Әлі алда тағы екі легі бар. Оң шешім алған 228 адам келесі санат бойынша жіктелген: 25-і АӘК алушылар, 34-і еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар, 121-і көпбалалы отбасылар, 32-і мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам, 16-ы асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар. Олардың ішінде жеке кәсіпкерлер – 125, жұмыссыздар – 103.
Грант тігін, кондитер және жартылай фабрикат өнімдері, қызмет көрсету (дүкен, клининг, массаж, фотосалон, компьютерлік қызметтер), мал шаруашылығы, сүт өнімдері, өндіріс, оқу орталығы, автокөліктерге қызмет көрсету, сұлулық салоны, құрылыс жұмыстары салалары бойынша берілген.
– Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге өздерінің бизнес әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет алады. Қайтарымсыз қаражат үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі тәуелсіз комиссиялардың шешімі негізінде беріледі. Комиссия құрамына қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді. Жалпы грант алған 228 адамның ішінде 213 азамат өз қызметін салық органдарына тіркеген. Оның ішінде 123 азамат есебін тапсырды. Белгілі себептермен кәсібін бастай алмаған 1 азамат өз еркімен ақшаны қайтарды. 2 грант иегері қаражатын мақсатты пайдаланғаны туралы есептерін 3 ай ішінде тапсырмауына байланысты, әкімшілік-құқықтық бөліміне қаржыны кері қайтару жұмыстарын жүргізуге ұсынылған. 102 азаматтың өз қызметін салық органдарына тіркеп, есебін тапсыруға 2023 жылдың қыркүйек айына дейін мерзімдері бар, – дейді Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығы директорының орынбасары Жұлдыз Балтабаева.
Қайтармсыз грант алған шымкенттіктердің кәсібі де ерекше. Бірі ұлттық дүниелерді жаңғыртып, жаңартып елге ұсынса, бірі ашытқысыз, денсаулыққа пайдалы нан жабатын шағын чех ашқан. Мемлекет қолдауымен кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлердің жұмысымен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ұйымдастырған іс-шарада танысып қайттық.
«Балық берме, қармақ бер» деген мәтел осы жағдайда айтылса керек. Қазір кәсіп ашамын деген адамға мүмкіндік көп. Грант алып кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың ісін көргенімізде осындай ой түйдік. Олардың әрқайсысынан өз кәсібіне деген жауапкершілік пен махаббат байқалады.
Ерекше істі қолға алған Нұрымжан Шойбековтың болашаққа деген жоспары көңілге қонымды. Экологиялық таза өнім шығарумен айналысып отырған көп балалы әке «қалайда осы ісімді елге танытып, халыққа пайдам тисе» деп отыр. Нұрымжанның шығарып отырған арболит өнімі шынында халыққа керек дүние екен. Бір ерекшелігі, керексіз ағаштарды екінші рет қажетке жаратуды көздеген. Негізгі құрамы ағаш химиялық қоспалар, су және байланыстырғаш материалдар қоспасынан алынатын жеңіл бетон. «Ағаш бетон» деген атымен де белгілі. Кендір қалдықтары да қолданылады. Мықты, отқа төзімді, шірімейді. Арболиттен жасалған бұйымдар мен конструкциялар өндірістік және қоғамдық үйлердің қабырғалары мен жылу сақтайтын жабындарда қолданылады. Мамандығы заңгер азамат кезінде мемлекеттік мекемеде қызмет атқарған.
–Бұл өнім Қазақстанда әзірге Көкшетау, Орал қалаларында ғана бар. Мен бұл кәсіпті Шымкентте 2016 жылы бастағанмын. Көп зерттедім. Қазір құрылыс заттары шеттен келеді, көбі зиянды заттар бөлетін қоспалардан әзірленеді. Осыны зерделей келе жаңашыл дүние жасағым келді. Арболиттің қасиеті –қыстың аязы мен жаздың ыстығында үй температурасын бірқалыпты сақтай алатындығында. Өз қаражатыммен кәсібімді ашып бастадым. Дегенмен бір-екі станок керек болып, грантқа құжат тапсырып, 1 млн. 300 мың теңге ұтып алған жайым бар. Бұл кәсібін ілгерілетемін дегендерге зор мүмкіндік» – дейді іскер азамат.
