Індетпен күрес қарқыны күшейтілді Избранное

Пятница, 09 Июль 2021 05:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 908 раз

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында Шымкент «қызыл» аймақтағы өңірлер қатарына қайта қосылды. Шілденің шіліңгір ыстығымен қатар қалада індетті жұқтырғандар саны артып келеді. Шаһардағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан денсаулық сақтау саласына жауапты мамандармен бірге қаладағы провизорлық стационарлар мен бірқатар медицина мекемесінің дайындығын пысықтады.

411

 

Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, үшінші мегаполисте маусым айында 1 500-ге жуық тұрғын коронавирус жұқтырып, 364 адам пневмонияға шалдыққан. Олардың ішінде 1 418 науқас індетті жеңіп, емделіп шықса, қалғандары үй жағдайында ем қабылдаған. Өкінішке қарай, өткен айда ақ халаттылар 35 науқасты ажалдан арашалай алмады. Инфекциялық аурудан қайтыс болғандардың арасында екпе алғандары жоқ.
Ал шілде айындағы жағдай күрделі. Covid-19 дертінің үнді, яғни «дельта» штамының анықталғанына көп бола қоймаса да таралу қарқыны бәсеңдемей тұр. Әуелі Алматы, сосын Нұр-Сұлтанда тіркелген дельта штамы Шымкентке де жетті. Апта басында бір азамат індеттің құрығына ілінсе, қазір вирустың бұл түрімен ауырып жатқандардың саны жеті адамға жетті. Үш науқас дертінен айығып, үйіне шығарылған. Ал үшеуі «Асардағы» жұқпалы аурулар ауруханасында ем-дом қабылдауда. «Олардың жағдайы ауыр», дейді дәрігерлер. Ал инфекционист мамандар бұл штамның өте тез таралатынын алға тартып отыр. Ақ халаттылар індетті жұқтырған науқастардың өкпесі екі күннің ішінде зақымдалып, жағдайы күрт нашарлайтынын айтады.
Індеттің қайта өршуіне орай дәрі-дәрмек пен ауруханалардағы төсек-орын мәселесі кез келген өңірде өзекті. Былтыр жаз айларында дерт асқынып, тұрғындар қаладағы ауруханалардан орын таппай, ем-домға дәріханалардан дәрі іздеп кеткені есімізде. Міне, сондай келеңсіздікке жол бермеу үшін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы денсаулық сақтау саласына жауапты мамандарды бастап бірқатар ауруханаларды аралады.
Шыңғыс Жұмабекұлы әуелі Асардағы жұқпалы аурулар ауруханасына ат басын бұрды. Аурухананың жауапты дәрігері бүгінгі таңда орталықта қауіпті кесел жұқтырған 150-ден астам науқас ем қабылдап жатқанын жеткізді. Оның 32-і жансақтау бөлімінде жатыр. Ал жеті азаматтың халі мүшкіл, ИВЛ-аппаратының көмегімен тыныс алуда.
Бұрын коронавирус жұқтырғандар көбіне егде жастағы кісілер болса, қазір бұл дерт жастардың, тіпті, балалардың арасында да жиі кездесуде. Сондықтан, салаға жауаптылар вирустың жұғу қаупі дәл осылай жоғарылай берсе, қалалық балалар ауруханасынан емдеу орталығын ашуды жоспарлап отыр. Шыңғыс Жұмабекұлы бастаған топ қалалық клиникалық балалар ауруханасына барғанда осындай мәлімдеме жасап, медициналық мекеменің алдағы жоспарын тыңдады.

