Ғылым саласында 10 мыңға жуық әйел жүр Избранное

Среда, 14 Февраль 2024 04:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 267 раз

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Халықаралық ғылымдағы қыздар мен әйелдер күніне» орай “Гендерлік теңдік – ел өркендеуінің кепілі” атты форум өтті. Жиында партияның қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов үшінші шаһардағы ғалым, профессор қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, Алғыс хат табыстады.

gilim

 

БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылы әйелдер мен қыздардың ғылымға толық және тең қол жеткізуін, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуді, сонымен қатар ғалым әйелдерге демеу көрсетуді, ғылым мен техника салаларындағы ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуын қолдау мақсатында 11 ақпанды Ғылымдағы қыздар мен әйелдер күні етіп бекіткен. Содан беріде бұл күн жыл сайын атап өтіледі. Форум спикері, “AMANAT” партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева еліміздің барлық өңірінде Әйелдер қанаты құрылып, белсенді жұмыстарды бастап кеткенін атап өтті.
– Бүгінде әлемде ғалымдардың 30 пайызы – нәзік жандылар. Ал, біздің елімізде ғылым саласы қызметкерлерінің 54 пайызын ару қыздарымыз еншілейді. Бұл – Қазақстанда қыздардың білім алуына, ғылым саласын таңдауда бөгет жоқтығының бір көрінісі. Сондай-ақ, бұл – елімізде әйелдер және отбасы ісі, білім және ғылым салаларына қатысты оң көзқарас пен дұрыс жолға қойылған жұмыстың дәлелі. Десе де, осы аталған салаларда жүрген қайраткер әпке-сіңлілеріміз бен ару аналарымыздың күнделікті жұмыс барысында бетпе-бет келетін мәселелер бар, бүгін соны шешу жолдарын ортаға салу мақсатында жиналып отырмыз, – деді Жанар Әлібекқызы.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөндегі ұлттық комиссиясының мүшесі Баян Жандосованың айтуынша, елімізде ғылым саласында 10 мыңға жуық әйел бар. Оның 714-і - ғылым докторы, 2427-і – ғылым кандидаты, 992-сі – PhD докторы, 28-і – бейіндік доктор.
Форумда баяндамашылар қазақ әйелдерінің отбасы және бала тәрбиесімен қатар, ғылымға да үлес қосып жүрген ерік-жігері мықты екендіктерін, ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарды, патриотизмді күнделікті өмірмен ұштастырып жүргендіктерін тілге тиек етті.
– Балаға ас ішкізіп-жегізетін, ұйықтататын да – аналар. Сауатты болуды үйрететін де – аналар. Үйдегі дастарқан басында мен қазақ тілінде сөйлесем, сіз қазақ тілінде сөйлесеңіз, олар қазақ тілінде сөйлесе, ел де қазақ тілінде сөйлейді. Туған тілімізде сөйлейік, туған тілімізде ойланайық, туған елімізге қызмет етейік! – деді белгілі айтыс ақыны, Шымкент қалалық әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова.
Айта кетейік, форумға Астана, Алматы қалалары мен өңірлерден эксперттер, партия белсенділері, жастар, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері келіп қатысты. Сонымен қатар, ZOOM, YOUTUBE арналары бойынша көрермендер форумды тамашалады.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.