Боздаған сәбидің обалы кімге?! Избранное

Среда, 05 Апрель 2023 03:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 874 раз

Елімізде кейінгі он жыл ішінде ажырасушылар қатары артқан. Яғни, он жылда Қазақстанда 1,5 млн отбасы құрылса, соның жарты миллионы осы уақыт ішіндегі ажырасушылар сапына қосылған. Бұл Ұлттық Экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми мәліметі. Иә, заман  өзгерді ме, әлде адам ба, кім білсін?! Анығы сол, бүгінде отбасы, бала-шаға, шаңырақ сынды киелі ұғымдардың қадір-қасиеті жоғалып барады. Жыл өткен сайын адамдардың, бүтін қоғамның құндылықтарға деген көзқарасы мен қарым-қатынасы өзгеріп кеткендей.  Отбасының тыныштығын сақтап, құндылығын құрметтеуді жеке мүддесі емес, ұлтының келешегі үшін басты назарда ұстаған қазақ халқына ажырасу ұғымы жат еді.  Өкінішке орай, бүгінде жалғызбасты әйелдер мен әкесіз өсіп жатқан балалардың қарасы көбейген. 

132

 

Теңдікті қалай пайымдап жүрміз?

Толық емес отбасылардың көбеюі — мемлекет үшін алаңдайтын мәселе. Дәл осы проблемамен күресте Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қызметі айрықша. Мегаполистегі ажырасу фактілерін азайту мақсатында қарқынды күрес жүргізіп келеді. Десек те, орталық заңгері Талғат Тілеубекұлының айтуынша, 2021 жылмен салыстырғанда былтыр неке бұзуға өтініш білдіргендер саны артқан.
— Орталыққа кейбір ерлі-зайыптылар «ажырасамыз» деп келіп, мамандардың көмегінен кейін татуласып, некесін сақтап қалатын жағдайлар да аз емес. Көп жағдайда әйелдер орталық қызметіне өз құқығын білмей, енесінен, күйеуінен зәбір көріп, барарға жері қалмаған кезде жүгінеді. Орталықта 8 түрлі әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оның бірі — құқықтық кеңес. Мәселен, былтыр 32 азамат неке бұзу бойынша, 47 азамат алиментке құжат рәсімдеу және мүлік бөлісу мәселесімен заңгер кеңесіне жүгінген. Сондай-ақ, 14 азамат орталыққа келіп, ажырасу бойынша құқықтық кеңес алған. Орталық қызметкерлерінің көмегімен құқық қорғау органдарына небәрі 4 талап-арыз жолданды. Ал, өзге жұптар қайта жарасып, отбасын сақтап қалды. Сонымен қатар, орталықта жатын орынмен қамтамасыз етілген аналарға да заңгерлік кеңес береміз. Оларға көбіне жеке басын куәландыратын құжатты рәсімдеу, тұрғын үй кезегіне тұру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру мәселелері бойынша кеңес береміз, - дейді орталық заңгері.

134


Ажырасу — өзекті мәселе болса да, бүгінгі қоғам мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын күйге жеткен. Ал, мәселеге селқос қарап, оның шиеленісуіне жол беру ажырасудың «асқынуына» әкелетіні анық. Мамандар мәселенің мән-жайын анықтау барысында отбасылық кикілжіңнің басты себебі ретінде өз құқығын жетік білетін, өз қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын, өзіне сенімді нәзікжандылардың көбеюімен байланыстырып отыр. Яғни, ханның қызы болса да, еріне мойынсұнып, отбасы құндылықтарын қастерлейтін жандар азайған. Осылайша, бүгінде отбасын құрудың патриархалдық моделіне қарағанда екі жақтың теңдігіне құрылған үлгідегі отбасылар көбейіп отыр. Әрине, бұл әр адамның серігін, жарын өзінше танып, таңдауына мүмкіндік береді. Алайда, таңдау кеңістігі кеңейгенменен, отбасы беріктігі нығайып жатқаны шамалы.

