×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Жол-көлiк қызметi жанданады

Пятница, 29 Июль 2016 10:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3432 раз

Жолаушылар тасымалы мәселелері қала әкімдігінде өткен қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісінде талқыланды. Кеңес отырысында баяндама жасаған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаевтың айтуынша, биыл 97 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 41 көшеде аяқжол салынуда. Бұдан бөлек, шағынаудан көшелеріне шағал тас төсеу жұмыстары жалғасуда.

qoghamdyq– Биыл өткен жылдан өтпелі құрылыс нысандары пайдалануға беріледі, – деп атап өтті Ж. Байдуллаев. – Олардың қатарында Қапал батыр көшесіндегі темір жол үстіндегі өткел, Темірлан тас жолы – Мангельдин көшелері қиылысындағы жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі және 3 шағынауданның 13 көшесіндегі қайта құру жұмыстары бар.
Айта кетейік, бүгінде қала аумағында 28 транспорттық компаниясы жолаушыларға 76 бағыт, 1198 кесте бойынша қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда, «Шымкент Bus» жаңа транспорт компаниясы құрылуда. Бұған дейін Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасында қала аумағында жолаушылар көлігінің қызметін үйлестіретін муниципальды автопарк ашу мәселесі көтерілген еді. Енді осы жұмысты қала әкімдігі мен «Green Bus» бірлесе қолға алып отыр. Жаңа компания акциясының 49 пайызы қала әкімдігінің, 51 пайыз үлесі «Green Bus» мекемесіне тиесілі болмақ.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі Исамуддин Рысбай қоғамдық көліктердің қызметін жүйелеу бағытында арнайы бағдарламаның қажет екендігін жеткізді.

– Қоғамдық көліктердің қызметін бір жүйеге келтіреміз десек, ең алдымен, жолаушыларды тасымалдау бағдарламасы дайындалуы тиіс. Бағдарлама аясында автобустар арасындағы қалыпты интарвалды сақтау, аялдамаларда қоғамдық көліктердің келу уақытын көрсететін тақтайшалар орнату сынды өзекті мәселелер қарастырылуы керек, – дейді Исамуддин Нәштайұлы.
Исамуддин Рысбайдың айтуынша, әлемдік тәжірибеде қоғамдық көліктердің бірі екіншісінің жолын 30 пайыздық көрсеткіштен артық қайталамайды. Бұл қағида – алдағы уақытта ескерілуі тиіс. Сондай-ақ, тәжірибелі жүргізушілерді дайындау мәселесі де түйткілді дүниенің бірі болуда. Яғни, қоғамдық көліктерді басқаруға ниетті жастарды техникалық мамандықта дайындайтын арнайы оқу орындарында 5-6 ай бойына дайындықтан өткізген дұрыс. Сонымен қатар, соңғы аялдамаларда қоғамдық көлік жүргізушілері үшін дәретхана және қол жуатын орындардың қажеттігі де көптен бері айтылып жүр.
Сондай-ақ, кеңес отырысында қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Әсет Әбдіраханов баяндама жасады. Күн тәртібінде талқыланған мәселелер бойынша сала мамандарына нақты міндеттер жүктелді.

Другие материалы в этой категории: « Манхэттендегi киiз үй Ажары кiрген аялдамалар »