412


Айта кетейік, былтыр індет өршіген тұста 100-ден астам бала Асар шағынауданындағы балалар клиникалық ауруханасында ашылған көпбейінді провизорлық орталыққа жатқызылып, коронавирус пен пневмониядан емделген болатын. Науқас балаларды провизорлық стационардағы 20-ға жуық қызметкер тәулік бойы емдеген. Нәтижесінде балалар ауруханасындағы стационарда бірде бір өлім дерегі тіркелмеді.
Шыңғыс Жұмабекұлы бұдан соң қалалық №1 перинаталдық орталықтағы жағдаймен танысты. Дәрігерлердің дерегінше, мұнда келген жүкті келіншектер ПТР тестсіз қабылданбайды. Қазір перзентханада босанып жатқан 200-ден астам жас ананың жағдайлары жақсы. Ақ халаттылар аяғы ауыр келіншектерге үндеу жариялады. Өйткені, жүктілік кезінде жұқпалы дертті жұқтырып алу қаупі жоғары.
– Былтыр Covid-19-ға шалдыққан жүкті әйелдерге арнап 30 орын қарастырылды. Егер жағдай күрт нашарлап жатса, тағы осынша төсек-орынға стационар ашылады. Бүгінгі таңда қаламызда 16 500 әйелдің аяғы ауыр. Оның 200-ге жуығы осы аптада босанады деп жоспарланып отыр. Егер жүкті аналар вирус жұқтырса, сәбиін аман-есен бауырына баса алмайды. Вирус мутацияға ұшыраған сайын жүкті әйелдердің оны жеңуі де ұзақ уақытқа созылады. Дені сау анадан дені сау ұрпақ дүниеге келеді. Бұл ретте тек жүкті әйелдерге ғана емес, олардың туыстарын да санитарлық талаптарды сақтауға шақырған болар едім, – дейді Шымкент қалалық №1 перинаталдық орталықтың бас дәрігері Темірхан Варзилов.
Ал «Атамекен» медициналық орталығында дәл қазір ауру жұқтырған 100-ге жуық науқас жатыр. Медициналық орталықтың бас дәрігері Индира Артықбаеваның айтуынша, провизорлық және инфекциялық аурухана ретінде жұмыс істейтін емдеу мекемесінде дәрі-дәрмек пен емдеу құрылғылары, тыныс алу аппараттары толық жеткілікті. Шілде айынан бастап 250 төсек-орынға стационар ашылған. Денсаулық сақтау басқармасынан тағы 200 орын қосуға сұраныс түсіпті.
– Бұл штамның басты симптомы – бас ауруы, тұмау, ангина, жоғары температура. Әдетте иіс сезу жоғалмайды және жөтел болмайды. Сондай-ақ «дельта» іш ауруын, құсу, тыныс жолының тарылуын қоздырады. Бұрынғы штамдарға қарағанда 60%-ға жұқпалы. Орташа алғанда бір адамнан 5-6 адам жұқтырады, ал айналымдағы штамдардан 3-4 адамға жұғады. Штамның инкубациялық кезеңі – жеті күн. Ғалымдардың зерттеулері коронавирустың үнді штамының ауруханаға жатқызу мен өлім-жітім ықтималдылығы жоғары екенін айтуда. Және «үнді» штамының симптомдары басқа үйреншікті штамдардан өзгеше. Сондықтан арқаны кеңге салуға әлі ерте, – дейді И.Артықбаева.
Барды бағамдап, жоқты түгендеген жергілікті билік осылайша тәж тажалымен күрес қарқынын күшейтпек. «Барлық қажет шаралар атқарылады. Тек халықтан өтініп сұрарымыз, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, той-думан, мерекелік кештерге барудан бас тартса ләзім» – дейді Шыңғыс Жұмабекұлы. Өткен жылғы жағдайды ескере отырып, аурухана бас дәрігеріне дертке шалдыққан науқастарды қабылдау барысын тағы да пысықтауды тапсырды.
– Біз қазір науқастардың 30-35 пайызы «дельта» штамын жұқтырды деген сараптама алып отырмыз. Алдағы уақыттарда індетті жұқтырушылардың саны күрт өсуі мүмкін. Дегенмен бізде коронавируспен күрес жұмыстары өз деңгейінде деп айтуға боллады. Екі айға жетерлік дәрі-дәрмек қоры бар. Бірақ, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жақсы. Ал қазір ас беру, той-томалаққа тыйым болмай тұр. Ол азаматтар өздерінің және отбасындағы жақындарының өміріне қауіп төндіріп отыр. Қазақты «ұят» құртып, сол «ұяттан» ауырып жатқандар аз емес. Ал аурудың алдын алудың жалғыз жолы – екпе. Статистикалық зерттеулер бойынша ауру жұқтырғандардың дені вакцина салдырмағандар екен. Бізде аудан әкімдері мобильді топтарды басқарады. Күндіз-түні тексеру жүріп жатыр. Маусым айында 2700-ден астам нысанға тексеру жүргізілген. Оның 5-6 пайызына айыппұл салынды. Бүгінде мобильді топтардың жұмысы күшейтілді, – дейді Шыңғыс Мұқан.
Жалпы, соңғы деректерге сәйкес, шаһардағы мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 1416 орын бар. Төсек-орын толымдығы 49%-ды құрайды, 713 төсек орын бос. Инфекциялық стационарда жалпы саны 477 науқас емделуде. Бір тәулік ішінде қалада 9413 адам вакцина алды. Бірінші компонентін 5913 адам алса, екінші компоненті 3500 азаматқа егілді. Егу науқаны басталғалы барлығы 297 005 адам вакцина салдырған. Бұл көрсеткіш әлі екі еселенуі керек. Сонда ғана ұжымдық иммунитет қалыптасады, дейді мамандар.