Ауылдың аты атама, Көшенің аты көкеме... Избранное

Среда, 28 Август 2024 04:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 369 раз

Әл-Фараби атындағы кітапханада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен ономастика комиссиясының отырысы өтті. Көше атауларына байланысты әлі күнге дейін шешілмей жүрген мәселелер бар. Сол айтылды.

zhana-koshe

 

Ел ауызында айтылып жүрген кеп қой. Көпшілік ортада «қазақ жаман» деп кемшіліктерін қазбаласаң көбі ыржиып келіскен сыңай танытып тұра береді. Ал, «руың жаман» деп көрші, кебісін қисық басып киіп жүргендердің өзі аузынан ақ көбігі ағып қолыңда өледі.
Бұл кездеспей жүрген мәселе емес. Қала әкімі орынбасарының Шымкентке кейін қосылған бір ауыл туралы күйіне айтқанынан осыны тағы да ұқтық.
Ауыл. Аты жоқ алты көшесі бар. Ономастика комиссиясы ұсынған атаулардан ауыл ақсақалдары үзілді кесілді бас тартып отыр дейді. «Өзіміздің ата-бабамыздың есімін қоямыз, соны бекітіп беріңдер. Әйтпесе, ешқандай көшеге сырттан ат қойғызбаймыз».
Ал, бұл не болады?!
Қабанбай батыр сияқты ел шетіне тиген жауды қашырса бір жөн...
Қазақтың мүддесі үшін қылышынан қан тамған Кеңес империясы көсемдерінің алдында алдаспандай жарқылдап, қазақ шекарасын толайыммен бекітіп, шегендеп алған алаш ардақтылары болса бар жөн...
Сәрсен Абайұлы көше сұрағыштардың тағы бір жөнсіздігін алға тартты.
Дүниеден өткен бір мұғалімнің аты ұсынылыпты. Физик. Ғылыми атағы жоқ. Атағы жаһан түгілі ауылға шыққан шәкірті жоқ. Бір дөкейдің туысы яки сол жердегі рудың бетке ұстары болған. Берілсін. Бірақ, арты қалай болады?!

Бұл мыңдаған мықты мұғалімдердің құқығын таптау емес пе? Мұндай немқұрайдылық қойын құрттап, шалабын шайқап ішіп отырған, дүниеден өткен қарапайым азаматтардың дүмді туысқандарының көше аттарын бөлісіп алуына жол ашпай ма, қалай ойлайсыз?!
Басында табандап тұрып тиып тастамасаң жаман індет жұққыш келеді.
Жалпы атауы қайталанатын 59 көшеге көпшілік тыңдау өткізіліп, комиссия қарауына ұсынылған екен. Айтайық, Абай ауданы - 9 көше, Әл-Фараби ауданы - 6 көше, Еңбекші ауданы - 27 көше, Қаратау ауданы - 8 көше, Тұран ауданы - 9 көше.
Мәселен, Абай ауданында Қажымұқан көшесі, Мұқағали Мақатаев көшесі, Бауыржан Момышұлы көшесі қосамжарланып жүр. Жарайды, қазақтың атақты азаматтары, көпшіліктің ықыласы шығар. Бірақ, көше айпалсаң алдынан шыға беретін Темірлан тас жолы, Алмаз көшесі, Жайық көшесі, Қарасу көшесі, Ақбастау көшесі, Төрткүл көшесі... Басқа аудандарда да осылай жалғасып кете береді.
Еңбекші ауданында қайталанатын Қажымұқан, Абай, Жамбылдан бөлек Тектұрмас деген көше сегіз рет қайталанады екен. Мұсілім төбе көшесі 12 рет алдыңыздан шыға береді. Көшеге қоятын атау жоқ па әлде... бұл не деген дархандық. Міртемір көшесі де осы екеуінен еш қалыспайды. Тұран ауданында Санжар Жандосов көшесі 4 рет алдыңыздан шығады.
Мұнда тұрған не бар дерсіз? Көп мәселе бар-ау. Жедел бір жерге жету керек. Такси шақырасыз. Мүсілім төбе көшесі деп. Ал, оның саны-12. Таксист навигаторын қосып, із салып жүргенде мінетін ұшағыңыз келесі мекенге жетіп қояды ғой.
Мейлі, ұшақтың бір жөні болар, келесі жолы мінерсіз.
Ал, тап осы көшеден жаны жаналқымға келіп, қатты қысылған науқас жеделжәрдемді шақырса не болады?!
Әрине, Құдай басқа салмасын. Енді осы олқылық кештеу болса да түзеліп жатыр. Міртемірге, Мүсілім төбеге жабысып қалған ағайынға түсіндіріліп жатыр. Атауы сан мәрте қайталанатын көшелерге белгілі азаматтардан бөлек, «Жер-су атаулары» тізіміне алынған, «Дәстүрлі атаулар» ұсынылып жатыр. Бәрі аяғынан тең басып тұрмаса да көңілге қонымдылары көп.
Мәселен, Арқайым, Бозоқ қала атаулары. Арқайым-біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтағы қала.
Тарих және мәдени ескерткіштер тізіміне енген Бозоқ та ортағасырлық қалашық.
Қазақтың қалың тарихының жәдігерлері. Бір жақсысы, біз осындай атауларды қоя алдық. Сәрсен Абайұлы Ақордада осы ономастика мәселесіне байланысты өткен республикалық жиында Солтүстік облыстардағы әріптестерінің Оңтүстіктің еркіндігіне қызыққандығын айтып қалды.
Шымкенттегі жиында комиссия мүшелерінің бірі «Біз Павлодардан шыққан атақты азаматтардың атына көше атауларын береміз. Ал, олар біздің тұлғаларымызды есепке алмайды» деген.
Сәрсен Абайұлы бұл үшін Солтүстіктегі бауырларымызды еш жазғырмау керектігін айтты. Қызылжар, Кереку атауларын күн тәртібіне шығара алмай отырған өңірде ұлтшыл, қазаққа болсын дейтін азаматтар көп. Бірақ, шовинистік пиғылдағы адамдар, кешегі кеңестік кезеңдегі үлкен ұлттың дәмін татып қалғандар әр қазақ атауы үшін өлуге бар.
«Оңтүстік-ұлттың ұстыны. Қазаққа қай жерде де арқа тірейтін асқартауы болып келді. Шымкентте бәрі жақсы болса, сол жылымық солтүстіктегі ағайынды жылытады» деді қала әкімінің орынбасары. Негізі, бүгінгі күннің дөп сөзі.
«Төртеу түгел болса төбедегі келеді». Қазаққа ынтымақ кешегісінен де бүгінге қатты керек. «Атамның аты ауылға» ұшпаққа шығармайтынын ұғатындай болдық қой.