Ұлт саулығына төнген қауіп Избранное

Пятница, 30 Июнь 2023 04:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 835 раз

Синтетикалық есірткіге қарсы күрес қалай жүзеге асып жатыр?

Соңғы жылдары синтетикалық есірткі мәселесінде мамандар дабыл қағуда. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп жатқанын атап өтті. Деректер соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқанын көрсетті. Сондықтан Президент Жолдауда синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс екенін алға тартып, нақты тапсырмалар берді. Шымкент қаласында «Халықаралық есірткімен күрес күніне» орай өткен жиында да тәртіп сақшылары, дәрігерлер мен қалалық Жастар ресурстық орталығының мамандары ғасыр дертінің алдын алу жөніндегі ойларын ортаға салды.

366

 

Шымкент қалалық №2 клиникалық ауруханасында бас қосқан мамандар ең алдымен жастардың есірткіге құмарту себептеріне тоқталды. Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетованың айтуынша, мұндай қауіптен қорғау үшін ең алдымен ата-аналар балаларына көбірек көңіл бөлуі қажет. Отбасында мейірімге қаныққан бала болашағын бұлыңғыр ететін әдеттерден аулақ болады екен.
–Синтетикалық есірткіге тәуелділік алғаш тұтынғаннан-ақ пайда болады. Өкініштісі, есірткі сатушылары өз өнімін өткізу үшін буыны бекімеген, психологиясы жетілмеген жастарды таңдайды. Осы ретте, ата-аналар балаларының жүріс-тұрысына мұқият болуы керек. Өйткені бұл жолға түскен жастың мінез-құлқында өзгерістер орын ала бастайды. Тамаққа тәбеті жоғалып, қысқа уақыттың ішінде 10-20 келі салмақ жоғалтады. Түнде ұйқысы қашып, денесіне жазылмайтын жаралар шығады. Көбіне ата-аналар балаларында есірткіге деген тәуелділік шарықтау шегіне жеткенде ғана бір-ақ біледі. Алғашында білсе де, дәрігерге апармай елден жасыруға тырысады. Оның салдары қайғылы жағдайға әкеліп жатыр. Сондықтан ата-аналар балаға көбірек көңіл бөліп, сырласып, мейірім беруі керек. Бала өзіндегі мәселені үлкендерге айта алса, оның бұл жолдан шығуына мүмкіндік бар. Синтетикалық есірткілер адамға марихуана мен анашамен салыстырғанда 10-15 есе қатты әсер етеді. Өйткені «синтетиканы» тұрақты қолданушыларда галлюцинация болып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатады. Яғни оны тұтынушылар суицид жасауға бейім келеді, - дейді дәрігер.
Елімізде «синтетикалық есірткі» дейтін ұғым осыдан жеті-сегіз жыл бұрын пайда болды. Алғашқы кезде елімізге темекі қоспалары бар түрі келсе, уақыт өте түтіні жоқ темекі күйіндегі түрі саудаға шыға бастады. Кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «энергетик», «тұз» деген ат жамылған синтетикалық заттар тез жаулап алды. Ең өкініштісі – бұл індетке ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатыр.
Қоғам дертімен күресу құзырлы органдар үшін қаншалықты қиын болса, химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты оңай екен. Буыны бекімеген жеткіншектердің дені бұл дерттің торабына онлайн арқылы ілігіп отыр. Себебі аталған есірткілер негізінен интернет арқылы сатылады. Бүгінгі таңда елімізде интернет дүкендер кез келген адамға қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни, саудагер бір-бірімен бетпе-бет кездеспей, тауар онлайн таңдалып, төлем де онлайн жасалады. Тұтынушы мен саудагер де түрлі мессенджерлер арқылы байланысып, тауарды қай жерден, қай уақытта алатыны жөнінде нұсқаулықтармен алмасады. Осылайша, бірлық іс белгісіз ара қашықтықта жасалады. Ең сорақысы түрлі қара нарықта саудасы қызып тұрған синтетикалық есірткінің жолын кесу үшін түрлі сайттар мен мессенджерлер бірі жабылса, көп ұзамай оның орнына екі жаңасы ашылады.
