СПОРТ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ҰСТАХАНАСЫ Избранное

Пятница, 30 Июнь 2023 04:37 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 2524 раз

Бүгінгі таңда ел намысын қорғап, рухын асқақтататын спортшыларды тәрбиелеу, оларды жеңіске жетелеудің маңызын айқындау – Жаңа Қазақстанның алға қойған мақсаттарының бірі. Бұл тұрғыда талай байрақты бәсекелерде топ жарған түлектерімен мақтана алатын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті еліміздегі спорт шеберлерін даярлайтын бірден-бір іргелі оқу орны екенін қазақстандық жанкүйерлер жақсы біледі. Университеттің студенттері мен түлектері Олимпиада ойындары, әлем және құрлық біріншіліктерінде ел намысын абыроймен қорғап келеді.

361

 

Тарихы терең «Спорт және туризм» факультеті өз студенттерінің жеткен жетістіктерін мақтан тұтады. Қазақ боксының жарқын жұлдызы, Сидней Олимпиадасының биік шыңын бағындырған саңлақ спортшы, марқұм Бекзат Саттарханов Әуезов университетінің студенті еді. Сиднейде алтынға пара-пар күміс медальды олжалаған Мұқтархан Ділдәбеков те осы оқу орнының түлегі. Қазақтың атын әлемге танытқан әйгілі гимнастшы Әлия Юсупованың алар орны бөлек. Екі олимпиадада үздік бестіктен көрінген атақты жерлесіміз бүгінде гимнастика мектебіне жетекшілік жасап жүр.
Отандық спортта нысана көздеуде Ольга Довгунь сынды шебер сирек шығар, сірә! Бірнеше олимпиада ойындарының қатысушысы, Азия ойындарының чемпионы атанған Довгунь де шеберлігін Әуезов университетінде білім ала жүріп шыңдады. Университеттің абыройын арттыруға танымал дзюдошы Базарбек Домбай, жеңіл атлеттер Татьяна Бочарова мен Наталя Иванинская, ауыр атлетикада Бақыт Ахметов пен Татьяна Хромова, ескек есуші Алексей Подойников та көп үлес қосты. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында ОҚУ-дың 10-бірдей студентінің қатысуы көп жайды аңғартады. Сол жылы боксшы Еркебұлан Шынәлиев, еркін күресте Елена Шалыгина қоржынымызға қола медаль салып, Оңтүстіктің жанкүйерлерін тәнті етті. Сондай ақ, А.Подрядова (дзюдо), А.Прилепа (жүзу), Д.Оспанов (бокс), Ж.Жаппарқұл (ауыр атлетика), Б.Жақыпбекова (самбо) секілді халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері даярланды. Лондон Олимпиадасында ел намысын еркін күресте Е.Шалыгина, дзюдошы А.Подрядова, таэквондошы Н.Мамаев, стендтік атуда А.Мищук қорғады.

360


Анастасия Прилепа 2011 жылы Сингапурде жүзу спортынан өткен Азия чемпионатында 4 алтын және 2 күміс медаль иеленді. Перизат Жақыпбекова 2011 жылы самбодан өткен әлем чемпионатында қола жүлдені қанжығалады. Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Досжан Оспанов 2011 жылы ауыр салмақта Азия чемпионы атанды.
Еркін күрестен спорт шебері Ержан Дүйсебеков 2012 жылы Азия чемпионатында қола жүлде алып, Александра Подрядова дзю-додан өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержан Абильда армрестлингтен (Бразилия, Сан-Паоло 2013ж.) әлем чемпионы болды. 2012 жылы Таиландта еркін күрестен өткен әлем чемпионатында Инкар Ермұхамед күміс жүлдені иеленді. 2013 жылғы Қазан қаласында өткен бүкіләлемдік универсиадада 5 студентіміз жеңіске жетті. 2013 жылы Гаухар Тұрмаханова самбодан әлем чемпионатын бағындырып (Ресей), 2014 жылы қола жүлдемен оралды. Таэквандодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрсұлтан Мамаев 2013 жылы Парижде өткен халықаралық турнирде қола жүлдені ұтты.
Елена Шалыгина 16 рет Азиа ойындарының чемпионы болып, нәтижесінде ҚР «Спорт» номинациясы бойынша «Дарын» мемлекеттік сыйлығын жеңіп алды.
Бұдан бөлек, чемпиондарымыз Сарсенкүл Рысбекова, Зоя Кравченко, Никита Чирюкин, Софья Берульцева, Махмұд Сабырхан, Серік Абзал, Айдын Абдибай, Жавохир Исламов, Асадбек Нуралиев, Мирас Бақтыбай, Роксана Юнусова, Абдурахман Абдурашидов, Ұлпан Сейден, Әскер Жансерік, Әбдәқайым Иманғалимен мақтанамыз.