Өтірік ажырасатындар да бар

№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысу барысында 5 айдан бері сол жерді паналап жүрген Айсұлу (есімі өзгертілді-авт.) есімді келіншекпен тілдестік.
— Жолдасым өз келісіміммен 16 жасымда алып қашты. Алғашқыда «қалада тұрамыз» деп уәде берді. Алайда, мені ауылда қалдырып, өзі «жұмыс істеймін» деген желеумен айлап қалаға кетіп қалатын. Жолдасым жоқ кезде енемнен түрлі ауыр сөз еститінмін. Жетім екенімді бетіме басып, жасауыма келмеген дүниені бұлдап, тыныштық бермеді. Аяғым ауыр болған соң шығар, әрбір сөзін ауыр қабылдадым. Сөйтіп жүріп екі баланы дүниеге әкелдім. Отбасының берекесі қашып біткен соң, ажырасуға шешім қабылдадым. Анамнан мұраға қалған үйді нағашы ағам иеленіп, мені үйіме кіргізбеді. Барар жерім болмай, орталықтың көмегіне жүгіндім. Орталық заңгерлері үйдің иесі екенімді дәлелдеп, соттың шешімі шықты. Алдағы уақытта өз баспанама кіріп, бар күш-жігерімді балаларым мен інімді жетілдіруге жұмсаймын, – дейді Айсұлу.

1323


16 жасында тұрмыс құрып, 20 жасында екі баламен ажырасып отырған Айсұлудың оқиғасы осындай. Ененің келінге қамқорлығы, ал жолдасының отбасының алдындағы жауапкершілігінің жоқтығы екі баланың әкесіз өсуіне әкеліп отыр.
Ресми деректерге сүйенсек, 2022 жылы Шымкентте неке және отбасына байланысты туындайтын дау бойынша барлығы 6800 іс тіркеліп, оның 4000-нан астамы, яғни 70 пайызы некесін бұзуға шешім қабылдаған. Бұл 2021 жылмен салыстырған 695 іске, яғни 10,2 пайызға артып отыр. Жаға ұстатарлық жайт, кейбір ерлі-зайыптылар келісіп, мемлекеттен арнайы көмек алу үшін ажырасуды заңдастырып отырғандар да бар екен. Өкініштісі, бұл жағдай ресми ажырасқандар санының артуына әкеліп отыр.

«Эгоизм басым»

Ата-ана атану — үлкен жауапкершілік. Өкінішке орай, көптеген жұп перзентінің алдындағы жауапкершіліктің салмағын сезінбейді. Ал, психологтар ажырасудың себебі болмашы сылтаулар мен ортақ келісімге келе алмаудан екенін алға тартып отыр.
— Ертеректе әйел заты оттың басы, ошақ қасынан алыстамаған. Ал қазіргі кезде әйелдер еркекпен бірдей жұмыс істеп, қоғамда өзін ермен тең санап, табыс таба алатын күнге қол жеткізді. Мұның бәрі, әрине, әйел заты үшін артықшылық. Бірақ, бұл құндылық пен көзқарастың өзгеруіне әкеліп отыр. «Жұмыс істемейтін, отбасын асырамайтын еркек не үшін қажет? Табысым мол, өзімді асырай аламын, мықтымын, ешкімге тәуелді болмаймын» деген пайым белең алған сайын ажырасу мәселесі қоғамның түйткілді проблемасына айналып отыр. Яғни, бүгінгі ерлі-зайыптылар арасында эгоизм басым, – дейді №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының психологы Эльмира Майлыбайқызы.
Тағдырдың тәлкегіне түсіп, ерлі-зайыптылар өз басымен әлек болғанда бала тәрбиесінің тасада қалатыны анық. Қала берді, отбасының бүтіндігін сақтаудан гөрі, екіге айырылысып, екі жақ бір-біріне кінә артып жүргенде, қаншама бала әкенің қамқорлығын сезінбей өсуге мәжбүр. Ал, ажырасқан әйелдердің басым бөлігі шаңырақтың шайқалуына күйеуінің жұмыссыздығы мен ұрып-соғуы себеп болғанын алға тартады екен.
— Табыстың төмендігі, баспананың болмауы, жұмыссыздық, төленбеген несие, тағы басқа да материалдық жағдайлар шаңырақтардың шайқалуына әкелуі мүмкін. Әсіресе, көп балалы отбасыларда ер адамның жауапкершілікті көтере алмай, отбасын тастап кетуі жиі кездеседі. Бұл — бірінші тұсы. Екіншіден, кейде ажырасу тек материалдық жағдайға байланысты болмайды. Білімі, табысы жоғары, тұрмысы жақсылар да ажырасып жатады. Сондықтан бұл мәселеге қоғамдағы құндылықтар өзгерісі себепші деп ойлаймын. Яғни, ажырасудың алдын алып, шаңырақтың шайқалмауын қаласақ, ең алдымен, отбасы құндылығын дәріптеу керек. «Отбасылы адам», «әке», «ана», «көп балалы ана» ұғымдарын ел құрметтейтін, қызығатын, тіптен мойындайтын құбылысқа айналдыру қажет,- дейді психолог.

