Ынтымағы жарасқан, ырысы артқан елміз

Пятница, 28 Апрель 2023 04:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1175 раз

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары!

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

813

 

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі – бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Мемлекеттің орнықты, жан-жақты ойластырылған тиімді этносаясатының нәтижесінде ел аумағында жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Осының арқасында Қазақстан ынтымағы жарасқан, ырысы артқан елге айналды.
Мемлекетіміздің басты байлығы – қоғамдағы келісім мен татулықты сақтау ісіне әрбіріміз жауаптымыз. Алдағы толқын ел ағаларынан қалған «Мемлекет маған не береді емес, мен Отанымның өркендеуіне не үлес қоса аламын деп іс қылу керек деген» қанатты сөзі бар. Сондықтан туған ел игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды сақтауға және дәріптеуге әрбіріміз үлес қосуымыз керек.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты орынға ие, халқының бірлігі жарасқан еңселі әрі өркениетті елге айналды. Осы кезеңде Қазақстан өз халқының этникалық және діни әралуандығын проблемаға емес, керісінше, үлкен артықшылыққа айналдыра білді. Мұны бүкіл әлем елдері өздеріне үлгі тұтып отыр.
Мемлекет басшысы күні кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі» екенін атап өтті. Президент дүниежүзіндегі ахуал түбегейлі өзгеріп жатқанын, жаңа басымдықтар пайда болғанын, сырттан төнген сын-қатердің бетін қайтару аса өзекті мәселеге айналғанын, мемлекеттер үшін егемендікті қорғаудың, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы арта түскенін алға тарты. Осыған орай, Қазақстанда этносаясат байыппен жүргізілуі керектігіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы айқындап берген бұл бағыт халқымыздың ынтымақ-бірлігін одан әрі нығайта түседі деп сенеміз.

Құрметті жерлестер!

Сіздерге мол бақыт, зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс және отбасыларыңызға амандық тілеймін. Бейбіт өмірдің берекесі мен халқымыздың ынтымақ-бірлігі арта берсін!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.