«СЕНАТ ЖҰМЫСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ – ӨҢІРЛЕРДІҢ ДАМУЫНА ЖӘРДЕМДЕСУ» Избранное

Среда, 12 Июль 2023 04:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 592 раз

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Депутаттар шаһардағы тұрғын алап халқымен кездесіп, денсаулық, әлеуметтік саладағы мекемелердің жұмысымен танысты. Алдымен депутаттар қалалық Жүрек орталығында болып, дәрігерлермен кездесті. Орталықтың Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Дархан Сүйгенбаев халық қалаулыларын атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, жеткен жетістіктерін баяндады.

561

 

Шымкент жүрек орталығы – бүгінде еліміздің екі ірі өңіріне бір мезгілде кардиологиялық, интервенциялық, аритмологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсететін жалғыз мамандандырылған орталық. Мұнда жыл сайын 8 мыңнан астам ота жүзеге асады. Оның ішіндегі 550 ота жүрекке ашық түрде жасалады. Күні кеше орталықта алғаш рет жүрек трансплантациясы сәтті өтті. Жүрек алмастыру отасы еліміздің бас кардиохирургы Юрий Пя, Ұлттық ғылыми кардиохирургия және Шымкент жүрек орталығы қызметкерлерінің қатысуымен өткен. Ота кезінде кардиохирургтар 61 жастағы ер азаматқа 46 жастағы ер азаматтың жүрегін хирургиялық жолмен қондырды.
Мұнда заманауи жоғары технологиялық жабдықтар қолданылады. Атап айтқанда, компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу жүйелері, ангиография көмегімен халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Сенаторлардың орталық қызметкерлерімен кездесу барысында денсаулық сақтаудың проблемалық мәселелері және халыққа медициналық көмек көрсету сапасын арттыру шаралары талқыланды.
–Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласын дамытуға аса назар аударылған. Жыл сайын республикалық бюджеттен денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаттың көлемі ұлғаюда. Мемлекет медицина қызметкерлерін қорғау мен қолдауды күшейту бойынша нақты шаралар жүргізуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын медицина қызметкерлерінің де жалақысын көтеріліп келеді, – деп атап өтіп ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова.

Тұрғындардың мәселесін тыңдады

Депутаттар бұдан кейін сапарырында Сайрам тұрғын алабының тұрғындарымен де жүздесті. Кездесу тұрғын алаптағы саябақта ашық форматта ұйымдастырылып, тұрғындар көтерген мәселенің дені инфрақұрылыммен қамту төңірегінде болды.

562


Сайрам тұрғын алабының ауыл биі Хауазмат Толеметов көпті толғандырған ауыз судың жайын жеткізді. Бүгінде қаладағы 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Сайрам тұрғын алабы тіршілік нәрін кестемен тұтынып отырған үш елді мекеннің бірі. Бұл мәселені қалалық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембеков түсіндіріп берді.
–Сайрам тұрғын алабына ауыз су тарту құбыры ІІІ кезең бойынша жүзеге асырылады. Қазіргі сәтте жобаның І-ІІ-кезеңінің құрылысы жүруде. Сайрамдықтарды сапалы сумен қамтуға бағытталған 5,2 млрд теңге қаржы республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Алғашқы кезеңде 99,5 шақырым құбыр жүйелерін тарту көзделіп, бүгінге дейін жұмыстың 20 пайызы орындалды. Жалпы, елді мекенді сапалы ауыз сумен толық қамту бойынша құрылыс осы жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі, – деді басқарма басшысы.
Елді мекеннің ауыл билері мен қоғам белсенділерін тыңдаған сенаторлар тиісті басқарма мен аудан әкімдігіне халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, бүгінде жүзеге асып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын жобалардан хабардар етіп отыруды ұсынды.

«Қамқорлық» балғындарды қоғамға бейімдейді

Мұнан кейін сенаторлар №8 балаларға арнаулы әлеуметтік «Қамқорлық» орталығында болды. Депутаттар мекеменің мамандарымен әлеуметтік саланы дамыту, ерекше балаларды қоғамға баулу жұмыстарының жайын талқылады.

