АЛҒАШ РЕТ СҮЙЕК КЕМІГІ ТРАНСПЛАНТАЦИЯЛАНАДЫ Избранное

Среда, 14 Февраль 2024 04:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 530 раз

Шымкентте тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасы жыл санап жақсарып келеді. Халық саулығын арттыруда қалада ауқымды жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы үшінші мегаполисте тұңғыш рет жүрек алмастыру, эпилепсияға шалдыққан балаларға нейростимулятор қою оталары жасалып, сәтті аяқталды. Ақпараттық-коммуникация орталығында өткен брифингте қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков медицина саласындағы осындай маңызды жаңалықтармен бөлісті.

akiMM-4

 

Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылы балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасында 180 төсектік жаңа корпус ашылды. Төсек орын саны 315-тен 495-ке дейін ұлғайтылған. Жаңадан ашылған төсек орындар пульмонология, неврология, кардиоревматология, педиатрия және балалар стоматология бөлімшелерінде ашылған.
Сондай-ақ, 2023 жылғы сәуір айында Шымкент қаласында алғаш рет қалалық балалар клиникалық ауруханасында эпилепсия ауруына шалдыққан балаларға нейростимулятор отасы жасалса, 2024 жылы 15 балаға ота жасау жоспарға қойылды.
Өткен жылы қалалық Онкологиялық орталығы реконструкциядан өтіп, «Онкологиялық орталығы бар көп бейінді аурухана» болып атауы өзгерді. Ал, №1, 3, 6, 7 қалалық емханаларда Үздік практика орталықтары, №1 Қалалық клиникалық ауруханада қан-тамыр және интервенттік рентгенхирургия бөлімшесі, стоматология кабинеті ашылса, қала бойынша науқастарға сапалы эндокринологиялық көмектің көлемін ұлғайту мақсатында Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығындағы эндокринологиялық бөлімшесіне 40 төсек орын қосылған.
– Алғаш рет жүрек алмастыру отасы 61 жастағы қала тұрғынына жасалынып, оған 46 жастағы ер азаматтың жүрегі салынды. «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының» АҚ Басқарма төрағасы Юрий Пяның жетекшілігімен және Шымкент жүрек орталығы дәрігерлерінің қатысуымен өткен ота сәтті аяқталды, – деп атап өтті Нұрлыбек Әбибуллаұлы.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, өткен жылы 48 дәрігер мен 2978 медицина қызметкері Израиль, Түркия елдерінде және Қазақстан аумағында біліктілігін жетілдірген.
Ана мен бала өлімінің алдын алу мақсатында медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 942 357, 9 мың теңгеге 151 түрлі жабдық, 3,5 млрд. теңгеге ауыр медициналық жабдықтар алынып, 16 медицина ұйымның дәріханасы GPP стандартына сәйкес сертификатталды.
Биыл қалалық балалар кардиохирургиясы орталығы мен N3 қалалық ауруханасынан урология бөлімшесі ашылмақ. Қазір қалада үш инсульт орталығы жұмыс істеп тұр, биыл төртіншісін ашу жоспарда бар. Биыл жедел жәрдем станциясына 25, 4-ші санатта жедел медициналық көмек көрсететін емханаларға 14 автокөлік алынбақ.
Қалалық онкологиялық орталық базасында «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» мамандарымен бірлесіп тұңғыш рет сүйек кемігін трасплантациялау отасын жасауға келісім жасалды. Мұның бәрі – «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының нәтижесі.

Өзипа АЛТАЕВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.