Колледждің ойы ұшқыр, ізденімпаз студенттеріне арналған дебат клубы жұмыс істейді. Клуб мүшелері талай сайыстарға, олимпиадаларға қатысып, білім ордасының атын шығарып, жеңімпаз атанып жүр. Сондай-ақ, студенттердің көшбасшылық қабілеттерін, дарынын дамыту мақсатында жастар ұйымы белсенді еңбек етіп келеді. Оған колледждің қоғамдық жұмыстарға белсенді, өнерлі әрі дарынды студенттері тартылған. Жастар ұйымының құрамында ерікті жастарымыз да бар. Еріктілер түрлі қайырымдылық шараларына мұрындық болып жүр. Ғылымға құмар студенттер дәстүрлі «World Skills» сайысына, өзге де форум, конференцияларға, сайыстарға қатысып, бақ сынап келеді.
Қарашаңырақ білім ордасы «Жас маман» жобасы аясында халықаралық стандартқа сай құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Бұл біздің мамандарымыздың өндірістік тәжірибесін жетілдіріп, машығын арттыруға септігін тигізіп отыр. Яғни, әрбір студент диплом алған соң, өз ісінің білгірі ретінде әрдайым сұраныста болмақ. Колледждің спорт алаңшалары мен спорт үйірмелері заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Ал, кітапхана қоры кәсіптік білімнің қыр-сырын үйрететін оқу құралдары мен тың әдебиеттерге бай.
Е.АЛШЫНБАЕВ,
Индустриалды-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы