Тұрақты жұмысы бар 300 жасқа баспана Избранное

Среда, 17 Март 2021 04:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 386 раз

Үшінші мегаполистегі тұрақты жұмысы бар жастардың екінші легі баспаналы болды. Бұл жолы сатып алу құқығынсыз бес жыл мерзімге жалға берілетін пәтерге 300 жастың қолы жетіп отыр. Яғни, Әз-Наурыз мерекесінде осыншама отбасы қоныс тойын тойлайды деген сөз.

331

 

Қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Абылайхан Әлібекұлының айтуынша, жалдамалы пәтерге үміткер бола алатын жастардың санаты арнайы заңмен белгіленген. 29 жасқа дейінгі тұрақты жұмысы бар және айлық табысы 40 АЕК кем емес, атында соңғы бес жылда жылжымайтын мүлік тіркелмеген, қалада тұрақты тіркеуде екі жылдан аса тұрған жастар осы бағдарлама аясында баспанаға ие болады.
– 25-27 қаңтар аралығында жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін үйлерге өтінімдер қабылданды. «shymkent-baspana.kz» ақпараттық cайты арқылы 3 648 өтініш келіп түскен. Оның 696-сы қалалық тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынылды. Нәтижесінде, балл жүйесі бойынша жоғары көрсеткіштегі 300 азаматты тұрғын үймен қамту туралы шешім қабылданып, тізімдері жарияланды, - дейді спикер.
Абылайхан Балықбаевтың айтуынша, 2 952 өтінім түрлі себеппен қанағаттандырылмаған. Атап айтқанда, 105 өтінім берушінің жасы 29-дан асқан, 576-сының Шымкент қаласындағы тұрақты тіркеу мерзімі 2 жылға толмаған. Ал 2 271 тұрғынның табыс көзі 40 АЕК-тен төмен және құжаттары толық болмаған. Өткізілген құжаттардың басым бөлігінде Шымкент қаласының аумағында ғана емес, ҚР аумағында меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ екені жөніндегі анықтама дұрыс енгізілмеген. Осы орайда айта кету керек, берілген өтінімдерді қайта қарап, сайтта толықтыру мақсатында 4 ақпанда бір күнге мүмкіндік берілген еді.
– Алдағы аптада байқау жеңімпаздарымен келісімшарт түзілетін болады. Бір бөлмелі – 195, екі бөлмелі 105 пәтер бар. Бұл баспаналар Жаңа Тұрлан, Тұран және Асар-2 шағынаудандарынан беріледі. Үйдің төменгі қабаттарындағы пәтерлерді отбасы мүшелерінде І, ІІ топ мүгедектері бар немесе мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, созылмалы дертпен ауыратын азаматтарға бөлу және одан кейінгі кезекте азаматтардың балл саны мен бала санына қарай орналастыру көзделіп отыр, – деді Абылайхан Әлібекұлы.
Жауапты мамандардың айтуынша, жалға берілетін тұрғын үйге қол жеткізген әр үміткермен келісімшарт жасалады. Қандай да бір талап бұзылса, пәтер қайтарылып алынады. Ал былтыр берілген 904 пәтердің үшеуі тұратын отбасылар екіжақты түзілген келісімшартты бұзғаны үшін сот арқылы қайтарылуда. Мамандар жалға берілген үйлерді тексеріп тұратындарын айтады. Яғни, пәтерақы уақтылы төленбеген жағдайда, үйде өзге адамдар қоныстанса, депозитке пәтердің алғашқы жарнасына тиісті қаражат жиналмаса, ескерту жасалады.
– Келісімшартқа сәйкес, тұрғын үй иелері 6 ай мерзім ішінде қоныстануы шарт. Пәтерақысы әр айдың 5-не дейін төленеді. Ал депозитке тиісті қаражат салынып, оның түбіртегін әр тоқсан сайын басқармаға өткізуі тиіс. Пәтерді өзгелерге пайдалануға берілгені анықталған жағдайда сот арқылы кері қайтарылып, бұл пәтерлер келер жылғы конкурсқа қосылады. Былтыр елдегі төтенше жағдайға байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы алынатын үйлердің бюджеті қысқартылды. Биыл жыл соңына дейін тағы 900 пәтер алуды көздеп отырмыз. Жұмысшы жастардың баспаналы болуына әлі де мүмкіндік бар. Айтарым, құжат өткізуде ережемен мұқият танысуыңызды сұраймын. Талап-ереже республикадағы үш мегаполиске ортақ, – деді
Абылайхан Әлібекұлы.
Бағдарламаның тиімділігі жөнінде жұмысшы жастардың да пікірін білдік. Қала тұрғыны Нұрбек Боранбаев бұл жастарды қолдаудың бір тетігі екенін айтады.
– Былтыр жұмыс істейтін жастарға берілетін пәтерлер жайлы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп, тиісті құжаттарды тапсырдық. Нәтижесінде Тұран шағынауданында орналасқан «Әдия» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтерге ие болдық. Өзім отбасылымын. Бір перзентіміз бар. «Технодом» сауда дүкендері желісінде оператор болып жұмыс істеймін. Бұл – жастарды, оның ішінде жас отбасыларды қолдауға бағытталған жақсы бағдарлама. Бұрын тапқан табысымыз пәтерақысынан артылмайтын. Бір жылдан бері екінші деңгейлі банкте арнайы есеп-шот ашып, соған шамамыз келгенше қаражат салып отырамыз. Айына төленетін пәтерақы 10 мың теңге шамасында. Ендігі мақсат – өз баспанамызға қаржы жинау. Жастарға қолдау болса, олар бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысады, – дейді
Нұрбек Сейілбекұлы.
Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы өкілдері келтірген деректерге сүйенсек, шаһарда баспана үй кезегінде тұрған 43 мыңнан астам адам бар. Олардың 4,1 пайызын жастар мен жас отбасылар құрайды. Демек, жалдамалы пәтермен баспана мәселесін толықтай шешу аздық етеді. Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматыда оң жолға қойылған жеңілдетілген несие беру бағдарламасын үшінші мегаполиске де қолдану қажеттіін жоғарыда келтірген мәліметтер-ақ көрсетіп тұрғандай.