ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев кәсіпкерлердің мәселелерін шешу бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижелерінен хабардар етті.
Қалада кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында агенттік тарапынан «Бизнеске жол» жобасы басталған-ды. Бизнесті қорғау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өңірлік картасына енгізілген. Жыл басынан бері департамент тарапынан 700-ден астам бизнес субъектілерінің құқығы қорғалған.
— Жобаның негізгі міндеті — бизнес ортадағы әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау арқылы кәсіпкерлерге көмек көрсету. Бизнесті қорғау бойынша жұмыс 3 бағытта жүргізілуде. Кәсіпкерлер көбіне жер қатынастары, салықтық және кәсіпкерлік бастамаларды мемлекеттік қолдау саласындағы кедергілерге шағымданады. Бизнесте кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен әкімшілік кедергілерді жою бойынша жұмыс жалғасып жатыр, - деді Ж.Жұмабаев.
Жоба қалалық кәсіпкерлік палатасымен бірлесе жүзеге асырылуда. Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сәбира Адамбекова жыл басынан бері тұрғындардан 150-ге жуық өтініш түскенін атап өтті. Өткен жылы қалалық кәсіпкерлер палатасының қарауына 200-ге жуық өтініш түскен. Оның ішінде 63,8 пайызы оң шешімін тауып, азаматтардың құқығы қорғалған.
Тағабай ҚАСЫМОВ