 

Өткен жылы қаладан шалғай орналасқан 14 шағынаудан мен елді мекенге базалық станция орнатылып, 136 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы интернетпен қамтылған болатын. Биылғы жоспарда басқарма тарапынан 170 мыңға жуық тұрғынға интернетті қолжетімді ету жоспарланған.
–Биыл мобильді байланыс операторлары интернет сапасы төмен 12 елді мекеннің координатасын белгіледі. Қалалық сәулет қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан жер телімдерін рәсімделіп, инвесторға ұсынылды. Қазіргі таңда инвестор тарапынан Ақниет, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл, Азат, Тұран, Асар елді мекендеріндегі жер телімдері қазылып, бетон құйылып, антенна-мачталық құрылғыларды орнатылып жатыр. Ал жеке нысан иелерімен келісу арқылы Елтай, Тоғыс, Маятас және Бозарық елді мекендеріне базалық станция орнатылып, іске қосылды. Тиісті жұмыстар жыл соңына дейін аяқталса, аталған елді мекендердің 71 мыңға жуық тұрғыны мобильді интернетпен қамтылады. Нәтижесінде жыл соңында сапалы интернетпен қамту үлесі 95%-ға жетеді деп жоспарлануда, - дейді Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов.
Бұдан бөлек, интернетке қолжетімділікті арттыруда шымкенттік инвесторлардың үлесі басым. Сондай мекеменің бірі – «Қазақтелеком» АҚ-ның бағынысты мекемесі «Востоктелеком» ЖШС-мен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 20 елді мекенге қосымша базалық станция орнатылмақ. Онда жаңа технологиямен антенна-мачталық құрылғылар орнатылатын болады. Бүгінде жауапты басқарма 20 елді мекеннен бос жер телімдерін анықтау жұмыстарын бастап кетті.
–Биыл 15 елді мекенді талшықты оптика желісімен қамтамасыз ету жоспарға енді. Ол тізімде Самал-3, Забадам, Қазығұрт, Құрсай, Қарабастау, Солтүстік-Батыс, Қызылжар, Ақниет елді мекендері бар. Қазір дайындық жұмыстары басталып кетті. Қызылжар мен Ақниет елді мекендерінде оптика желісі тартылып жатыр. Тиісті жұмыстар атқарылса, жыл соңына дейін 165 303 қала тұрғынына интернет қолжетімді болады, - деді Әсет Әбдіраханов.
Интернетпен қамту қаланың шалғай елді мекендерінде ғана жүзеге асып жатқан жоқ. Қала орталығында тұратын тұрғындардың да мәселесі назарда. Мәселен, «Fishnet» ЖШС-і қала орталығындағы 80 көшеге (260 шақырым абоненттік кабель тартылды) талшықты оптика желісі жүргізіліп, 9 мыңға жуық үй интернет желісіне қосылған. Қазіргі таңда, өтінім қалдырған 500-ге жуық үйге кабель тарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Әсет Әбдіраханов израильдік «Radwin» компаниясының Қазақстандағы филиалымен келіссөздер жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесінде FWA технологиясымен Тұрлан экспедициясы (Ынтымақ-1,2 және Нұршуақ) жоғарғы жылдамдықты интернет желісімен қамтылады. Бүгінгі таңда аталған компаниямен бірлесе отырып пилоттық жоба жасалып, оның аясында Ынтымақ-2 шағын ауданындағы 10 үйге интернет желісі қосылған. – Тиісті жұмыстар жоғары нәтиже берсе жоғарыда аталған 3 елді мекенде FWA технологиясы қолданылатын болады, - дейді Әсет Маратұлы.
Айта кетейік, FWA технологиясы кәбілді тартуы қиын және тиімсіз жерлерде оптикалық-талшыққа балама болып табылады. Белгіленген сымсыз қатынау пайдаланушылары интернетке LTE желісінің жеке жиілік диапазонын қолдана отырып қосылады. Осы технологияның желілері бойынша деректерді таратудың кепілді жылдамдығы 20-дан 50 Мбит/сек дейін құрайды. Бұл қазіргі кеңінен таралған ADSL технологиясынан кем дегенде 2,2 есе жоғары.
Ендігі кезекте 8 елді мекенді оптика желісімен қамтамасыз ету жоспары тұр. Олар – 112-орам, Самал-1, Самал-2, Наурыз, БАМ, Тараз, Төменгі Отырар, Нұртас шағын аудандары. Тиісті жұмыстар жыл соңына дейін атқарылса, 12 000 тұрғын үйге оптика желісімен интернетке қосылуға мүмкіндік жасалады.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.