ШЫМКЕНТТІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА Избранное

Среда, 21 Июнь 2023 05:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 444 раз

Шымкент – еліміздегі республикалық маңызы бар үш қаланың бірі. Еліміздің индустриалды орталығына айналып отырған шырайлы шаһарда өмір сүрудің қауіпсіздік деңгейі жыл сайын жақсарып келеді. Адам өмірі мен қауіпсіздігі – мемлекеттің басты құндылығы екенін ескерсек, Шымкентте қолға алынып жатқан кешенді жоспарлар мен оның орындалуы халықтың қауіпсіздікте тұрмыс кешіп жатқанын аңғартады.

205

 

Шымкенттің халқы бүгінде миллионнан асты. Жылдан жылға демографиялық өсім мен урбанизацияның жоғарылауы елді мекендердің көбеюіне алып келді. Тұрғындар саны күн санап көбейіп жатқан шаһардағы басты міндет – қала тұрғындары мен қонақтардың барлық уақытта өзін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз ету. Ол үшін мегаполистегі қылмыс деңгейі мен төтенше жағдайлар қауіпін төмендету маңызды. Осы орайда, Шымкент қаласында «Қауіпсіз қала» бағдарламасы бірнеше жылдан бері қолға алынған. Бұл бағдарлама ең алдымен қаланың орталық көшелерінде жүзеге асырылып, кейіннен елді мекендер мен ішкі орамдық жолдарда жалғасын тапты. Өйткені қаланың халық санымен бірге көшедегі көлік қозғалысы да артып жатыр. Қоғамдық тәртіп пен көлік қозғалысын реттеуде бейнебақылау камераларының орны орасан. Жалпы, қаланың көше қиылыстары мен тұрғын үйлердің аулаларына 3868 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Оның 1979-ы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін болса, қалғаны жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркейтін камералар. Барлық бейнебақылау камералары Шымкент қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығы, ҚР ІІМ-нің аумақтық орталығы және қала әкімдігінің дағдарыс орталығына қосылған.

Барлық көше бақылауда

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол қозғалысын бақылайтын бейнебақылау камерасының 1677-і «Сергек» жүйесіне қосылған. Одан бөлек, қаланың 21 қиылысында 212 «Интегра» жүйесі орнатылыпты. Осы жылы тағы 1500 бейнебақылау камерасы орнатылса, 2024 жылы – 2000, 2025 жылы – 2500 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған.
Көлік ағыны көп көшелердегі қозғалыстың реттілігінде бағдаршамның да өзіндік орны бар. Өткен 2022 жылы осындай қиылыстарға 12 бағдаршам орнатылып іске қосылған. Сонымен қатар, қала көшелерінде 450 шақырым жол таңбасы сызылып, 4000 жол белгісі қойылған. Бүгінде қаланың аумағында жалпы 291 бағдаршам күнделікті көлік қозғалысына бақылау жүргізеді. Ал, биылғы жоспар бойынша тағы 15 бағдаршам орнатылмақ.
–Биыл қала көшелерінде жалпы ұзындығы 400 шақырым болатын жол белгілері қойылады. Әлеуметтік маңызы бар мекемелердің алдына 800 метр жасанды жол кедергісін орнату ісі де жоспарлануда. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында 3500 жол белгісі орнатылады, - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде көшелерде көлік қозғалысы қауіпсіз бола бастады. Тіпті, қоғамдық көліктерге де арнайы бақылау камерасы орнатылып, ол Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.
Бұрын қала тұрғындары қоғамдық көлік жүргізушілерінің белгіленген жылдамдықтан асырып, жолаушылардың өміріне қауіп төндіретіні жайлы жиі шағымданатын. Қоғамдық көліктерге ақылды камера орнатылғаннан кейін жүргізушілер тәртіпке бағынды. Өйткені олардың көлікті басқару тәртібі қатаң бақылауға алынған.
Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында да қауіпсіздік мәселесі назарға алынған. «Қауіпсіз аула» қағидаты негізінде аулаларға «Қазақтелеком» АҚ-ның 2 430 бейнебақылау камерасы қойылған. Оның ішінде 1215 камера үйлердің кіре берісіне орнатылса, 1215 камера аулалар мен ойын алаңдарына қойылған.

