ЖҰРТ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН ЖӘРМЕҢКЕ Избранное

Среда, 26 Июль 2023 04:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 459 раз

Шымкент қаласының тұрғындары азық-түлікті нарықтағы бағадан 15-20 пайыз, тіпті 50 пайызға дейін арзан сатып алуына мүмкіндігі бар. Мұндай жағдай әр апта сайын шаһардағы сегіз орында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде жасалған. Жәрмеңкені ұйымдастырудың мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден тікелей тұтынушыларға делдалсыз жеткізу болып табылады. Жақсы бастама дихан шаруалар мен тұтынушылардың көңілінен шығып жатыр ма? Аптаның әр сенбі күні орталық «Қажымұқан» стандоны маңында өтетін жәрмеңкенің барысын көріп қайттық.

535

 

Орталық стадион алдындағы ашық алаңда шаруалар мен кәсіпкерлер тауарын рет-ретімен орналастырған. Бейне шағын базар іспетті. Мұнда ет, сүт өнімдері, бал, көкөніс, жеміс-жидек, қауын, қарбыз, қызанақ пен қияр, болгар бұрышы, картоп, пияз, сәбіз секілді бақша өнімдерімен бірге, мал азықтық дақылдары да табылады. Жәрмеңкені аралай келе, сатылып жатқан азық-түліктердің сатылымдағы бағасын шолып шықтық. Расын да, бұл жердегі бағалар нарықтан әлдеқайда арзан екен. Мәселен, пияздың келісі 100-150 теңге аралығында болса, картоптың ұсағы 100 теңге, ірісі 150-170 теңгеден сатылып жатыр. Базар нарығына назар аударатын болсақ, пияздың бағасы 200-220 теңге, картоп 200-240 теңгеден саудаланып жатыр. Жәрмеңкеде Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылынан өзі өсірген картобын сатуға әкелген шаруамен тілдестік. Ол жәрмеңкеге картоп, сәбіз және пияз әкелген екен.
–Әр жылы есік алдындағы 45 сотық жерге картоп егіп, қаладағы жәрмеңкелерге әкеліп саудалаймын. Биыл 1,5 тоннаға жуық өнім алып, оның барлығын осы «Қажымұқан» стадионының алдына әкеліп саттық. Жол шығындарын өтеу үшін Жібек жолы базарындағы көтерме саудадан алған пияз бен сәбізді картоп жанына қостық. Тұтынушылар картоп алған жерден міндетті түрде пияз бен сәбізді де қоса алатыны жазылмаған заңдылық. Қазір есік алдындағы соңғы өнімді қазып алдық. Келесі сенбіде бақша өнімдерін көтерме саудадан алып, тағы осы жерге әкеліп сатуды көздеп отырмыз. Бұл жерде сауда орны үшін артық ақша төленбегендіктен, тауар үстінен көп ақша қоспаймыз. Сол бағаның өзі базардағы бағадан 20-30 пайыз төмен болады. Көп жылдан бері жәрмеңкеге келетіндіктен тұрақты тұтынушыларымыз да қалыптасқан. Келушілердің барлығы «сіздерде арзан екен» деп айтады. Біздің негізгі күн көрісіміздің бірі – диқаншылық болса, екіншісі осы – аптасына бір рет жәрмеңкедегі табыс. Мұнымен қалтамыз қалыңдап кеткен жоқ, десе де әрекетімізге жараса несібесіз емеспіз, – дейді дихан Айгүл Таңатарова.
Кейіпкеріміз бізбен әңгімелесе отырып, саудасын да жүргізіп тұрды. Бес минуттай әңгіме арасында 10 келіге жуық картоп, 2 келі сәбіз сатты. Осыдан -ақ, жәрмеңкедегі сауданың қарқыны жақсы екенін аңғаруға болады. Біз диқанның қырманына береке, саудасына сәттілік тілеп, жәрмеңке аралауды әрмен қарай жалғастырдық. Тағы екі метрдей жүрген соң қияр, қызанақ, тәтті бұрыш пен орамжапырақ дестеленген сөріге жақындап, тұтынушы кейпінде сатушыдан көкөністің бағасын, қай жерде өсірілгенін сұрадық. Сатушы сөредегі өнімдердің арасында қызанақ пен қиярды, баялдыны өзі өсіргенін, Ынтымақ шағынауданында есік алдында шағын бақшасы бар екенін айтты. Қалған тауарды «Барыс» базарынан алғанын да жасырмады.

534


–Жәрмеңке болғасын адам көп келеді. Тауар алуандылығы болмаса, сауда бәсеңдейтіні бар. Біз базардағы сатушылар секілді отырған орнымызға ақша төлемеген соң, тауар құнына аз ғана ақша қосамыз, – дейді саудагер.
Әрине, тауардың құнына саудагердің күнделікті базардағы орны үшін төленетін қаражаттың да әсер етуі табиғи. Енді оған, жол шығыны мен өз пайдасын қосыңыз. Бұдан шығатын нәтиже – азық-түліктің бағасының өсуіне алып келеді. Келесі кейіпкеріміз өзі өсірген өнімді делдалсыз тікелей, арзан бағада саудалайтынын, тұрақты тұтынушылары дәмді өнім үшін алғыс айтатынын мақтанышпен жеткізді.
–Біз жыл бойы, әр сенбіде осы жәрмеңкеге тауар әкелеміз. Азық-түлігін тек жәрмеңкеден алатын тұрғындар бізді танып, өткен жолғы сатып алған жүгерісі көңілінен шыққанын айтып, алғысын жаудырады, – дейді Бәйдібек ауданынан келген диқан Гауһар Исахова. Ол бүгінгі жәрмеңкеге өз бақшасында өсірген тәтті жүгеріні сатып отыр. Төрт жылдан бері Шымкент халқына өз өнімін саудалап келген көпбалалы ана – адам нан тапқан жеріне үйір екенін айтады.
–Өзім 6 баланың анасымын. Сәуір айынан бастап, отбасымызбен 65 сотық жерімізге дән егіп, баптап, дүмбілі сүтке (собығы) кіргеннен осы жәрмеңкеге әкелеміз. Көктемнен қара күзге дейінгі тіршілігіміз осы жүгері, – дейді Г.Исахова. Айта кетерлігі, базарда шикі жүгері собығы 150-200 теңге аралығында сатылса, жәрмеңкеде 80-140 теңгеге табасыз. Біз ары қарай ет сататын қатарға беттедік. Мұнда да сатылып жатқан қой, жылқы, сиыр және құс еттері де нарықтан 20 пайызға арзан екен.
–Бұған дейін жәрмеңке жайлы көп есіткеніммен бүгін алғаш рет келіп, келісі 2500 теңгеден жылқы етін сатып алдым. Мұндай бағаны екі жыл алдын көріп едік, одан кейін базарда жылқының еті 3 мың теңгеден асты. Басқа азық-түліктерде де осындай жағдай, базар нарығынан әлдеқайда арзан екен. Бұдан кейін көкөніс пен азық-түлікті тек жәрмеңкеден сатып аламын деп шештім, – дейді қала тұрғыны А.Қалыбеков.
Шаһардағы жергілікті тауар өндірушілер мен шаруа қожалықтардың қатысуымен өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қаланың әр нүктесінде ұйымдастырылып келеді. Мәселен, әр аптаның сейсенбісінде Нұртас шағын ауданы №1/6 («Стандарт Сити») үйінің артындағы автотұрақ аумағында сағат 15:00-18:00 аралығында өтсе, аптаның сәрсенбі күні Нұрсәт-3 шағын ауданы №52 үйдің жанындағы автотұрақ аумағында, бейсенбіде Тұран шағынауданы №763 «Turan Tower» сауда орталығы жанында, жұмада Шымсити шағынауданы №135 жалпы орта мектебі жанында және Тұран-2 шағынауданы №43 үйдің қарама-қарсы бетінде өтеді екен. Ал, сенбі күні «Қажымұқан» атындағы орталық стадионның көлік тұрағында және «1000 ұсақ-түйек» сауда қатарының алдында таңғы сағат 08:00-15:00-ге дейін, жексенбіде Нұрсәт шағынауданындағы «Рахима плаза» сауда орталығының жанында ұйымдастырылады.
Шаһар әкімдігі тарапынан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмеген. Қалада әлеуметтік маңызы бар тауарларының қымбаттауын болдырмау және делдалдардың қызметін реттейтін арнайы комиссия құрылған. Бұл топ сауда орындары мен базардағы азық-түлік тауарларының негізсіз өсуін бақылайды. Арнайы комиссия жыл басынан бері 50-ге жуық бақылау жүргізіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті негізсіз өсірген дүкендерге ескерту жасаған екен. Өз кезегінде азық-түлік бағасының тұрақтылығында жәрмеңкемен бірге жылжымалы әлеуметтік сауда орындарының маңызды рөл атқаратынын да айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда көкөніс өнімдерін сататын 200 жылжымалы әлеуметтік сауда орындары белгіленіп, қазіргі сәтте орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көшпелі сауда нүктелерінде күнделікті тұтынатын азық-түліктер жәрмеңкедегідей нарықтан 20 пайызға төмен саудаланатынын қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасынің өкілдері мәлімдеп отыр. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, мұндай сауда нүктелері жыл соңына дейін 300-ге жетеді екен. Бұл дүкендерде тұрақты баға қойылған азық-түлік тауарларының 19 түрі белгіленген. Оның ішінде күнделікті тұтынатын қант, ұн, жұмыртқа, нан және ет өнімдері бар. Тауар бағасын тұрақтандыру мақсатында шаруа қожалықтарымен форвардтық келісім-шарттар түзілді. Келісім негізінде кәсіпкерлер 2 мың тоннаға жуық өнімді 2023-2024 жылғы маусымдық кезеңде саудаға шығарады.
Саудаға делдал араласты дегенше, баға шарықтады дей беріңіз. Ауылдағы ағайын азабын тартып өсірген малды арзанға алатын алыпсатарлар, базарға шыға қымбатқа саудалайды. Олай болса, егіс алқабынан тікелей әкелінген азық-түлік іздесеңіз қаладағы жәрмеңкеге барыңыз. Өз кезегінде қала әкімдігінің көздегені жүзеге асқандай. Жәрмеңкеде өзіміз куәсі болғандай келген шаруа да, оның өнімін алған тұтынушы да риза.