Бизнесінің аясын кеңейтемін деген кәсіпкер бүгінде 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Шымкенттік Ахат Ғабит та жоғары білімі бар азамат. Алайда дәнекерлеу, әрлеу ісіне қызығушылығы жоғары жігіт өз ісін ашуды көздеп, соңғы үлгідегі технологиялармен жұмыс жасау, түрлі-түсті металдарды дәнекерлеуді меңгерген. Осылайша, біраз уақыт тәжірибе жинақтап, арнайы курстарды тәмамдаған соң жеке кәсібін ашқан. Ғабиттің дәнекерлеу жұмыстарына арналған барлық құрал-саймандармен қамтылған өз шеберханасы бар. Грант ұтып, кәсібін жандандырған еңбеккор жан көпбейінді тренажер құрастыру, әткеншек, үстел жасау, қайта өңдеуді, былайша айтқанда сынған заттың кез келгенін дәнекерлеу жұмыстарына қосымша тапсырыстар қабылдайды. Тіпті, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Қазіргі таңда бизнес жоспарым бойынша жұмыс істеп жатырмын. Үкіметтен алынған қаражатқа аппараттар сатып алдым. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырмын. «Диплом бар, жұмыс жоқ» деп айтатындар жұмыс істегісі келмейтін адамдардың сылтауы дер едім. Іздеген адамға жұмыс табылады. Тіпті кейде жұмыстың көптігінен, артық тапсырыстарға үлгермей жатамыз. Жоспарым көп, цехымды үлкейтіп, тағы жұмысшылар алу ойда бар, – дейді кәсіпкер.
Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрген тағы бір жан – Балнұр Байкөзова. «Балдай нұр» атымен қала аумағына ашытқысыз нанымен таныс. Нарықта ашытқысыз нанның пайдасын түсінгендіктен бағасы жоғары. Бағасына қарап, «мұндай қымбат нанды кім жейді» деп ойлауыңыз әбден мүмкін. Алайда нарықта осындай нанға сұраныс жоғары көрінеді. Себебі артық салмақтан арылғысы келетін, жалпы, денсаулығын күтіп, салауатты өмір салтын ұстануға ниеттенгендер ең әуелі өздерін ашытқысыз, глютені бар наннан тыйып жатады. Кәсіптің көзін тапысы келген Балнұр да нарықты зерттей келе, қолынан келетін іспен айналысқан. Алғашқыда осы нанды жасап үйренемін деушілерге шеберлік сабақтарын өтіп жүрген. Бүгінде кішігірім цехында 40-тан астам өнім пісіріп, өзінің дүкенінде сатады. Ол грант алмас бұрын шағын кәсібін үйінде бастап, тапсырыс алып жүрген. Бастаған жобасын кеңейту үшін қаржылай қолдау керек екенін түсініп, мемлекеттік бағдарламаға қатысады. – Қаражатқа қажетті пеш, қамыр айналдыратын миксерлер сатып алдым, мұның өзі мен үшін үлкен қолдау болды. Барлық қолдаған жақындарыма алғысымыз шексіз» деген кәсіп иесі бұл грантты шынайы ниет пен адал істің арқасында иеленуге болатынын жеткізді. Алдағы уақытта өзге де мемлекеттік көмектен үміті бар Балнұр бағдарламалардың құжаты көп, талаптары жоғары болатынын жасырмады. Иә, тұтынып жүрген астың кейбірі зиянды деп жүргенімізде қаламызда пайдалы нан пісіру кәсібін қолға алған кәсіпкердің алға қойған мақсаты айқын, жоспары көп. «Балдай нұр» өнімін брендке айналдырсам деген ниеті бар.
