Шымкент: қоғамдық көлік саласында не жаңалық? Избранное

Среда, 20 Февраль 2019 04:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 7351 раз

Қала, мегаполис секілді кез келген ірі елдімекеннің күретамыры – қоғамдық көліктер. Оның ішінде жолаушылар автобустарының алар орны ерекше. Бұл саладағы қызмет сапасы неғұрлым жақсарған сайын қала тұрғындарының күнделікті өмірі соғұрлым жақсара түседі. Шымкентте бұл тұрғыдағы жағдай қандай? Соған көз жүгіртіп өтсек.

avtob 4

Алдағы анық жоспарлар

Шымкенттегі жолаушылар көлігі саласы біршама жолға қойылған. Алда қоғамдық көлік саласындағы қызмет сапасы жақсара түседі. Жуырда 2018 жылдың есебін берген мегаполистің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай деді. Жергілікті биліктің бұл тұста біршама жоспары бар. Оның ең бастысы – биыл жыл соңына дейін Шымкент тұрғындары үшін сатып алынатын жаңа автобустар саны мыңға жеткізілмек.

Осылайша қаладағы қоғамдық көліктің жетіспеу мәселесі шешілуде. Осы мақсатта 2018 жылы Шымкентке 80 автобус сатып алынса, биыл бұл көрсеткіш арта түспек.

Қалалық бағыттардағы автобустарды жаңалау механизмі бойынша «Shymkent» ӘКК» тарапынан 300 автобус сатып алынбақ, деп хабарлайды корпорацияның баспасөз қызметі. «Бұл автобустар жолаушылар қозғалысының сенсорлары, температура, төлем терминалдары және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталады.

Бұдан кейін тағы 700 автобусқа тапсырыс беру жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 11 млрд 762 млн теңгені құрайды», – деді «Shymkent» ӘКК» баспасөз хатшысы Сайра Амантаева. Жаңа автобустар қалалық бағыттарда қызмет көрсетіп жүрген тасымалдаушыларға сатып алу құқымен жалға беріледі деп күтілуде.

Қанша автобус бағыты бар?

2017 жылы Шымкентте 29 көлік компаниясы 76 бағытта жолаушыларға қызмет көрсетті. Оның ішінде 51 автобус бағыты мен 25 шағын автобус бағыты бар. Ал 2018-2019 жылдары қаладағы жолаушылар тасымалдау саласында 27 компанияның көліктері 79 бағытта қатынауда.

Автобус бағыты 54-ке жетті. Бұл цифрлардан автобус бағыттарының көбейгенін көруге болады.
Бұған қоса қалалық әкімдік шаһардың шалғай орналасқан, жолаушылар ағыны төмен шағынаудандарына қатынайтын 7 әлеуметтік маңызы бар бағытты ашық конкурстарға шығарған.

Соның нәтижесінде бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар №№ 55, 142, №143, 144, 146 және №55 бағыттағы автобустар жолаушыларға қызмет көрсетуде.

Әлеуметтік бағыттардың маңызы зор

Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар бұл бағыттарға жаңа автобустар қатынауда. Бұл көліктер Шымкент аумағына қосылған елдімекендердің тұрғындарын тасымалдайды.

DSC 9611

– Қазіргі таңда 7 әлеуметтік бағыт жұмыс істеп тұр. Бұған қоса тағы 5 әлеуметтік бағытқа конкурс жарияланған. Алдағы уақытта қызмет көрсетуші компаниялар анықталған жағдайда ол бағыттар арқылы да жолаушылар тасымалданады, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев.

Айта кетейік, әлеуметтік бағыттағы автобустар Ынтымақ, Текесу, Бадам-2, Елтай, Айнатас, Жыланбұзған, Жаңаталап және Достық-2 елдімекендеріне қатынауда.

Жергілікті тұрғындардың қызмет сапасына көңілі толады. Жолаушылар ағыны сирек болса да шалғай ауылдарға үлкен автобустар қатынап жүргені кімнің болса да көңілінен шығатыны сөзсіз.

Мұндағы бір себеп – бұл автобустар жолының біраз бөлігі алыс елдімекендермен қоса қаланың орталығындағы көшелерді де қамтиды. Сондықтан ол көліктерге қала орталығындағы жолаушылар да мінеді. Бұған қоса әлеуметтік бағыттардағы көлік компанияларының шығынының бір бөлігі әкімдік тарапынан өтеледі.

Электронды билет: SMS немесе QR-код

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Шымкент қаласы бойынша жол картасы әзірленген. Аталған жол картасына сәйкес 2 жоба енгізіліп отыр. Соның бірі – қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу. Осылайша мегаполисте электронды құжат айналымы жобасы іске асырыла бастады.

Жалпы, Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу жұмыстары жыл басынан бері басталып кетті. Бірнеше бағытта жүзеге асырылған пилоттық жоба аясында қала тұрғындары автобустардағы билет құнын SMS немесе QR-код арқылы төлей алады. Жобаны үш тарап – қалалық әкімдік, «Beeline Қазақстан» және «SMS BUS» компаниялары ЖШС жүзеге асыруда.

Жаңа әдіспен жолақыны төлеу оңай. Әр автобуста бірегей кодтың парақшасы ілінген. Жолаушылар осы кодты 2505 қысқа нөміріне СМС арқылы жіберген сәтте жауап ретінде СМС-түбіртек және электронды билет келеді.

Соны автобус кондукторына көрсету жеткілікті. Ал QR-код арқылы төлеу үшін смартфонға «Мой Beeline» қосымшасын жүктеп, автобустың QR-кодын сканерлеу керек. Оған да жауап ретінде түбіртек және электронды билет келеді.

– Шымкент қаласындағы инфрақұрылымды дамытудағы басты мақсат тұрғындарға жолақысын төлеудің оңай әрі тиімді әдісін ұсыну болатын. Бұл жүйені қолдану үшін жолаушыда Beeline нөмірі және смартфоны болса, жеткілікті. Қазіргі таңда Қазақстандағы 8 қалада бұл жоба сәтті жүзеге асырылуда, – дейді Beeline Қазақстан компаниясының цифрлық бизнес бойынша бас директоры Олег Алдошин.

Жауапты мамандар заманауи ақы төлеу жүйесін жылдың соңына дейін қаладағы барлық жолаушылар бағытына енгізуді жоспарлап отыр.

– «SMS BUS» жобасы қала ішіндегі №141, 147, 147 «А», 148 және 148 «Б» бағыттарда пилоттық жүйеде енгізілген. Алдағы уақытта қоғамдық көліктегі электронды билет жобасын барлық бағыттарда енгізу жоспарлануда, - деді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев.

Аталған жобаны енгізудегі басты мақсат – жолаушыларға қолайлы қызмет көрсету, көлік компанияларының кірістерінің ашықтығын қамтамасыз ету. Сонымен қоса бюджетке төленетін салық төлемдерін арттыру да маңызды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.