ҚАРАТАУДА КЕЛЕЛІ ІС КӨП Избранное

Среда, 01 Март 2023 05:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 720 раз

Қаратау ауданы — Шымкенттегі жас аудандардың бірі. Шымкент республикалық маңызы бар қала атанған тұста іргетасы қаланған ауданның құрамына облыстан елді мекендер қосылып, шаһардың солтүстік бөлігінде жаңа шағын аудандар пайда болды. Ауданды жан-жақты дамыту үшін кешенді жоспар түзіліп, бүгінде жұмыс кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Біз Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкемановпен тілдесіп, оқырмандарға өткен жылы атқарылған жұмыстың нәтижесін және биылғы жоспарын таныстыруды жөн көрдік.

50

 

100 пайыз ауыз сумен қамтылады

— Өткен жылы Қаратау ауданына қарасты 24 елді мекен болса, бүгінде қалада жаңа ауданның құрылуына байланысты аумақтық өзгерістер орын алып, 18-і қалды. Аудан тұрғындарын су, жарық және газбен қамту мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жоспарға сәйкес, 2023 жылдың соңында аудан аумағындағы барлық елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылады, - дейді Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов.

49


Миллион тұрғыны бар, демография мен урбанизацияның салдарынан тұрғындар саны күн санап артып отырған қалада инфрақұрылым мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Бүгінгі таңда 19 500 гектар аумақты алып жатқан ауданда 29 762 жеке сектор, 448 көп қабатты үй, 164 аула,
595 көше мен 7 демалыс аймағы (саябақ, сквер) бар. Яғни, аудан әкімдігі 189 577 тұрғынның жайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету үшін жұмысты үйлестіріп, халықтың үдесінен шығып отыр.
— Өткен жылы ауданға қарасты Қайнарбұлақ, Сайрам тұрғын алабы және Асар-2 шағын ауданында ауыз су жүйесінің құрылысы басталған болатын. Аталған елді мекендердегі құрылыс 2023 жылға өтпелі. Биыл Сайрам және Қызылсу елді мекендерін ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізіліп, жыл соңында аудан аумағындағы барлық елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылады. Сонымен қатар, ауданға қарасты елді мекендерді жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары басты назарда. 2021 жылы аудан Достық және Асар-2 шағын ауданын жарықпен қамтудың алғашқы кезеңі жүзеге асырылса, құрылыстың екінші кезеңі былтыр толығымен аяқталды. Сондай-ақ, өткен жылы Тұран, Нұртас, Тассай, Қайнарбұлақ шағын аудандары жарықпен қамтылды. Биыл Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағы электр жарығымен қамтылып, 3191 абонент сапалы электр энергиясына қол жеткізбек, - деді Рахымберді Жанысбекұлы.
Аудан әкімінің айтуынша, 2022 жылы 6 елді мекенде — Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайы, Асар-2, Тұран, Нұртас шағын ауданы мен Тассай тұрғын алабында табиғи газ жұйесінің құрылысы басталған. Биыл Тұран шағын ауданында абоненттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, жыл соңына дейін Нұртас шағын ауданы мен Тассай тұрғын алабындағы құрылыс жұмысын аяқтау жоспарланыпты. Кешенді жоспарға сәйкес, аудан тұрғындарын 2025 жылға дейін толығымен табиғи газбен қамту көзделген.

Жолы – тегіс, көшесі – жарық

Инфрақұрылым саласында жол мәселесі — өзекті тақырыптың бірі. Жаңадан салынған шағын аудандарға жол салу, бұған дейінгі бар көшелерді күтіп-баптау және су, кәріз жүйелері жүргізіліп үлгермеген аумақтарға шағал тас төсеу сынды ауқымды жұмыс көп.