Шымкентте Бейісбековтер отбасы елімізге қолөнершілер әулеті ретінде таныс. Олардың қазақтың қолөнеріне қосып жүрген үлесі ұшан-теңіз. Түрлі материалдардан суреттер мен портрет салып, тері мен киізден бұйымдар жасайтын отбасында 7 суретші бар. Осы өнерлі әулеттің келіні Мәдина Ахметова да он саусағынан өнері тамған шебер. Көз тартарлық кілем мен гобелен тоқиды. Биыл бағын сынап, мемлекеттік грантты ұтыпты. Тоқыма мамандығын игерген қолөнерші 15 жылдан бері киіз басып, одан түрлі бұйымдар жасап жүрген. Алайда ол киізді қолмен илеп жүрген. Енді осы қаржыға киіз илейтін станок сатып алған. Соның арқасында жұмысының жеңілдегенін айтады.
–Адамның ниеті мен ынтасы болса, істеген жұмысын жақсы көріп тұрса, кез келген шаруа қиынға соқпайды. Керісінше, істеген сайын шабыттана түсесіз. Жұмысыңыз жақсы шығып, халық оны бағалап жатса, одан да жақсы туындыны жасауға тырысасыз. Киіз өңдеу кәсібін өзім таңдадым. Оған еш өкінбеймін. Себебі ата-бабамның кәсібі жалғасын тауып отыр. Бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы тұтынған киіз – қой жүнінен жасалады. Ал, қой жүнінің жылу реттейтін қасиеті бар. Дәрігерлердің айтуынша, ол суық тиюден сақтайды. Сондай-ақ, жүннен жасалған киімдер мен бұйымдар жараның тез жазылуына, сынықтың тез бітуіне көмектеседі, қан айналымын жақсартып, адам терісінің қартаюын тежейді екен. Мамандар мұндай бұйымдарды, әсіресе, ревматизм, остеохондроз және радикулитпен ауыратын науқастарға ұсынатын болған. Киіз біріншіден, температураны бірқалыпты ұстайды. Екіншіден, жуған сайын жаңарады. Бүгінде бас киімнен бастап, аяқ киімге дейін жасаймыз. Жоғарыдағы қасиеттерін түсінген тұтынушылардан сұраныс баршылық. Келешекте киізден пальто тігетін өте жоғары технологиялы материал шығарсам деген мақсатым бар, – дейді Мәдина.
Өнерлі отбасының шеберханасын аралап жүріп, отбасындағы ауызбіршілік пен тәрбиенің маңыздылығын түсінгендей болдық. Көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы құнды дүниелерден ыждағаттылық пен еңбектің исі сезіледі. Мәдина сөз арасында атасы Болатбек Бейісбековтың Америкадан арнайы шақырту алып, үлкен көрмеге қатысып жатқанын айтып қалды. Айтуынша, жерлесіміз ол жақта сыздан да, суықтан да қорғайтын қазақтың киізін насихаттап, Мәдинаның қолынан шыққан керемет тұскиізін алып кетіпті.
–Былғарыдан жасалған бұйымдарды да өзіміз қолмен жасаймыз. Ал оның бәрін заманауи деңгейде жасайтын құралдары бар. Егер сол станоктар болса, нарықты жаулауға болады», – дейді кәсіпкер отбасы.
Әр әрекеттің берекеті бар. Тек ниет түзу, алға қойған мақсатың болса болғаны. Себеб, «алма піс, аузыма түстің» заманы өтті. Ал Шымкентте қайтарымсыз қаражат алуға бизнес жобаларға келесі құжат қабылдау науқаны қыркүйек айында басталады. Өтінімдер қабылдау «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимде қабылданады. Қатысу үшін үміткерлер порталға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркеліп, өтінім береді.