Есірткінің шырмауына буыны бекімеген жасы да, күш-қуаты тау қопарар ел азаматтары да түсіп жатыр. Мәселен, Шымкент психикалық денсаулық орталығында жылына 5000-ға жуық адам есірткі тәуелділігінен ем алады екен. Мамандар шаһарда бұл көрсеткіштің жылдан-жылға көбейгені не азайғанын нақтылай алмай отыр. Өйткені 2018 жылға дейін Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстанның орталығы болғандықтан барлық науқас осы орталыққа жүгінетін. Аумақтық бөлініс процесі бар, екі жылдық пандемия емделушілер санын төмендеуіне алып келгенімен, бейресми тұрғыдан олардың есірткіге еліретіндер санын азайды деп айтуға келмес, дейді мамандар. Десе де, жоғарыдағы көрсеткіштің өзі бес мыңға жуық отбасыға қасірет келгенін аңғартады.
Есірткіге тәуелділерге медициналық көмек көрсететін Шымкент психикалық орталықта жыл басынан 1500 адам емделіпті. Орталық дәрігерлері науқастар дерт асқынғанда ғана мамандардың көмегіне жүгінетінін айтуда. Өйткені, «синтетика» адамның ішкі құрылыстарына зақым келтіріп, ауыр азапқа душар етеді.
– Есірткіге қарсы күресу үшін кешенді жоспар әзірлеп, ЖОО, колледждер мен мектеп оқушыларымен кездесеміз. Мақсатымыз – нашақорлықтың салдарынан келетін қайғылы жағдайды болдырмау. Бүгінде орталығымызда 1 жасөспірім тіркелген. Дегенмен бұл цифр «жастар арасында нашақорлық жоқ» дегенді білдірмейді. Ата-аналар есепке тұрғызбай-ақ жасырын жеке клиникалардың қызметіне жүгініп жатады. Науқастар арасында әйелдердің үлесі 10 пайызын құрайды. Емделушілердің орта жасы 42 жасты көрсетті. Науқастардың біршама бөлігі емдеу ісіне өз келісімін береді. Қалған 30 пайызы қылмыстық істерге байланысы болғандықтан полиция қызметкерлері алып келеді. Орталықтың көмегіне жүгінгендердің 10 пайызы ғана тәуелділіктен түбегейлі арылуға талпынып, емделуге келеді, - дейді Шымкент психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев.
Қалалық Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Бауыржан Карбеков жиында бүгінде есірткі саудасына арналған интернет ресурстарына бақылау күшейгенін атап өтті. Тәртіп сақшылары жыл басынан бері 100-ге жуық есірткінің заңсыз айналымын анықтап, 25 келі есірткі заты тәркілегенін айтты. Соңғы жылдары «дәстүрлі» есірткінің орнын синтетикалық қоспалар қарқынды түрде алмастырып келе жатқанын полиция қызметкерлері де жоққа шығармайды.
– Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізіледі, оған қарсы күресте мүдделі мемлекеттік органдармен де бірлесе іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бүгінде «дәстүрлі» есірткі түрлеріне қарағанда интернет желілері арқылы саудаланатын синтетикалық есірткі көбейген. Полиция департаменті есірткі саудасының алдын алу жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады. Бүгінде тәркіленіп жатқан есірткінің басым бөлігі марихуана мен синтетика түрлері. Өткен жылы 2 келі синтетикалық есірткі тәркіленсе, осы жылдың 5 айында 6,5 келі есірткі қолға түсті. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі жүргізіліп жатыр, - деді Б.Карбеков.
