«МЕДИЦИНА – АДАМДЫ, АЛ, ВЕТЕРИНАРИЯ – БҮКІЛ АДАМЗАТТЫ ЕМДЕЙДІ» Избранное

Пятница, 18 Август 2023 04:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 634 раз

Адамзаттың амандығы қоршаған ортаның саулығына, әсіресе жан-жануар әлемінің саулығына тікелей тәуелді. Халқымыздың жесе тісіне, жемесе түсіне кіретін ет пен дастарқанынан үзілмейтін ағарғаны төрт түлікке тікелей байланысты екенін назарға алсақ, елімізде ветеринария саласының қаншалықты маңыздылығын бағамдай беріңіз. 2020 жылы әлемді жайлаған пандемияның адамға қайдан жұққаны жайлы белгілі немесе түрлі нұсқалар болды. Алайда, тереңдеп зерттегенде індеттің тамыры жан-жануарлар әлеміне жол сілтейді. Вирусология мен ветеринарияның тоғысқан жері деуге болатындай нүктенің маңызын, осындай қатерлі сәттерін адам баласы анық сезінді. Негізінен бүкіл жер шары тұрғынының денсаулығына тек медицина мамандары ғана жауапты емес, ветеринарлар да маңызды рөл атқарады.

105

Малдың саулығына кепілдік беретін бірден-бір сала – ветеринария десек, осы сала бойынша Шымкент қаласында атқарылып жатқан қызметтер жайлы шаһардың ауыл шаруашылығы және ветернариялық басқармаға тиесілі «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның директоры Сырым Әбдіхалықов баяндап берді. Аталған мекеменің негізгі міндеттерінің бірі – қала аумағындағы ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халықтың денсаулығын, жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау болып табылады. Осы мақсатпен жыл сайын қала көлемінде он төрт түрлі (құтыру, лептоспироз, листериоз, пастрелиоз, сібір жарасы, күл, қарасан, оба, эккима, брадзот, туберкулез. т.б.) жұқпалы ауруларға қарсы ветеринариялық алдын ала егу, диагностикалау, бірдейлендіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.

104


–Қала тұрғындарының денсаулығын сақтау үшін ірі қара мен ұзақ малдарға уақытылы екпе егу ісі аса маңызды. Жыл басынан бері 715 400 бас ауыл шаруашылығы жануарларына профилактикалық екпе егу жұмыстары жүргізілсе, 126 400 бас жануардан диагностикалық қан сынамасы алынды. Сонымен қоса, 16 404 бас уақ мал мен 12 386 бас ірі қара малдың және 2 118 бас жылқының төлдері сырғаланып, құжаттандырылды. Тұрғындардың өтінімдері бойынша қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Мәселен, «I komek – ахуалдық орталығы» мен аулау қызметінің байланыс нөмірлері, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардан 2 089 өтінім келіп түсті. Осы бойынша 12 300 ит пен 3200 мысық ауланып, оның ішінде агрессивті және емделмейтін аулармен ауыратын ит-мысықтар тыйым салынбаған препараттармен (эвтаназиямен) ізгілікті жансыздандырылды. Бұл бір жағынан жұқпалы аурулардың таралмауына, екінші жағынан қала тұрғындарының қауіпсіздігіне септігін тигізіп отыр, - дейді кәсіпорын басшысы.
Бүгінде қала төңірегінде ветеринариялық қызметтің 6 бекетінде 88 ветеринар-маман жұмыс істейді. Мамандардың тағы бір қызметтік міндетіне жылына екі рет, көктем мен күзде қоражайлардағы малдарды тоғыту ісін жүзеге асырады. Ол үшін тұрғындар шаруашылыққа мал сатып алса, ең алдымен вет-бекеттерге хабарласуы тиіс. Мамандар малды тіркеуге алып, қауіпті аурудан амандығына көз жеткізу үшін қан сынамасын алып, зертханада талдау жасайды. Бұл қызмет үшін мемлекеттен қаржы қаралғандықтан, тұрғындарға ақысыз түрде жүргізіледі екен. Осылайша, мамандардың нәтижелі жұмысының арқасында соңғы үш жылда малдан адамға бірде бір қауіпті ауру жұғу жағдайы тіркелмеген.
Иттерді атып, қырып салу өткеннің еншісінде қалған. Былтырғы жылдың қыркүйегінен бастап елімізде қаңғыбас иттерді атуға тиым салынған болатын. Мұндай жағдайда қараусыз ит пен мысықтар көбейіп кетпей ме, деген сұрақ туындайды. Қазіргі сәтте Бадам-1 елді мекенінде иттерді уақытша ұстайтын орында қараусыз қалған жануарлар 3 күн оқшауланады. Мұнда жануарларға арнайы қан талдауы жасалып, қауіпті ауруларға қарсы екпе егіледі. Егер табиғатынан агрессивті болмаса, жануарларға қамқорлық танытатын еріктілердің көмегімен мейірімді қолдарға беріледі екен. С.Әбдіхалықовтың айтуынша, жыл басынан бері 4 500 жануар еріктілердің көмегімен иесін тапқан екен.
–Алдағы уақытта қаңғыбас ит-мысықтарды кастрация жасау жұмысы жүзеге асады. Қазірде мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, мердігер мекеме енді анықталып отыр. Көшеден ауланып әкелінген иттің еркегі 7 күн, ұрғашысы 10 күн бойы ветеринардың қарауында болып, диагностика жұмыстары жүргізіледі. Осы аралықта жануарлар ауруға қарсы вакциналанып, кастрация жасалады. Ең соңында арнайы чип пен сырға тағылып, еркіндікке қайта жіберіледі. Қазірдің өзінде 5 мың чип сатып алынды. