ҚЫЗМЕТТЕ АДАЛ, ҰЖЫМДА СЫЙЛЫ Избранное

Среда, 26 Июль 2023 04:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 683 раз

Өмірінде таңдаған мамандығымен аянбай еңбек етіп, өзгелерге үлгі көрсетіп, ел құрметіне бөленіп жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі – қоғамымызда құнды деп бағалана бермейтін, әйткенмен емханалар мен ауруханада елеулі қызмет атқаратын – санитар мамандар.

531

 

«Театр киім ілгіштен басталса», емхананың ісі алдымен тазалығынан көрінеді. Сондай мекемені жуып, таза ұстау, қала берді медицина қызметкерлерінің көмекшісі болып, жұмысына демеу беру өз ісін сүйетін маманның ғана қолынан келері сөзсіз. Өз қызметіне адал жандардың бірі – Зағипа Шалқарқызы. Ол №1 Оңалту орталығында 23 жылдан бері кіші санитар маманы болып қызмет атқарады. Ұзақ жылдар бойы мамандығына берік болып, бір ұжымда қызмет етіп келе жатқан еңбекқор жанмен тілдесіп, жұмыс барысымен танысып қайтқан едік.
–Жұмысты ауысыммен атқарамыз. Қызметімізге жауапты басшылық бізді екі постқа бөледі. Әр посттың атқаратын жұмысы, тазалайтын орны бар. Балалардың төсек-орны, еден, есік, терезе барлығының тазалығына біз жауаптымыз. Басқа мекемелерде жауапкершілік қатты байқалмайтын шығар, бірақ бізде әртүрлі науқастар, ерекеше балалар ем қабылдайтындықтан жұқпалы аурулар тарап кетпеуі үшін тазалыққа, дезинфекцияға аса қатты мән беріледі. Қатаң тексеруден жиі өтеміз. Ішкі жұмыстардан бөлек, ауланың да қызметі бар. Сырттағы гүлдерге қарау, арамшөптен тазарту ол да кезекпен атқарылады. Жұмыста тазалыққа басты мән беріледі. Жұмыс орнына кіргеннен кейін киімімізді ауыстырып, жұмыс формасымен арнайы қолғаптарымызды киіп тірлігімізге кірісеміз. Себебі сырттан келген киіммен емхана ішінде жүруге болмайды.

532


Басшылық тарпынан қызметімізге керекті химиялық сұйықтықтар, керек-жарақтар түгел қамтамасыз етілген. Тырнақ өсіріп, бояуға да болмайды. Қызметтегі тазалықтан бұрын өзіміздің гигиеналық тазалығымыз да қадағаланады. Жұмысымыз ауыр болса да өз мамандығымды жақсы көремін. Осындағы ұжым қызметкерлері бір отбасыдай болып араласып кеткенбіз. 23 жыл деген бір адамның біртұтас ғұмырындай уақыт қой. Осы аралықта қаншама қызықты күндерде, қиын уақыттар да басымыздан өтті. Мұндай кезеңдерде ұжымның қолдауы ерекше. Әр мейрам сайын түрлі іс-шарлар өткіземіз. Осы ұйымшылдық бізді үлкен жетістіктерге бастайды, – дейді З.Шалқарқызы.
Зағипа Шалқарқызы жұмыста ғана үлгілі маман емес, отбасында да көпбалалы ана. Бүгінде балаларын оқытып, еңбегінің жемісін де көріп отыр. Қарапайым қызметте істеп жүрсе де аз жалақымен балаларын қатарынан кем етпей, жақсы мамандықтың тұтқасын ұстауы үшін аянбай еңбек еттім дейді.
–Кіші қызым оқуды бітіріп, медбике болып жұмыс істеуде. Мен балаларымның жақсы маман иесі болып, еліне пайдасы тиер адал қызмет атқарғанын қаладым. Жолдасым бұрын әскери салада еңбек етті. Өкінішке орай, жол апатына түсіп, жұмысқа жарамсыз болып қалды. Содан бері отбасымның жүгін өзім арқалап келемін. Өмірдегі ең бірінші ұстанымым – ол адалдық. Ешкімге зиянымды тигізбеу, балаларыма да осы нәрсені үйреттім. Тұрмыс тауқыметін тартып, отбасында қаражат жетіспесе кей адамдар жаман жолға түсіп кетіп жатады. Мұндайда менің айтарым, адал тапқан табыстың наны тәтті, әрі берекелі болады. Кейде ойланып қалатын сәттерім бар. «Балаларым осы менің қызметімнен намыстанбай ма? Өз ортасында анасының қызметі туралы айтуға қымсынып қалмай ма?» –деген сұрақтар мазалайтыны рас. Енді қазір жасыратыны жоқ қоғам солай болып кетті. Бірақ қазір бәрі ержетіп қалғаннан кейін керісінше рахметін айтып отырады. Ең бастысы ешкімнің ала жібін аттамай, маңдай термен еңбек етіп келемін. Сондықтан да табысым берекелі деп ойлаймын. Жұмыс болған соң әрине қиындығы да, жалығатын уақыттар да болады. Қазір жасым 52-ге келді, осы жерден зейнетке шығу мақсатым, – деп әңгімесін аяқтады кейіпкер.
Біз сұхбаттасып болғаннан кейін де ол өз қызметіне кірісті. Қашан барсақ та аурухананың алды мұнтаздай таза болып, гүлдері жайқалып тұратындағын барлығымыз байқаймыз. Ал ішке кіргенде, келіп жатқан адамдардың көптігіне қарамай едендері таза, бөлмелері жинақы, ұқыпты болуының басты себепкері осы – санитар мамандардың адал еңбегінің арқасы. Бүгінгі біздің кейіпкердің тағдыр тауқыметіне сынбай, аз ғана жалақымен балаларын, өсіріп жетілдіріп, қызметте адал, ұжымда сыйлы болып отырғаны көпке үлгі. Берекенің кілті – адал еңбекте екендігінің дәлелі осы болса керек-ті.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.