Қауіп төнсе «SOS» түймесін басыңыз

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ІІМ-нің нұсқауымен Шымкентте полиция қызметін цифрландыру бойынша бірқатар жаңа қосымшалар қолданысқа енгізілді. Оның ішінде, Шымкент қаласы «Mega Planet» ойын-сауық орталығының алдына алғаш рет Жедел басқару орталығына қосылған «SOS» дабыл түймесі орнатылды. Мұндағы басты мақсат – мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігін бұрынғыдан да нығайтып, кезкелген жағдайда азаматтарға қолжетімді болу.
Өз кезегінде, қала аумағында орын алған құқықбұзушылықтың куәсі немесе құрбаны болған азаматтар «SOS» түймесі арқылы полициямен шұғыл байланысуға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, тұрғындар ұялы телефонының қуаты сөніп қалса, бағалы мүлкі мен құжаттарын жоғалтса немесе өзін жайсыз сезінген жағдайда дабыл батырмасын басу арқылы полицияның көмегіне жүгінеді.
Орнатылған құрылғының ерекшелігі – тәртіп сақшылары шұғыл байланысқа шыққан адамның жай-күйі мен оның маңындағы ахуалды бейне-аудио байланыс арқылы толық бақылайды. Сондай-ақ, бейнебақылау инспекторлары көмекке арнайы автоэкипаж жолдап, жағдайды дер кезінде реттеуге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта, шаһарымызда тағы 25 жаңа дабыл батырмасын іске қосу жоспарлануда.

Оқушылардың қауіпсіздігі маңызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын барынша күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы Шымкент қаласында «Қауіпсіз мектеп» пилоттық жобасы әзірленді. Шаһарда барлығы 246 мектеп болса, оның ішінде 151-і мемлекеттік білім ұйымы. Қазір онда 250 мыңға жуық бала білім алады. Президент тапсырмасы аясында Шымкент қаласының полиция департаментінің жедел басқару орталығы, қалалық цифрландыру басқармасы және IDC компаниясымен бірлесе пилоттық жоба негізінде №83 жалпы орта мектебінде интеграцияланған дабыл батырмасын орнатты. Ал, 2022 жылы «Балалар жылы» шеңберінде қаладағы барлық мектепке полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған «SOS» дабыл батырмасы кеңінен енгізіліпті. Бұл жөнінде қалалық білім басқармасы мәлімдеді.
–2022 жылы Шымкенттің барлық мектебі бейнебақылау камераларымен жабдықталды. Камералар полиция департаментінің ЖБО-ға қосылған. Бақылау камералары арқылы полицейлер мектепке іргелес аумақта да, оқу орнының ішінде де не болып жатқанын байқай алады. Қауіпсіздік жүйесінің бір ерекшелігі –дабыл түймесінің болуы. Егер қандай да бір төтенше жағдай орын алса, сигналды тікелей қалалық полиция департаментінің пультіне қосуға болады. Дабыл жеткен соң шұғыл түрде мектепке полиция қызметкерлері жіберіледі. Сонымен қатар, қаланың барлық оқу орындары (мектептерде, балабақшаларда, колледждерде және жоғары оқу орындарында) бейнебақылау жүйесімен қамтылып, ол Полицияның ЖБО-ға қосылған. Одан бөлек, барлық білім мекемесінде лицензияланған күзет қызметі мен өткізу турникеттері жұмыс істейді,- делінген Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі хабарламасында.
Қауіпсіздік жөніндегі ресми дерекке сүйенсек, Шымкент мектептері оқушылардың қауіпсіздігі жөніндегі барлық талап 100 пайызға орындалып, республикада көшбасшылар қатарында екен. Сонымен қатар, Қазақстанның үш қаласында оқушылардың оқу материалдарына қол жеткізу, мектеп ғимаратына кіру және тамақтану үшін төлем құралы ретінде сәйкестендіру карталарын енгізу жобасы басталды. Қазір Шымкент қаласында 120 мектепте осы сәйкестендіру картасы енгізіліпті. Астана қаласында – 12 мектеп, Маңғыстау облысында – 12 мектеп төлемнің осы түрін қолдана бастаған.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, 2024 жылдың қыркүйегінде республика бойынша 1000-нан аса қалалық мектеп оқушылары ID карта пайдаланатын болады. Жоба
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қарашадағы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр.