АУЫЗ СУ: ТАРИФ АРЗАН, ШЫҒЫН КӨП Избранное

Среда, 14 Декабрь 2022 05:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1059 раз

Шымкентте су мен кәріз үшін төленетін ақы өзге коммуналды қызмет түрлерімен салыстырғанда біршама арзан. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і ұйымдастырған зерттеу жұмыстары осындай нәтиже көрсеткен. Компания жүргізген зерттеуге Шымкент қаласының 900-ден астам тұрғыны қатысқан. Зерттеудің нәтижесінде шымкенттіктердің ең көп соманы жылуға төлейтіні белгілі болыпты. Екінші орында – газ, үшінші орында – байланыс қызметтері, төртінші орында – электрмен қамтамасыз ету болса, су мен кәріздің ақысы тек бесінші орында екен.

87

 

Зерттеуге «Су ресурстары-Маркетинг» компаниясының 180 жұмысшысы қатысыпты. Олар жыл басынан бері 9 ай бойына өздерінің коммуналдық қызметтерге жұмсаған шығындарын есептеп, салыстырып отырған.
Серіктестіктің бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиевтің айтуынша, мониторинг негізіне коммуналдық қызметтер үшін нақты төленген соммалар алынған. Яғни, мәліметтер төленген түбіртектерден алыныпты.
–Егер біздің тарифтерді Қазақстандағы ірі қалалардың тарифімен салыстыратын болсақ, біз алтыншы орында екенбіз. Шымкент қаласында 230 мың есептегіш құрал орнатылған су тұтынушы абонент бар. Біз миллионды қаланың халқын толықтай сумен қамтамасыз етіп отырмыз. Тұтынушыларымыздың 76 пайызы сумен қамтамасыз ету және кәріз қызметтері үшін жан басына орта есеппен айына 215 теңге төлейді. Егер мұны әр күнге бөліп есептесек, күніне 7 теңге екен. Сонымен бірге Шымкентте 1 литр судың бағасы 10 тиынды құрайды. Ал, бөтелкедегі 1 литр судың бағасы 200 теңгеден кем емес. Салыстырмалы талдауды біз өз компаниямыздың 180 қызметкері арқылы жүргіздік. Олардың отбасы мүшелерін қоса есептегенде 900-ден астам адам бар. Біз отбасының әрбір коммуналдық қызмет түріне қанша қаржы жұмсайтынын есептеп шықтық. Талдау жұмыстары 2022 жылдың 9 айында жүргізілді. Орта есеппен алғанда коммуналдық қызметтердің барлық түрлері үшін ай сайын бір адамға 8 325 теңге төленген. Егер осы цифрды коммуналдық қызмет түрлері бойынша бөліп талдайтын болсақ, жылумен қамтамасыз етуге – барлық сомманың 32 пайызы немесе 2 651 теңге, газға – 2 007 теңге, байланыс қызметтеріне 1758 теңге, электрмен қамтуға 1 182 теңге жұмсалған, – дейді Ж.Тұрдалиев.
Тағы бір қызықты дерек, есептеу құралдары орнатылғанға дейін әр адам тәулігіне 460 литр су сарп етсе, қазір – 110 литр. Осылайша, үнемделген литрлерді қаланың барлық тұрғындарына шақтап есептесе, шымкенттіктер 1996 жылдан бері отбасылық бюджеттерінен 56 миллиард теңге үнемдепті.
Қызметтерді толыққанды әрі сапалы етіп көрсету үшін компания негізгі қорларды техникалық тұрғыда сақадай сай етіп ұстауы керек. Жанатбек Үсіпұлының айтуы бойынша «Су ресурстары-Маркетинг» компаниясы суды шығару, тазалау, тасымалдау, тұтынушыға жеткізу, есептеу, шайынды суларды ағызып әкету, оны техникалық дақылдар егетін ауыл шаруашылығы нысандары үшін қайта тазалаумен айналысады. Әрине, осынша жұмысты атқару үшін қомақты қаржы керек.
