Қызылшадан екпе ғана қорғайды

Пятница, 03 Ноябрь 2023 07:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 929 раз

kor-2

Қызылша – ауамен тез таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Бұл жұқпаның адам ағзасына келтіретін зардабы орасан. Сондықтан да мамандардан қызылша ауруының белгілері мен алдын алу шараларын сұрап білген едік. Шымкентте 2021-2022 жылдары, яғни пандемия кезінде қызылша ауруы тіркелмеген. Ал биыл күн сайын тұрғындар арасында қызылша диагнозы қойылған науқастар көбейіп, таралуы өршуде. Жыл басынан бері қалада 4795 жағдай тіркеліп, 2026 диагноз расталған.

– Жыл басынан бері 167 мектептен 721 оқушы және 337 балабақшадан 1943 бала қызылшамен ауырған. Бүгінгі таңда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 238 пациент (33 ересек, 205 бала) стационарлық ем алуда. Осы орайда Шымкент қаласының тұрғындары арасында қызылшаның таралуына жол бермеу мақсатында нақты шаралар қабылданды. Атап айтсақ, қалада қызылшаның одан әрі таралуын азайту және алдын алу бойынша қалалық штаб құрылды. Эпидемиологиялық ахуалды бақылап, қызылшаның таралуын қадағалау мақсатында күнделікті мониторинг жүргізіледі. Мамандармен тренингтер, түсіндіру және тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары үздіксіз атқарылуда, – деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева.

Эпидахуалға байланысты қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының төсек қоры 120-дан 240 төсекке дейін көбейтілген. Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді жолы вакцинация екенін атап өтті.

– Бүгінде қызылшаның асқынуынан құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит және орталық жүйке жүйесінің жұмысы зақымдалып, жүйкенің қабынуынан өзгерістер көп болады. Сондықтан мамандар әрбір адам суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп-қаралу керек. Уақтылы диагноз қойып, ем тағайындаған жағдайда ауру ошағын жойып, әрі қарай таралуына жол бермеуге болады – дейді Айгүл Тұрымбетова.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 83,8 пайызды құрайды. Ауырғандарды жасына қарай талдағанда: 1 жасқа дейін – 657, 1-4 жас – 2 493, 5-9 жас – 672, 14 жас – 200, 15-19 жас – 146 , 20-29 жас – 293, 30 жастан жоғары –334 жағдай тіркелген. Ауырғандардың ішінде егілмеген балалар 90,2 пайызды құраған. Оның ішінде 15,98 пайыз бала егу жасына жетпеген, медициналық шегерім 3,85 пайыз, діни көзқарасына қарай 32,0 пайыз, қалған балалардың егулері туралы мәліметі белгісіз. Сонымен қатар,12,9 пайыз бала қызылшаға қарсы 1 және 2 реттік егулерін алған. Жыл басынан бері 167 мектептен 721 оқушы және 337 балабақшадан 1943 бала ауырғаны анықталған. Жыл басынан бері науқаспен байланыста болған 79 488 адам тіркелген, оның ішінде екпеден 3886 адам екпеден бас тартқандар. Вакцинадан бас тартудың түрлі себептері бар. Шымкенттік жас ана Лаура Бейнеуова медициналық шегеріммен вакцинадан бас тартып келгенін айтады.

– Ковидтік пандемияға байланысты халық арасында иммунитет күрт төмендеді, жұқпалы аурулардың саны артты. Баламды сол уақытта босандым. БЦЖ вакцинасы теріс нәтиже бергендіктен барлық егулерден бас тарттық. Қазір дәрігерлік тексеруден өтіп, анализдер тапсырып жатырмыз. Дені сау болса, дәрігердің нұсқауымен вакцина аламыз, – деді Л.Бейнеуова.

Шымкент қаласының тұрғындары арасында қызылшаның таралуына жол бермеу, таралуын азайту және алдын алу бойынша қалалық штаб құрылған. Осы күнге дейін штабта 6 отырыс өткізілген. Эпидемиологиялық ахуалды, қызылшамен сырқаттанушылықтың одан әрі таралуына жол бермеуде күнделікті мониторинг жүргізіледі. Қызылшамен сырқаттанушылықты төмендету бойынша дәрігерлер күнделікті аулаларды аралау, қызылшаға күдікті пациенттерді белсенді анықтау, үйде қызылшамен ауыратын науқастарға активтер жүргізу бойынша жұмысты күшейткен. Қызылшаға күдікті пациенттерге қызмет көрсету бойынша да мобильді бригадалардың жұмысы қарқын алған.

Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе осы кеселге қарсы егілмеген адам қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болғанда жұқтыру мүмкіндігі өте жоғары. 1963 жылы қызылшаға қарсы вакцина егуге және вакцина егу кеңінен тарағанға дейін, қызылша ауруының ірі эпидемиясы 2-3 жылда қайталанып, жылына 2,6 миллионға дейін өлім жағдайлары тіркелген екен.

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.