Шымкенттің шырайы

Вторник, 29 Август 2017 11:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5464 раз

dendro-3

Шымкентке келіп көрмей кетпейтін бір жер болса, ол – Дендросаябақ. Елімізде мұндай саябақ тек екі қалада ғана бар. Алматы мен Шымкентте.  1979 жылы қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың басшылығымен құрылған бұл мекен қазіргі таңда қала тұрғындарының таза ауамен тыныстап, аптап ыстықта саялайтын демалыс орнына айналған.

dendro-6

Дендросаябақ – грек тілінен «δένδρον» немесе латыншадан «arbor» ағаш, ашық аспан астындағы ағаштар шоғыры деген мағынаны білдіреді. 117 гектарды алып жатқан Шымкенттегі Дендропаркте де 560 түрлі ағаш бар. Олардың ішінде сирек кездесетін «Қызғалдақ», «Аюбадам» секілді ағаштар мен «Виргин», «Батыс боз аршалары» бар. Бұлар тарихи шыққан отанына қарай Қазақстан, Орта Азия, Еуропа, Қырым, Кавказ, Қиыр Шығыс, Шығыс Азия, Солтүстік Америка сияқты флоралық зонаға бөлінеді. Сонымен қатар, көлінде аққу, қаз, үйректері, бақшасында павлин, қырғауыл өмір сүреді. 

dendro-1

– Биылдан бастап саябақта жаңартылу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтсақ, кіреберіс қақпасы травертиннен жасалады. Бақшаларды баптауға 8 құрылғы алдық. Аяқжолдардағы қырлы тастар (брусчаткалар), көлдің айналасындағы плиталар өзгертіледі. Субұрқақ жаңартылады. «Самал» шағынауданы және Президент резиденциясы жағынан кіретін жаңа қақпа қойылады. Автотұрақты үлкейтеміз, – дейді Дендросаябақты қорғау бөлімінің басшысы Қанат Көшербай.

dendro-5

Дендросаябақ таңғы 9:00-ден, кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Кіру құны – 23 теңге. Ал таңертең жаттығамын деушілер 4:00-ден бастап тегін кіруіне болады.

 

«Ағаш тамырымен мықты, адам дос-жаранымен мықты» дегендей, Дендросаябақта Түркия Президенттері Сүлеймен Демирел, Тұрғыт Озал, Сингапурдың Премьер-Министрі Ли Куан Ю, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Финляндия Президенті Мауно Койвисто және Дінмұхамед Қонаев, Шерхан Мұртаза, Ыбырай Жақаев секілді еңбек ерлері мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырғызған ағаштар бар. Сонымен қатар, саябақта «Ардагерлер», «Жас жұбайлар», «Құрметті қонақтар» деген аллеялар орналасқан.

dendro-4

– Дендросаябаққа келіп жүргеніме 5 жылдай болды. Көбіне балаларымды алып келемін. Басқа саябақтардан қарағанда таза ауасы мен көлі керемет. Ағаштары да ерекше. Сәйкесінше көлеңкесі де қою, – дейді қала тұрғыны Ақерке Мұңсызбаева.

2009 жылғы 24 наурыздан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің №83 қаулысына сәйкес Дендросаябақ ОҚО әкімдігінің «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды. Дендросаябақ жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын нысан болып табылады.

dendro-8

Суретті түсірген
Береке СЕЙІТЖАППАР

Последнее изменение Четверг, 31 Август 2017 05:41
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.