SHYMKENT – БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН ШАҺАР Избранное

Среда, 20 Февраль 2019 04:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3644 раз

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2018 жылы атқарылған жұмыстар бойынша ел алдында есеп берді

Елбасы Жарлығымен былтырғы маусым айында миллионды шаһарға айналып, республикалық дербес қала мәртебесін алған Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар. Бүгінде көне шаһардың ажары айшықталып, экономикалық әлеуеті нығайып, келбеті күн санап көріктеніп келеді.

DSC 3388

Елбасының тапсырмасына сәйкес, бүгінде еліміздің барша өңірлеріндегі әкімдер жұртшылық алдында есеп беру кездесулерін өткізіп жатыр. Сол дәстүр бойынша Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өткен аптада қала тұрғындарымен кездесіп, 2018 жылдың қорытындысы бойынша ел алдында есеп берді.

Жиынға ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Ерғали Егемберді, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары, басқармалардың басшылары, мемлекеттік қызметкерлер мен зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты.

Үшінші мегаполиске 580 млрд теңге инвестиция тартылды

Жыл бойы атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалатын жиында Шымкент қаласының әкімі
Ғабидолла Әбдірахымов өткен жыл қала үшін табысты болғанын айтып, қысқаша баяндама жасады.

Ерекшелігі сол, әкім баяндамадан кейін жарыссөздерден бас тартып, бірден сұрақ-жауапқа көшіп, 2 сағатқа жуық уақытты тұрғындардың сұрақтарына жауап беруге арнады.

DSC 3466

Әкімнің мәліметінше, үшінші мегаполисте былтыр бірқатар ірі нысандар қайта жаңғыртудан өтті. Оның ішінде қала экономикасы үшін маңызды 2 ірі жоба бар.

Тарқатып айтар болсақ, біріншісі, Шымкент мұнай өңдеу зауыты жаңғыртудан өтіп, оған 580 млрд теңге инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде жоғары октанды жанармай өндірісі жылына 881,7 мыңнан 2 271 мың тоннаға дейін, дизельді отын өндіру 1 209,4 мыңнан 1 916 мың тоннаға дейін, авиациялық отын көлемі 279,7 мыңнан 400 мың тоннаға дейін артады.

Екінші, қалада «Shymkent Temir» болат өндіру зауыты іске қосылды. Жобаның құны – 5,9 млрд теңге. Кәсіпорында 440 жаңа жұмыс орны ашылды.

– Шымкент қаласында 2018 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бюджетке түскен кіріс 2017 жылмен салыстырғанда 27 пайызға немесе 15,3 млрд теңгеге артып, 72,2 млрд теңгені құрады. 2019 жылы бюджеттің кіріс көлемін 11,6%-ға жоғарылатып, 92,4 млрд теңге болады деп жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

30-ға жуық кәсіпорын ашылады

Шымкенттегі ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 2018 жылдың қорытындысы бойынша 25,3 млрд теңгеге жетіп, өсім 100,3 пайызды құраған.

– «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 100-ден астам кәсіпкерге 1,4 млрд теңге субсидия бөлінді. 115 гектар жерге қарқынды бау отырғызылды, 9 гектар жерге жылыжайлар салынып, олардың жалпы көлемі 168 гектарға жетті. Алынған өнім көлемі 15 мың тоннаны құрады. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында 47 мал бордақылау алаңы, 36 жанұялық сүт фермалары ашылды, – деді қала әкімі.

52828011 1869969919792435 8846404578350989312 o

Шаһар басшысының айтуынша, «Сыбаға» бағдарламасымен 123 бас ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасымен 518 бас уақ мал, «Құлан» бағдарламасымен 110 бас жылқы алынған.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін 136 гектар жер бөлініп, Агро-Индустриялық аймақ құру басталды. Осы аймақта ауыл шарушылығы өнімін өңдейтін 30-ға жуық кәсіпорын және заманауи көтерме сауда орталығы ашылады деп күтілуде.

Шымкентте көпбалалы аналарды қолдаудың жаңа тетіктері қарастырылды

Мегаполисте көпбалалы аналарға қызмет көрсететін орталық ашылып, олар мұнда мемлекеттік қызмет түрлерін ала алады.
Қуаныштысы сол, 2019 жылдың 1 наурызынан бастап Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері және Батыр аналар мен І және ІІ дәрежедегі орденмен марапатталған аналар қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Бұл үшін Шымкент қаласының әкімдігі тасымалдаушы компанияларға субсидия бөлді. Ал табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 25 мыңнан 100 000 теңгеге дейін ұлғайып, тамыздан бастап беріледі. Сонымен қатар кәсіпкерлермен бірге «Сен жалғыз емессің» жобасы жүзеге асырылмақ. Оның аясында тағдыр тауқыметін тартып жатқан отбасыларға баспана салынады.

Бұған қоса Шымкенттегі 1000 отбасыға газ және өрт қауіпсіздігінің алдын алуда дабыл беретін арнайы құрылғылар орнату жұмыстары басталды. Аталған құрылған аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға демеушілер есебінен тегін орнатылмақ.

– Əкем 10 ағайынды, анам 7 ағайынды, мен де көпбалалы отбасының перзентімін. Шымкентте 31 мыңнан астам көпбалалы ана бар, Құдайға шүкір. Біз осы бағытта жұмыс істейміз. Кəсіпкерлікті қолдаймыз жəне жақында Шымкент қаласында көпбалалы аналармен жұмыс істейтін орталық ашатын боламыз, – деді Шымкент қаласының әкімі.

Атап өтейік, мегаполисте 2220 Алтын алқа иегері, 6056 Күміс алқа иегері, 511 Батыр ана, 700-ден аса І және ІІ дәрежелі орденмен марапатталған және 3200 көп балалы ана бар.

Мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналасқан

Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да тыныс-тіршілігі ерекше назарда. Оларға қоларба, гигиеналық заттар, көмекші және инватакси қызметтері тұрақты көрсетілуде.

Мәселен, өткен жылы 1 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау саласында бірқатар жаңа бастамалар қолға алынуда.

Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту орталығы», жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, еңбек инспекциясы және көші-қон басқармалары және халыққа қызмет көрсету орталықтары бір ғимаратқа көшіріліп, «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетуде.

Ол жерде жұмыспен қамту және әлеуметтік қызметтер толығымен электрондық форматқа көшірілді.
Елімізде алғашқылардың бірі болып, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Шымкентте құрылды.

«7-20-25» бағдарламасы: Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Елбасының тапсырмасымен Шымкент қаласында «7-20-25» бағдарламасы іске асырылуда.
Халыққа кеңінен насихаттау мақсатында елімізде алғаш болып «Халықтық кеңседе» арнайы «Ақпараттандыру орталығы» ашылды.

Ол жерде екінші деңгейлі банк, құрылыс компанияларының және «Баспана» акционерлік қоғамының өкілдері күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін 114 азаматқа 1,1 млрд теңге несие берілген.

– Тұрғын үй құрылысы «Шымкент сити» және әкімшілік-іскерлік орталықта қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда қаламызда әлемдік деңгейде белгілі «Highvill» компаниясы 51 гектар жерге, отандық «BI group» компаниясы 5 гектар жерге тұрғын үй салуға қызығушылық білдірді.

Мен былтыр арнайы Сеул қаласына барып, «Highvill» компаниясының басшысымен келіссөз жүргіздім. Нәтижесінде «Highvill» компаниясымен «Shymkent Сity» жобасына 130 млрд. теңге салу бойынша меморандумға қол қойдық. Биыл құрылыс жұмыстары басталады, – деді әкім.

Тұран шағынауданында 5 мың орындық 14 жатақхана салынады

Студенттер 2021-2022 жылдары жатақханамен толық қамтылады. Бұл да қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың есебінде айтылған жоспар.

Шымкент – жастар қаласы. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында студенттердің жатақхана жағдайын жақсарту міндеті тұр.

Осы мақсатта Тұран шағынауданында 8 гектар жерге 5 мың орындық 14 жатақхана салу жоспарлануда.
Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер арқылы 200 және 500 орындық жатақхана салу үшін келісім-шарт жасалды. Құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Одан бөлек, медицина академиясы өз қаржысы есебінен қолданыстағы ғимаратты 450 орындық жатақхана етіп қайта құрады.
Жалпы студенттерді жатақханамен қамту мәселесі 2021-2022 жылдары толық шешілмек.

Мәдени астананың дайындығы зор

2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Ал 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болмақ.

Осыған байланысты Шымкент қаласында бірнеше ірі жобалар басталды. Қала әкімі 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебінде осы жобаларды атап өтті.

Нақты айтқанда, «SСAT» әуе компаниясы әуежайдың жаңа терминалының құрылысын бастады, желтоқсан айынан бастап Шымкент – Дубай бағытында тікелей әуе рейсі ашылды. Келесі әуе рейсі Шымкент – Қазан бағытында ашылады; теміржол вокзалы қайта құрылады; 2200 орындық заманауи Конгресс орталығының құрылысы және 20 мың орындық Қажымұқан атындағы орталық стадионды қайта құру жұмыстары басталды.

Ескі қалашық – «Цитадельді» қалпына келтіру және Қошқар ата өзені жағалауын көріктендіру жұмыстары қарқын алды.
Қырғы базарды заманауи талапқа сай қайта құру мақсатында жаңа жоба әзірленуде.

DSC 3166

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.