Кезекті кездесу Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті. Тренинг негізінде өткен жиында заңгерлер құқықтық кеңес берсе, психологтар, отбасында жылылықты сақтап қалуда кеңестерін ұсынды.
Әрбір басқосуда халық арасында өнегесімен танылған үлгілі отбасылар арнайы шақырылып, өмірлік тәжірибесімен бөліседі, дейді ұйымдастырушылар. «Ғаламат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дана Маманованың айтуынша, жоба шеңберінде 10 іс-шара ұйымдастыру жоспарланып, оған 300-ге жуық қатысушыны қамту көзделіп отыр.
–Мемлекет басшысы
Қ.Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы келеңсіз және өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті. Негізінен еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Сондықтан әкелер мен аналарды, жас отбасылардың басын қосып, оларға заңгерлік, психологиялық сабақтар өтіп жатырмыз. Онда отбасы татулығы, құқықтық сабақтар, бала асырап алу, әйел денсаулығы, жылы қарым-қатынас секілді ұғымдар түсіндіріледі, –деді Д.Маманова.
Жиынға 30-ға жуық жас ана, бойжеткен арулар қатысып қызықты мағлұматтар алды. Алдағы уақытта іс-шара жалғасын табады.