Еңбек түбі – береке, көптің түбі – мереке

Пятница, 17 Ноябрь 2023 06:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1216 раз

Әл-Фараби ауданы Шымкент қаласының орталығында орналасқандықтан электр мен сапалы ауыз су мәселесі толығымен шешілген. Көгілдір отынмен қамтудың өзі 99,9 пайызды құрап отыр. Қазір Сәуле шағынауданындағы 276-орамда газ магистралінің құрылысы аяқталып, абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі Рашид Мыңбаев баспасөз брифингінде қарашаның соңында аталған аумаққа табиғи газ берілетінін айтты. Яғни, ауданның газбен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Ал, 276 орам тұрғындары бұл қыста от жағып әлекке түспей, көгілдір отынмен қарсы алмақ.

558

 

«Әл-Фараби» КММ бюджет қаржысын үнемдейді

Әл-Фараби ауданында 234 857 тұрғын бар. Р.Мыңбаевтың айтуынша, ауданда 926 көпқабатты үй, 623 аула, 16 633 жеке тұрғын үй, 6 саябақ, 16 гүлзар және 12 субұрқақ тіркелген. Осы жылдың сәуірінен бастап жанға жайлы саябақтар мен гүлзарларды, субұрқақтарды, бүлінген аяқжолдардың күтіміне жаңа құрылған «Әл-Фараби» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі жауапты. Әкімдік жанынан ашылған мекеме 39 түрлі қызметті жүзеге асырады екен.

560


— Мекеме қызметіне аудандағы балалардың ойын және спорт алаңшаларын күтіп-ұстау, мердігердің кепілдік мерзімі аяқталған алаңшалардағы сынған-бүлінген жерін түзеп, жөндеу кіреді. Зират аумағын шашылған қоқыстан тазартады. Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын, ішкі орамдық көшелердің санитарлық тазалығын, көпқабатты үйлердің қысқы маусымға дайындық кезінде сығымдау жұмысын ұйымдастырады. Жалпы, аудан әкімдігі теңгеріміндегі барлық мүліктің бүлінбеуіне жауапты, - дейді аудан әкімі.
Бүгінге дейін мекеме қызметкерлері 93 үйдің ауласындағы орындық тақтайшаларын ауыстырып, істен шыққан ойын элементтерін, спорт алаңшаларының қоршауын дәнекерлеп, қайта қалпына келтіріпті. Жарамсыз боп қалған қоқыс жәшіктерін түзету де «Әл-Фараби» мекемесінің негізігі міндетіне кіреді. Тіпті, мекеменің қызметкерлері бүлінген 12 жаяу жүргінші жолындағы тастарды қайта теріп, жаңалап шыққан.
– Мекеменің құрылуы қала шаруашылығында бірқатар өзгерістер алып келді. Мәселен, бұрын ауладағы сынған ойын элементтерін жөндеуге, жаяу жүргіншілерінің жолын қайта қалпына келтіруге, субұрқақтарды күтіп, ұстау қызметтері үшін қыруар қаржы бөлініп, міндетті түрде мемлекеттік сатып алу арқылы мердігер жүзеге асыратын. Оған қоса, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз анықталғанша уақыттан жеңілетін едік. Мердігерлер арасында сот процесі болса, тіптен жұмыс тоқтап, тиісті шаруашылық жұмыстар істелінбей қалатын жағдайлар да орын алды. Ал, бүгінде «Әл-Фараби» КММ ақау мен олқылықты дер кезінде жойып, қаржының үнемделуіне алып келді. Мұндай үнемшілдіктің нәтижесі тұрғындарға көбірек қолайлы орта қалыптастыруға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды, – деді Р.Мыңбаев.

29 көшеге асфальт төселіп, 8 көше жарықтанды

Әл-Фараби ауданында 260 шақырымды құрайтын 390 көше бар. Осы көшелердің 90,4 пайызына, яғни 235 шақырымына асфальт төселсе, 25 шақырымы – тас жол. Жыл басынан бері ұзындығы 20,9 шақырымды құрайтын аудан орталығындағы 12 көшеге асфальт жабындысы төселіп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Олар – Жансүгіров, Анаров, Қабанбай батыр, Желтоқсан, Дулати, Қазыбек би көшелері мен Д.Қонаев даңғылы, Орынбаев, Пазиков, Ж.Тыныбаев, Адырбеков және Уәлиханов көшелері. Мұндай ағымдағы жөндеу ішкі орамдық көшелерде де жүзеге асқан. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 6,8 шақырым 29 көшеге асфальт төсеу жоспарланып, қазіргі сәтте 26 көшеде жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Мамандардың айтуынша, қалған 3 көшедегі құрылыс жұмыстары сот процесі жүргізіліп жатқандықтан уақытша тоқтап тұр.
Жолдардың тақтайдай тегіс болғаны қала көркіне көрік қосып қана қоймай, жолушылардың қауіпсіздігіне де кепіл. Қауіпсіздік дегенде көшенің жарықтандыру мәселесіне де тоқталып өткен жөн. Әл-Фараби ауданында қазір 390 көшенің 110-ы жарықтандырылған. Биыл қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан 14 көшені жарықтандыру жоспары бекітіліп, қазіргі таңда 8 көшеде жұмыстар толық аяқталды, ал 6 көшеде кешкі шам орнату жұмыстары жалғасып жатыр.