52


— Кейде тұрғындар «көшеге асфальт төселмеді» деген шағымын айтып жатады. Біз инфрақұрылым құрылысын кезең-кезеңімен жүзеге асыруды қолға алғанбыз. Сондықтан шағын аудандарға, әуелі, ауыз су, газ, жарық, кәріз жүйесі жүргізіліп, одан кейін ғана көшеге асфальт төселеді. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 631 шақырымды құрайтын 595 көше бар. Оның ішінде 364 шақырымы асфальт болса, 233 шақырымын шағал тас төселген, 33 шақырымын топырақ көшелер құрайды. 2022 жылы 81,7 шақырымды құрайтын 87 көшеге асфальт, 40 шақырымды құрайтын 43 көшеге шағал тас төселді. Ал, биыл 50 шақырымды құрайтын 74 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Жалпы, 2022-2025 жылдар аралығында 441,2 шақырым жолға, яғни 466 көшеге асфальт төселеді, - дейді аудан әкімі.
Ертеректе дұрыс жоспарламау салдарынан қаланың кей көшелеріне асфальт төселіп, арада 1-2 жыл өткенде оны қайта талқандап, су, газ, кәріз жүйесі жүргізіліп жататын. Аудан әкімінің дәл осы мәселеге келгенде кешенді жоспарға сүйеніп атқарған тірлігі жұмыстың жүйелі жүріп жатқанын дәлелдей түскендей.
Биыл қыста жауын-шашын түсімінің молаюына байланысты қаланың кейбір аумақтарына су басу қаупі төнді. Қаратау ауданының әкімі бұл мәселенің де назардан тыс қалмайтынын алға тартты.
— Өткен жылы жауын-шашын түсімінің артуына байланысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, аудан аумағында су басу және көлдеу қауіпі бар 30 мекенжай анықталған болатын. Су басудың алдын алу үшін былтыр жалпы ұзындығы 13,7 шақырымды құрайтын 22 орынға ирригациялық арық жүргізілді. Ал, биыл 8 орынға ирригация жүйесін салу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Жуырда мердігер мекеме анықталған соң, құрылыс жұмысы басталады. Осы жылы анықталған нысандарды алдағы бюджетті нақтылау барысында ұсыныс беретін боламыз, - дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар, Р.Мүлкеманов Қаратау ауданындағы көшелерді жарықтандыру және аулаларды абаттандыру жұмыстарына да тоқталды. Ауданға қарасты 91 орталық көше жарықтандырылған. Қуантарлығы сол, былтыр 30 көше мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жарықтандырылыпты. Ал, биыл аудандағы 21 магистральді көшеге жарық жүргізу жоспарланған.
— 2025 жылға дейін аудан аумағындағы 150 көше жарықтандырылады. Одан өзге тұрғындардың өтінішін ескере келе, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 250 орынға бейнебақылау камерасын орнату жоспарланды. Бұл жұмыс жыл соңына дейін орындалады. Сондай-ақ, 2021 жылы бюджеттен 1,2 миллиард теңге қаржы қаралып, 32 аулаға біріктірілген 53 көп қабатты үй алаңшасы толық абаттандырылып, 29 ашық спорт алаңы салынды. Былтыр 1,46 миллиард теңгеге 41 аулаға жаттығу және ойын алаңының жабдықтары орнатылып, 10 ашық спорт алаңшасы ел игілігіне берілді. Бұқаралық спортты дамытып, жайлы орта қалыптастыру мақсатында бұл жұмыс биыл да жалғасын таппақ. Жыл соңына дейін 34 ойын және 7 спорт алаңшасын салу көзделген. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып отыр, -дейді Рахымберді
Жанысбекұлы.
Бүгінде Қаратау ауданындағы 448 көп қабатты үйдің маңы 155 аулаға біріктірілген. Мамандардың айтуынша, 3 жылдың өзінде жоспарға сәйкес 100-ден астам ойын және спорт алаңшасы жабдықталып отыр. Ал, бұл көрсеткіш 2025 жылға дейін тағы да арта түспек.

«Жеке қабылдауға келетін азаматтар азайған»

— «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындармен кездесіп, шаһардың барлық шағын аудандары мен елді мекендерін бірнеше мәртеден аралап шықты. Әкімнің қатысуымен және жекелей кездесулерде 250-ден астам мәселе көтерілді. Оның ішінде инфрақұрылым жүйесіне қатысты 50 өтініштен өзгесі шешімін тапты. Ал, бұл 50 өтініш кешенді жоспарға сәйкес атқарылып жатыр. Бір шағынауданның тұрғындарымен араға бірер ай салып кездесіп отыру — ел ішіндегі жоспардан тыс мәселелерді назарға алып, оның дер кезінде шешілуіне және ушығып кетудің алдын-алуға сеп болды. Тіптен, әр апта сайын өзіміздің жеке қабылдауымызға келетіндердің де қарасы азайды. Бұл халыққа жақындай түскен сайын мәселелердің де дер кезінде шешіліп жатқанын көрсетсе керек, - дейді аудан әкімі.
Мәселен, 2022 жылы Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының «I-KOMEK 109» ситуациялық орталығына аудан құзырына қарасты 1474 өтініш келіп, барлық өтініш толығымен шешімін тапқан. Ал, жыл басынан бері 208 өтініш түсіп, оның 203-і шешілген. Сондай-ақ, «Халық қатысатын бюджет» шеңберінде Қаратау ауданы аумағында 2021 жылы 2 жобаға 77,3 млн.теңге қаралып, 2022 жылы 766,2 млн.теңгеге 20 жоба жүзеге асырылған. Ал, биыл 71 жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты.
Мамандар аудан аумағының абаттанып, гүлденуі үшін тазалық сақтаудың маңызы зор екенін алға тартып отыр. Алайда, «тазалыққа тиісті мекемелер ғана емес, жеке тұрғындар да жауапкершілікпен қарағаны абзал» дейді олар.

48


Санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында Қаратау ауданының территориясы 10 аумаққа бөлініп, оған аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітіліпті. Қоқысты бей-берекет қалдыруды тоқтату мақсатында аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әрбір тұрғын тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын мекемелермен келісімшарт түзу қажет екені насихатталған. Нәтижесінде аудан көлемінде 2022 жылы тұрғындардың 99 пайызы мекемелермен келісімшарт түзген. Көп қабатты тұрғын үй аулаларындағы қоқыс алаңшаларына 2022 жылы ауданға 375 жаңа қоқыс контейнері орнатылған.
Аудан азаматтарының ендігі сұранысы — жеке сектор аумағын кәріз жүйесіне қосу мәселесі.
— Қаратау ауданының кәріз жүйесімен қамтылуы 60 пайызды құрайды. Жаңадан бой көтерген көп қабатты үйлер мен Қайтпас, Тассай, Нұртас шағын аудандарына кәріз жүргізілген. Алайда, ауданға қарасты шалғайдағы шағын аудандарды қамту 2030 жылға қарай толық шешілуі тиіс. Қала тұрғындарын 100 пайыз кәріз жүйесіне қосу үшін биыл жаңа су тазартқыш қондырғысының құрылысы басталмақ. Ол толығымен іске қосылып, шамамен қуаты 50 мың текше метр қалдық қабылдауға жеткен кезде шалғай елді мекендер де қамтылатын болады, - дейді аудан әкімі.
Қаратау ауданында атқарылған іс көп. Дегенмен, жыл соңына дейін орындалатын жұмыс ауқымы да біршама. Бізді ауданның 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарына сәйкес әр істің жүйелі үйлестіріліп отырғаны қуантты.