362


Биыл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құрылғанына 80 жыл толып отыр. Мерейтой аясында көптеген жаңашылдықтар орын алды. Спорт саласы бойынша «Денешынықтыру және спорт», «Бастапқы әскери дайындық» білім бағдарламалары көп жылдан бері мамандар даярлап келсе, 2022-2023 оқу жылында жаңа спорттық мамандықтар ашылды. Атап айтқанда, 7М11140-Спорт менеджменті және жаттықтырушылық қызмет магистратура, 6В11150- Спорттық менеджмент, тынығу және жаттықтырушылық қызмет, 6В11141-спорттық менеджмент, жүзу және нұсқаушы ісі бойынша бакалавр инновациялық білім беру бағдарламалары ашылды. Ұзындығы 50 метр, ені 20 метр болатын ашық аспан астындағы жүзу бассейні қайта жаңарды.
Спортшылардың жоғары деңгейдегі жетістіктерге жетуіне оқу орнында барлық жағдай қарастырылған. Студенттердің толыққанды жаттығуына 12 спорт зал, 3 футбол алаңы, олимпиадалық стандартқа сай жүзу бассейні, жеңіл атлетикалық манеж, спорттық ашық алаңдар және «Технолог» спорттық-сауықтыру орындары қызмет етуде. Университет қабырғасында жаттығып әлемдік бәсекелерде топ жарып жүрген саңлақтарымыздың табыстары жыл санап арта беретіні сөзсіз.
Сапалы кадр даярлауда оқытушылық құрамның маңызы зор. Факультетте студенттерге 127 оқытушы дәріс береді. 4 ҚР ЖОО үздік оқытушылары, 5 Профессор (оның ішінде 3 ғылым докторы), 35 ғылым кандидаты және доценті, 5 Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушылар және 18 Қазақстан Республикасының спорт шеберлері жастарды жеңіске жетелеуде үлкен табыстарға жетті.
Университеттің Ғылыми Кеңесі спорт түрлерінен ұлттық құрама командаларында өнер көрсететін спортшыларға университет атынан грант бөліп келеді. Бүгінгі таңда мұндай спортшы студентердің саны 100-ден асады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында қойылатын маңызды міндеттердің бірі – елімізде бұқаралық спортты барынша дамыту. Сонда ғана дені сау ұрпақты тәрбиелеуге жол ашылады. Осыны ескере отырып, студенттер тұрақты түрде түрлі жарыстарға тартылуда. Жыл сайын өтетін факультетаралық спартакиадаға 5 мыңнан астам жас қатысты. Студенттер спорттың 16 түрі бойынша бағын сынайтын осындай іс-шаралар арқылы салауатты өмір сүрудің маңызын тереңірек түсінетіні сөзсіз. Өз кезегінде университет бірқатар қалалық, облыстық жарыстардың ұйымдастырушысы болып табылады. Оқу орнында спорттың 18 түрінен спорт секциялары құрылған. Университет басшылығының спортқа тікелей қолдау көрсетуі осындай оң бастамалардың жүзеге асуына септігін тигізіп келеді. Ауқымды спорттық шараларды ойдағыдай өткізуде, бәсекеге қабілетті кәсіпқой спортшыларды даярлау ісіндегі университет басшылығының іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін ерекше атап өткеніміз абзал. Әлемді тамсандырып, спорттағы тасы өрге домалаған іргелі оқу орнының жұрт сүйсінген толағай табыстары алдағы уақытта тек арта беретініне кәміл сенеміз.

Ахан ДЕМЕУОВ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Спорт және туризм»
факультетінің деканы, п.ғ.к., доцент

Гүлназ АЛТАЕВА,
«Спорт және туризм» факультеті деканының орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.