Тұрғындардың ұсынысы орындалды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасы тұрғындардың ұсынысы негізінде сәтті жүзеге асырылып жатыр. Әл-Фараби ауданының тұрғындарының ұсынысымен соңғы үш жылда 42 ашық спорт алаңы салыныпты. Бүгінде аудандағы 926 көпқабатты үй 623 аулаға біріктірілген. Биыл мемлекеттік жобаның аясында, тұрғындардың ұсынуымен 39 көпқабатты үйдің ауласын абаттандырып, балалар ойын алаңшасын салу үшін бюджеттен қаржы қаралыпты.
–Қазіргі таңда, мердігер мекемелер 24 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларында абаттандырып, балалар ойын алаңшасын орнатты. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен 15 аулада абаттандыру жұмыстары тоқтатылған. Сондықтан бұл аулаларды абаттандыру жұмысы келесі жылдың жоспарына енгізіліп отыр. Алдағы 2024 жылы тұрғындардан түскен ұсыныс бойынша 66 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасын салуды көздеп отырмыз, - деді Рашид Мамытұлы.

559


Ауданның аумағында жалпы саны 108 ашық спорт алаңшасы бар екен. Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде 276 орамда және Жангелдин көшесі №14 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында 2 ашық спорт алаңшасы орнатылыпты. Ал, 2024 жылы осы жоба аясында тағы 4 спорт алаңшасы құрылады екен.

Суағарлар салынып жатыр

Жауын-шашын маусымында қала көшелеріне көлшік су жиналып, тұрғындарға қолайсыздық туындататыны бар. Әл-Фараби ауданында су басу қауіпі бар 42 орын анықталған екен. Өткен 2022 жылы 28 орынға ирригациялық арық салынған болса, биыл 5 көшеде суағардың құрылыс жұмысы жүргізіліпті. Олар – Сапақ датқа көшесі №23 үйдің аумағы, Тоқаев №18, Есенберлин №13, Қазыбек би №13,13В үйлердің аумағына, Тәуке хан даңғылы №29,31,33 көп қабатты тұрғын үйлер аумағына, Тыныбаев көшесі бойына және Түркістан көшесі №20 көп қабатты тұрғын үйдің маңы. Келер жылы 15 орынға дәл осындай арық салу жұмыстары жүзеге асырылады.

Қоқыс жәшіктері жаңарды

Әл-Фараби ауданында тұрмыстық қалдықтарға арналған 214 орында 1037 қоқыс контейнері қойылған. Бүгінде аудандағы тұрмыстық қалдықтар мен ішкі орам көшелеріндегі қоқыстарды тасымалдаумен 2 мердігер айналысады. Биыл 120 қоқыс алаңшасы жаңартылып, заман талабына сай реттелген. Мұндай жаңару ауданның орталық көшелерінде де жалғасын тапты. Р.Мыңбаевтың айтуынша, 200 мрамордан жасалған қоқыс жәшігі қойылған. Ал, аудандағы көпқабатты үйлердің санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізу көлеміне қарай 7 секторға бөлінген. Әр секторға аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітіліпті.
–Ішкі орамдағы көшелердің тазалық жұмыстарымен «Бәйтерек-Л.Б.» ЖШС және «Жасыл Ел» ЖШС айналысады. Қазіргі аудан аумағындағы ішкі орам аумақтарда «Бәйтерек Л.Б.» тарапынан – 3 техника, 20 адам; «Жасыл Ел» ЖШС тарапынан –13 техника, 125 адам жұмылдырылған. Жалпы, ауданның тазалығы үшін 145 жұмысшы мен 27 техника күнделікті тазалық жұмыстарын қалтықсыз орындап жатыр. Сонымен қатар, аудан аумағындағы қураған ағаштарды кесу, әктеу, шөп ору жұмыстарымен жалпы 13 техника, 50 жұмысшы айналысады, - деді Әл-Фараби ауданының әкімі.

Тұрғындар игілігіне 3 гүлзар

Шымкент қаласының өзге өңірлерден ерекшелігі – жұпар иісі таралған, гүлге көмкерілген гүлзардардың көптігі. Солтүстік өңірлерде алты ай қыс мезгілі болса, Шымкентте керісінше, алты ай бойы жылы ауа-райы. Сондықтан да мұндай жайлы климат қаламызды гүлге толтыру үшін тапырмас мүмкіндік. Әл-Фараби ауданында демалыс орындарын ұлғайту және жайлы орта қалыптастыру мақсатында 2024 жылы Кең-баба саябағының жанына, Есіл көшесіне, А.Байтұрсынов пен Түркістан көшесінің қиылысына, яғни 3 жерге жаңа гүлзар салу жоспарланып отыр.

Қысқа сақадай сай

Әл-Фараби ауданының әкімі Р.Мыңбаевтың айтуынша, ауданда 926 көпқабатты үйдің 857-сі орталықтандырылған жүйеден жылу алады. Қазіргі таңда, барлық тұрғын үй орталық жүйеге қосылып, толық жылу берілген екен.
–Ауданда алдағы қыс мезгіліне дайындық жұмыстары пысықталды. Қазір орталық көшелерге 30 техника, 6000 текше метр құм, 1300 тонна тұз, ішкі орам көшелеріне 16 техника, 1351 текше метр құм, 1000 тонна тұз дайындалған, - деді аудан әкімі.