Облыстық кәсіподақ орталығының белсенділері Шымкентті көгалдандыруға үлес қосты. Өткен сенбіде ғимарат алдында көшеттер отырғызылып, гүлдер егілді.
– Ағаш көшеттерін біз өз қаржымызға отырғыздық, – деп бөлісті орталық төрағасы Ғани Қарабеков.
– Жасыл акцияларды кез келген ұжым өткізе алады. Ол үшін көп қаражаттың қажеті жоқ. Ең бастысы, туған қалаңды, аулаңды әдемі әрі жайлы етуге ынта болу керек.
Патриотизм, міне, осыдан басталады. Мұндай игі бастама біркүндік акция түрінде шектеліп қалған жоқ. Кәсіподақ ұжымы эстафетаны облыстық кәсіпкерлер палатасына ұсынды. Ендігі кезек кәсіпкерлерде. Олар қазір көгалдандыру, оның ішінде «Шатқал» бағдарламасы шеңберінде жұмысқа белсене кірісіп кетті. Валентина Ващенко осындай шараларға белсенді араласады. Қалалық білім саласы қызметкерлері кәсіподағының төрайымын қала тұрғындарының көшет отырғызу акцияларына ынтамен қатысатыны қуантады.
– Шымкент үшін жасыл желектің маңызы ерекше, – дейді ол. – Ыстықтан қорғап қана қоймайды, екінші жағынан ауаны тазартады. Бір кездері Шымкент Қазақстандағы ең жасыл қала болатын. Сол бір шаққа қайта орала бастағандаймыз. Халық даналығында әрбір адам өмірінде ағаш егу керек деген тәмсіл бар.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіподағының құрамында бүгінде 205 мың шамасында адам бар.