Жақсы жарды жазбай таныған аналар

Қазақ халқы отбасы құндылықтарын, бала тәрбиесін салт-дәстүрмен байланыстырып, оның сақталуына үлкен мән берген. Бүгінгі қоғамға дәстүрден алшақтаудың да кері әсері тиіп отырғандай. Отбасында әйел мен ердің рөлі ауысып, жастар тек өз қалағанына ғана үйленіп жүргенін де көріп жүрміз.

135


— Тоғыз қыз, үш ұлды тәрбиелеген анамын, - дейді Шымкент қаласының тұрғыны 82 жасар кейуана Күләйша Әминова. — Үш ұлға да келінді өзіміз таңдадық. Аллаға шүкір, жаңылмадық. Қазір екі келінім менімен бірге тұрады. Бөлек баспанасы болса да, қарашаңырақтан алыстаған емес. Келіндерім келін жөнімен ибалық сақтап, маған бөтен мінез көрсеткен емес. «Сырын білмегеннің сыртынан жүр» деген қазақ. Танитын, көргенді жердің қызына, білісіп-танысып үйлендірген жөн. Жастарға салсаң, сырт келбетіне қарап үйлене береді. Дегенмен, отбасын құру — үлкен өмірдің бастауы, ұрпақ сабақтастығының асыл жолы болғандықтан жар таңдауда ата-ананың шет қалмағаны жөн. Өзім білемдікке салыну, тәрбиенің осалдығы, бала тәрбиесінде ата-ана ықпалының төмендігі отбасы құндылықтарының сақталмауына әкеліп, салдары жастар арасында ажырасқандарды көбеюіне әкеліп отыр деп ойлаймын.
Кейуана айтқандай, отбасында сыйластық, құрмет болмаған соң, ерлі-зайыптылар ажырасып, олардың артында отбасы жылулығын, ата-ана махаббатын сезінбеген, толыққанды отбасы деген ұғымның не екенін түсінбейтін ұрпақ өсетіні анық.
Ажырасқан ер адамдардың қайта некеге тұру мүмкіндігі әйелдерге қарағанда жоғары бола тұра, 50 пайыз еркектер сол бойы үйленбей, жалғыз өтеді екен. Ал, ажырасқан әйелдерге қайта некеге тұру үшін кемі 10-15 жылдай уақыт керек деседі. Сондықтан ата-ана баланың алдындағы жауапкершілікті сезініп, ал бала ата-ана алдындағы борышты өтеуге тырысып, отбасы құндылықтары дәріптелгенде елді алаңдатқан ажырасу мәселесінің де ауыздықталары анық.


Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.