КҮЛТӨБЕДЕН ТАБЫЛҒАН ҚОРЫМНЫҢ ЕКІ МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР Избранное

Среда, 05 Июль 2023 05:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 991 раз

Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университетінің археологиялық жасағы «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкерлерімен бірлесе, Ордабасы ауданы Қараспан ауылы маңындағы ежелгі Қаңлы дәуіріне тиесілі көне қорым орнын тапты. ОҚМПУ археологиялық жасағы тапқан тарихи жәдігерлермен арнайы танысып қайттық.

415

 

 Қорым құрылым көлемінің үлкендігімен ерекшеленеді. Дәліздің ұзындығы 8,5 метр болса, тереңдігі 4 метрге жетеді, жерлеу камерасының тереңдігі 5,2 метрді құрайды. Мұндай тереңдіктегі қорымдар бұрын-соңды бұл аймақта кездеспеген. Жер қатпарын алған археологтар бұл отбасылық қорым болған деген болжамын білдіруде. Жүргізілген ғылыми зерттеулер қорымдағы ер азаматтың, әйелдің және жас өскіннің сүйегі осыдан 2 мың жыл бұрын жерленген деген дәйекті дәлелелдерді көрсетуде. Қорымнан  қыш құмыралар, әшекейлер, әйелдердің боянуына арналған сүрме және спираль тәрізді алтын сырға мен моншақ табылып отыр. Бұл заттар – сол дәуірдегі қаңлы тайпасының ауқатты өмір сүргендігін айғақтайды, дейді археологтар.

Оңтүстік–шежірелі тарихымен дараланған өңір. Қасиетті топырақтан ежелгі қоныс орындарының ізі, көне бекіністердің орны табылып, қазақ даласында салтанат құрған мәдениет мен өркениеттер жайлы бірегей мағлұматтар осы өңірден жинақталуда. Қазақстанның құрметті археологы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Николай Павлович Подушкиннің жетекшілігімен құрылған археологиялық жасақ Арыс өзені аңғарындағы Қарауылтөбе, Төрткүлтөбенің ертедегі отырықшы қоныстарында, Шымкент, Отырар төбе қалашықтарында, Біркөлік қонысында алғашқы қазба жұмыстарын жүргізіп, көне дәуір мәдениетінің ғасырлар бойғы сырын ашуда. Тарихи жәдігерлердің табылуына ОҚМПУ-дің тарих факультеті студенттері белсене атсалысып келеді.
–Студенттерді тарих қойнауындағы құпия деректермен жақыннан таныстыру, оларға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді тәжірибе негізінде көрсету, қазба жұмыстарының әдіс-тәсілдерін үйрету, жер бөліктеріндегі мәдени қабаттың құрамын зерттеуге баулу мақсатында, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары оқу орнында археологиялық жасақ құрылған. Тарих факультетінің студенттерін далалық практикадан өткізу тәжірибесінде университет үлкен жетістіктерге жетті деп ойлаймын. Бүгінгі табылып жатқан жәдігерлер археологиялық жасақтың зор жемісі. Мұндай жасақ республика бойынша Шымкентте ғана бар,–дейді университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева.

416


Бүгінде жасақ жұмысын жалғаған атақты ғалымның ұлы – Александр Николаевич Подушкин тарих факультеті студенттерінің археологиялық практикасының жетекшісі атанды. А.Н.Подушкиннің басшылығымен I–IV ғасырға тиесілі Күлтөбе қалашығында қазба жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде сенсациялық жәдігерлер табылып отыр. Ежелгі Иран тілінің диалектісіне жататын арамей жазбасы күйдірілген лай тақтайшаларының фрагменттерінен табылды. Тарихи мәні бар жазбаның мазмұнын ашуға Кембридж және Лондон университеттерінің профессоры, академик, әлемге әйгілі палеолингвист Николас Симс-Уильямс жәрдемші болды. Университеттің археологиялық жасағының жетекшісі Александр Николаевич Подушкин қорымның пішінін, жерлеу камераларының орналасуын, сүйекті қоюдағы дәстүрлік культті, сүйектердің түр-сипатындағы жас ерекшеліктерін ескере отырып, жәдігердің кемі 2 мың жыл бұрын пайда болған отбасылық қорым деген болжамын айтуда.
–Ежелгі жерлеу орнынан түр-пішіні әркелкі 8 құмыра табылды. Оның ішінде ауыз жағы ұзын сопақша келетін сұйықтық сақтауға арналған керамикалық құмыра – бірегей жәдігер. Қорымнан әйелдерге арналған ерекше әшекей бұйымдары да болды. Күміс жүзік, 400-ден астам түрлі-түсті шыны элементтері мен аң сүйектерінен, қола элементтерінен тізбектелген алқа, сүрме, қайрақ, жебе ұштары, теріден жасалған белбеу, асық, сүйектер сынды бұйымдар бұрынғы өткен дәуірлердің мәдени тынысынан тың ақпарат береді,–дейді ғалым А.Н.Подушкин.
Археологиялық қазба жұмыстарына тарих факультетінің 34 студенті тартылған. Олар далалық зерттеу жұмыстарында практикадан өтіп, білімдерін тәжірибемен шыңдауда. Жасақтағы студенттер далада құрылған арнайы лагерлерде тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз етіліп, тәжірибе жинақтауда. Олар сабақпен қатар, тарихи орындардағы қазба жұмыстарды көзбен көрген білімді арттыратындығын айтады. Далалық тәжірибе барысында ой түйген студенттер де өз пікірін білдірді.
–Ер азаматқа тиесілі сүйектің толық күлден төселген қабатқа қойылғанынан, ол дәуірдің тұрғындары от культін ұстанғанын аңғарамыз. Қазақ даласында «Күлтөбе» деп аталатын мекендер көп. Бұл маңайдың осылай аталуы күлдің көп табылғандығынан. Әйелге тиесілі сүйекте күміс жүзік пен алтын сырға болған. Ғалымдар білдірген пікір бойынша Қаңлы дәуіріне тиісті жерлеу орындарынан зергерлік бұйымдардың кездесуі некен-саяқ. Сол себепті табылған қорым үлкен тарихи және мәдени мәнге ие деп ойлаймын,–дейді ОҚМПУ-нің тарих факультетінің бірінші курс студенті Аружан Тұрлыбекова.
Ғалымдар жәдігерлік бұйымдарда қазақ халқының этногенезі сақталған деген пікірін де білдірді. Табылған құмыралардағы таңба белгілер қазақ руларының таңбаларымен ұқсас екеніне назар аударылды. Қазірге дейін қалашық орнынан арамей әліпбиімен жазылған ежелгі иран тілінде орындалған 33 жазба ескерткіштерінің фрагменттері шыққан. Оның ішінде 4 жазба күйдірілген лай тақтайшаларда тұтас фрагмент ретінде бүгінге дейін жеткен. Ең үлкен тақтайшадағы жазбалар 7 қатарда 140 таңба ретінде бедерленген. Қалған тақтайшалардағы жазбалардың таңбалар саны 56-дан 65-ке дейін жетеді. Туған жерімізде жазба мәдениетінен тарихи белгінің табылуы – бұл аймақтың ежелден өркениеттің бөлшегі болғанын айғақтап, өңірдегі мемлекеттік-қоғамдық құрылымның тарихы 2 мың жылдан асатынын дәлелдейді.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.