«Сол үшін инвестициялық бағдарламалар, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары мен ағымдағы күтіп ұстау жұмыстарының жоспары жасалады. Осы шығындардың барлығы монополияға қарсы ведомствоның алдында қорғалады. Мемлекет басшысы Қазақстанның коммуналдық және энергетикалық желілерінің 50-70 пайызы тозғанын, бұл жағдай тарифтерді қайта қарауды талап ететінін босқа айтқан жоқ. Мұның соңы неге әкеп соғуы мүмкін екенін көріп отырмыз. Риддер мен Екібастұздағы жағдайға қараңыз. Ал, Атырауда ауыз су бойынша күрделі проблемалар бар. Ондағы су құбырларының тозығы жеткен. Президент коммуналдық желілердің тозу көрсеткішін ең болмағанда 15 пайызға қысқарту керектігін айтты. Шымкентте ауыз су құбырларының 47 пайызы тозған болса, соны 32 пайызға дейін төмендету керек. Ал, қолданыстағы кәріз жүйесінің 77 пайызының тозығы жеткен. Оны да 62 пайызға дейін төмендету шарт. Яғни, желілерді жаңартып отыру қажет. Бірақ, бұл жұмыстарды атқаруға 30 миллиард теңге керек. Жалпы, құрылғылардың тозу көрсеткіші 20 пайыздан асып кеткен жағдайда ұзақ мерзімді болашақта қалыпты қызмет көрсетуіміз неғайбыл. Қаржыны қайдан аламыз? Не тарифтерді көтеру керек, не мемлекет қаржы бөлуі керек? «Ақбұлақ» бағдарламасы секілді жекелеген тетіктер бар. Бірақ, олардың ешқайсысы түпкі мақсатына жеткен жоқ. Сол себепті Президент бұл проблеманы қозғауға мәжбүр болып отыр», – дейді директордың орынбасары.
Барлық қаржылық ауыртпалықты тұтынушының мойнына артып қоймау үшін «Су ресурстары – Маркетинг» компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Биыл қыркүйек айында Шымкенттің әкімдігінде компания мен ЕҚДБ арасында 6,6 миллиард теңгеге басымдыққа ие жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісім жасалды. Оның ішінде 3,3 миллиарды ЕҚДБ-ның несиелік қаржысы болса, қалған бөлігі ҚР Үкіметінің субсидиясы. Қарыз соммасы 13 жылдық мерзімге жылына 4,25 пайыздық үстемеақымен беріліп отыр. Бұл ЕҚДБ мен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і арасында жасалған алтыншы келісім», – дейді Ж.Тұрдалиев.
Бұл қаржы қолданыстағы кәріз айдау станциясының қуаттылығын арттыруға бағытталады. Өйткені, қазір Шымкентте жаңадан көпқабатты үйлер көптеп салынуда. Оған қоса жеке сектордағы тұрғын үйлер де жаппай орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылып жатыр. Бұл шайынды судың көбеюіне әсер ететіні сөзсіз. Қолданыстағы станцияның қуаттылығы тәулігіне 150 мың текше метрді құрайды. Жоба бойынша оны тағы 50 мың текше метрге арттыру көзделуде. Бұл проблеманы 2025 жылға дейінгі мерзімге уақытша шеше тұруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Су ресурстары – Маркетинг» компаниясының 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы 9,2 миллиард теңгені құрайды. Атап айтқанда, сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрал-жабдықтарын жаңартып, қондырғыларын реконструкциялауға – 1 миллиард теңге, су құбырларын қайта құруға (78 шақырым) 6 миллиард теңге, кәріз жүйесін жаңартуға (8,7 шақырым) – 841,2 миллион теңге су тазарту және кәріздік тазарту қондырғыларын модернизациялауға 516,8 теңге жұмсалады.