Синтетикалық есірткі қысқа мерзімде әлемге таралып, Қазақстан да бұл «жаңашылдықтан» қалыс қалмады. Мамандар оның компоненті заңды әрі қолжетімді болуында деп түсіндіреді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткінің қоспасын жасап шығаруға болады. Қолдану әдістері де ерекше дайындық пен дағдыны талап етпейді. Ал, тәуелділіктен арылу жолы керісінше. Ұзақ уақыт пен сабырды талап етеді.
–Орталығымыздың емделушілерімен әңгімелескен сәтте есірткіге тәуелділік ең алдымен ақкөңіл, досының сөзін жерде қалдыра алмайтын, өзгенің көңілін қимайтындарда кездеседі. Өйткені досының «татып көр» деген сөзін жерде қалдырмаймын деп, тәуелді болғанын байқамайды, - дейді Шымкент психикалық денсаулық орталығының дәрігері Жұлдызбек Сабиров. – «Синтетикадан» туындайтын ең басты қауіп – мұндай химиялық қоспалар ұлттың гендік қорына үлкен зиянын тигізеді. Синтетикалық есірткінің дәмін бір рет татып көрген жастардың болашағы ондаған жылдарға тәуелділік пен ауыр азапқа толы болмақ. Мәселен, адамға бір дәмхананың тамағы көңілінен шықса одан 40 адреналин бөлінеді және келесінде тамақ жегісі келсе міндетті түрде сонда барады. Ал синтетикалық есірткіні қолданғанда бөлінетін адреналин 800-ге жетеді. Мұндай жоғары адреналинді бастан өткерген ағзаның өзі екінші рет іздей бастайды. Нәтижесінде, тәуелділік шырмауына түседі, - деді нарколог.
Нарколог дәрігер өз сөзінде елімізде қан құрамындағы есірткі түрлерін анықтайтын зертхана қондырғысы тапшылығын айтып өтті. Қолданыстағы қондырғылар бір-екі есірткі түрін анықтауға қауқарлы. Жыл санап құрамы мен формуласы өзгеріп отырған «синтетиканы» анықтауда медициналық жабдықтар жеткіліксіз. Тек елірген белгілері, өзін ұстауы, көзінің қарашығы арқылы анықтау практикасы қолданылып жатыр. Мәселен, жаңа синтетикалық есірткінің түрін жасау үшін 10 мың теңге жұмсалса, оны анықтайтын зертханалық талдау қондырғысына кемінде 1 миллион теңге қаржы жұмсалады екен.
Синтетикалық есірткінің әсері туралы кез келген дәрігерді сөзге тартсақ та бәрінің айтар ойы бір жерге келіп тоғысады. Ол – «барлық синтетикалық препарат адамның қайғы-қасіретінен пайда табу үшін жасалады» деген ащы тұжырым. «Себебі келесі дозаны қабылдау арқылы алар тән мен жан азабынан уақытша ғана айырылуы мүмкін. Алайда есе мен етін улап алған тажал ішке кірген бойда әбден жеп тауыспайынша тоқтамайды», дейді нарколог мамандар.
Европада есірткімен күрес саласында мына бір сөз жиі айтылады екен. «Есірткінің алдын алуға жұмсалған әр доллар болашақта денсаулықты қорғау, қылмысты ашу мен әлеуметтік шығындарға жұмсалған қаржының кем дегенде 10 долларын үнемдейді». Расымен де, қылмысты әшкерелегеннен оның алдын алған, себеп-салдарын болдырмаған маңызды. Құзырлы органдар есірткі қылмысымен күресте қоғам болып күресу қажеттігін алға тартуда. Сондықтан да қазір синтетикалық нашақорлықтың таралуы, интернеттегі жарнамасы мен саудасына қоғам болып бірлесе қарсы тұру бұрынғыдан да маңызды. Есірткісіз қоғам құру күресінде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында оң нәтижеге қол жеткізуге болатынын уақыт көрсетуде.