Елімізде 1,5-18 жасқа дейінгі ерекше балаларға оңалту шараларын жүргізетін орталық ең алғаш болып Шымкент қаласында өз жұмысын бастаған болатын. Мұнда бүлдіршіндер күніне 4 сағат ақысыз қызмет алады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ашылған мекеме «Қазақстан халқына қоры», «Самұрық Қазына» АҚ және «Қамқорлық қорының» демеушілігімен Финляндия, Жапония, АҚШ және Австрия елдерінің құрылғы жиынтығымен жабдықталған. Бұған дейін балалар өзге орталықтарда 3 ай ғана әлеуметтік қызмет алса, бүгінде олар осында мамандардан ем алып, қосымша біліммен қамтылып отыр.
– Кез келген адамның қоғамдық ортада жүруге, білім алуға конституциялық құқығы бар. Ол үшін ең алдымен ерекше балаларды қоғамға бейімдеу керек. Қазір елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен инклюзивті қоғам құру бағытындағы жұмыстар жанданып келеді. Бүгін ерекше күтімді қажет ететін балаларды оқшауламай, осындай орталықтарда мамандардың көмегімен қоғамға, қоршаған ортаға бейімдеу жұмыстарының сәтті жүзеге асып жатқанының куәсі болдық, – деді
Айгүл Жарылқасынқызы.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының дерегінше, Шымкентте қазір аутизммен ауыратын 220 бала тіркелген. Ал, «Қамқорлық» орталығында 110 бала екі ауысымда жарты күн әлеуметтік қызмет алу мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде 40 бала ем қабылдап жатыр. Қызмет алушы балалар үшін проекциялық интерактивті сенсорлық, сенсорлық-интеграциялық бөлмелер, ЕДШ залы, робототехника және лего кабинеті, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері мен тігін, ағаш, қыш шеберханалары қарастырылған.

Қоғамдық кеңес бірқатар ұсынысын жеткізді

Сенаторлардың жұмыс сапары қала әкімдігінде жергілікті мәслихат депутаттары және Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуге ұласты. Депутаттар «ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгеріс енгізу, қаладағы кәріз жүйесінің проблемасын шешу, одан бөлек әлеуметтік салаға қатысты бірқатар мәселені алға тартты. Сенаторлар Парламенттің VIII сайланымның I сессиясы барысында қабылданған заңдардың маңызын, ел Президенті белгілеген мемлекеттің негізгі басымдықтары жайында сөз қозғады.
–Сенат жұмысының маңызды бағыты – өңірлердің дамуына жәрдемдесу. Сол себепті де Сенатта Жергілікті өкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес және «Өңір» депутаттық тобы жергілікті мәслихаттармен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Бұл алаңдар өңірлерді дамыту мәселелерін талқылап, проблемаларды жүйелі шешу жолдарын ұсынады,- деді Н.Бекназаров.
Кездесу барысында қалалық мәслихат депутаттары және қоғам белсенділері әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен оларды беру тәртібіне, қала аумағы инфрақұрылымына, газдандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ішкі нарықты қорғауға, кәріз жүйелерін тазарту, құрылыс жайларын салуға қаражат бөлуге және өңірдегі экономикалық-әлеуметтік ахуалға қатысты мәселелерді қозғап, сұрақтар қойды.
Сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері жекеменшік мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппай келе жатқанына назар аударуды сұрады. Үш ауысымды мектептердің жүктемесін азайтып, білім беру сапасын арттыру мақсатында ашылған жекеменшік мектептерде жанбасына шаққандағы қаржыландыру бойынша нормативтерге өзгерістер енгізу өзекті екенін жеткізді. Сонымен қатар ақпарат қауіпсіздігі, психолог мамандарының жалақысы туралы мәселелер көтерілді. Сенат депутаттары жиынға қатысушылардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, бірлесе талқылап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жиын соңында Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова кездесуде көтерілген маңызды мәселелерді бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Сенаторлардың іс-сапары Тұран шағынауданында жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайының құрылысы басында, «Шымқала» тарихи-мәдени кешен және «Тең қоғам» орталығында жалғасты.