БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ Избранное

Пятница, 20 Октябрь 2023 04:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 419 раз

Шымкентте 155 бала оқыс оқиғадан құтқарылған

Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бекзат Қамбаров құтқарушылардың атқарған жұмысы туралы баяндап, жетістіктері мен халық үшін атқарған қызметі жайлы айтты.

738

 

Үшінші мегаполистегі ТЖ департаментіне қарасты 9 өрт сөндіру бекеті мен 5 аудандағы төтенше жағдайлар басқармасында 900-ге жуық қызметкер қызмет атқарып жатыр. Мекемелердің техникамен жабдықталуы 89 пайызды құрайды.
Б.Қамбаровтың айтуынша, осы жылдың 9 айында департаменттің 101, 112 шұғыл байланыс нөміріне 200 мыңнан астам қоңырау түскен. Түскен қоңыраулар бойынша құтқарушылар 2 547 орындағы өртті сөндіріп, 348 авариялық-құтқаруға, 6 іздестіруге және 234 рет халыққа түрлі бағыттағы құтқару көмегін көрсеткен екен. Осылайша 234 адам ТЖ қызметкерлерінің көмегімен құтқарылса, оның 155-і кәмелеттік жасқа толмаған балалар.
Осы жылдың басынан бүгінге дейін Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау қызметкерлерінің біліктілігін шыңдау үшін 2385 оқу-жаттығуы өткізілген. Құтқарушылар қандай қиындық болмасын азаматтарды оқыс оқиғалар мен өрттен құтқару ісін қалтықсыз атқарып отыр.
Кәсіби мереке мен 25 қазан – Республика күніне орай Шымкенттегі ТЖ-нің 20 қызметкерін марапаттау үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне ұсынған. Оның ішінде атақ беру, төс белгі және грамота бар. Сонымен қатар, екі қызметкерге Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды.

***
Сонымен қатар Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов оқыс оқиға кезінде екі баланы құтқарған өрт сөндірушілерді марапаттап, қала әкімінің Алғыс хатын табыстады. №5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Марат Әліпбаев пен Арман Махмұт қою түтінге оранған пәтердің ішіннен 4-5 жасар бүлдіршіндерді шұғыл түрде қауіпсіз жерге шығарып, өміріне араша түскен болатын.
Айта кетейік, 10 қазанда «101» диспетчерлік қызметіне Төлеметов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен өрт шыққаны туралы хабарлама келген.
Оқиға орнына тез арада жеке құрамнан 37 адам, 7 өрт сөндіру техникасы жіберілген. Өрт сөндірушілердің жедел іс-әрекетінің арқасында қайғылы жағдайға жол берілмеді.