Іс-шараға ассамблея жанындағы 17 этномәдени бірлестік төрағалары, Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Кәсіпкерлер ұйымы мүшелері, журналистер мен блогерлер клубы, "Ассамблея жастары" ұйымы, Медиация кеңесі мүшелері қатысты.
Берекелі дастарқанда құран оқылып, бата берілгеннен кейін Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады.
– Наурыз мерекесімен қатарлас келген қасиетті Рамазан айының оразасы қабыл болсын! Халықтар ынтымағын жарастырып отырған Ассамблеяға алғысымды айтамын. Елімізде түрлі ұлт өкілдерінің татулық діңгегі ажыраған емес. Бұл ретте, саяси маңызы зор құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясы да үлкен рөл атқарады, – деді
Бақтияр Әлтайұлы.
Наурыз мерекесі – Шығыстың көптеген халықтары жоғары құрметтейтін халықаралық мереке.
Халық он екі айдың сұлтаны Рамазанды – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай деп біледі.
Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