«ШЫМКЕНТ – КӘСІПКЕРЛІК БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ ҚАЛА» Избранное

Четверг, 03 Ноябрь 2022 04:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 789 раз

shym kasipker

Жуырда Шымкент қаласына Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жұмыс сапарымен келді. Министр Шымкент қаласы Нұршуақ шағынауданының тұрғындарымен кездесіп, ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысымен танысты.

–Шымкент қаласының инженерлік инфрақұрылым желілерін дамытуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде тұрғындардың жол, ауыз су, сапалы электр қуаты мен табиғи газбен қамту секілді бірінші кезектегі өзекті мәселелері шешімін табуда. Бүгінгі сапардың мақсаты осы бағытқа бөлініп жатқан бюджет қаржысының қаншалықты тиімді игеріліп жатқанын бақылау және тұрғындарды қандай проблемалар мазалайтынын адамдардың өз аузынан есту, - деді
Әлібек Сәкенұлы.

Нұршуақ шағынауданының тұрғындары кейінгі уақытта инфрақұрылым мәселелеріне ерекше назар аударылып, мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатқанын айтқан нұршуақтықтар биыл басталған табиғи газ жүйесінің құрылысын тезірек аяқтауды сұрады.  

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков Ұлттық экономика министріне Нұршуақ шағынауданында және жалпы қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Оның айтуынша, Нұршуақта 6 мыңдай халық қоныстанған. Шағынаудан ауыз сумен былтыр қамтылды. Электрмен қамту жұмыстары өткен жылы басталған. Мердігер компания ретінде «Электромонтаж» акционерлік қоғамы таңдап алынған. Компания 7,8 шақырым 10кВт кабельдік желі және 198 шақырым 10/0,4 кВт әуе желісін орнатқан. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал, табиғи газбен қамту жұмыстары биыл басталды. Құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде, аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланған.

Мұнан кейін Ұлттық экономика министрі «Стандарт» индустриалды аймағында болып, ондағы жұмыс барысымен танысты.

–Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан жаңа экономикалық саясатының ең маңызды, басым бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау. Өйткені, осы кәсіпкерлер елдегі орта таптың негізін қалайды. Ал, орта тап өкілдерінің үлесі көп болса, еліміздің экономикасы қуатты болып, халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс сапасы жақсарады. Міне, осы тұрғыда Шымкент қаласы бұрыннан кәсіпкерлік белсенділігі жоғары қала. Енді шағын және орта бизнеске арналған индустриалды аймақтың ашылуы мен өзге де мемлекеттік қолдау шаралары қалада бизнестің дами түсуіне ықпал етеді, – деді Әлібек Сәкенұлы.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы бұрынғы қорғасын зауытының аумағында инвесторлардың есебінен «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Сонымен қатар, Ә.Қуантыров үшінші мегаполистегі жұмыс сапары барысында жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен жиынға ведомства басшысы Әлібек Саматұлы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев, кәсіпкерлер палатасының басшылары мен іскер азаматтар қатысты.

– Біздің өңірлерді аралаудағы мақсатымыз – халықпен, кәсіпкерлермен бетпе-бет жүздесу, оларды тыңдау. Мұндай жиындар әр өңірде тұрақты түрде өтіп келеді. Себебі, Ұлттық экономика министрлігінің мақсаты – макроэкономиканы тұрақтандырумен қоса шағын, орта және ірі кәсіптің де дамуына жағдай жасау. Ал, ол үшін кәсіпкерлер өздері тап келетін күрделі жағдайларды айтып, жетістіктерімен, тәжірибелерімен бөліскені барлық тарапқа пайдалы. Сондықтан, бұл кездесу еркін түрде өткені дұрыс, – деді Әлібек Саматұлы.

Ары қарай жергілікті кәсіпкерлер сөз алып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды, министрдің тікелей жауабын тыңдады. Мысалы, «Барыс–2007» ЖШС-інің басшысы Айжан Найымбекова бидай өнімдерін терең өңдеуге жатпайтын кәсіпорындарға жеңілдік қарастыру керектігін және өнімдерді орау қаптамаларын шетелден сатып алатындарын, осыған байланысты қазақстандық өнімдерге қолдау көрсету қажеттігін айтты.

Ал, белсенді жас Жасур Жұматаев Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жастарға жеңілдікпен берілетін несие туралы толығырақ білгісі келетінін жеткізді.

Министр еркін тақырыпта өрбіген жиында айтылған әр сұрақты, ұсыныс-тілекті жазып алып, сол мезетте жауап беріп отырды. Оның айтуынша, көптеген жағдаймен таныс, алдағы уақытта елордада тиісті мемлекеттік органдармен бірге қаралады.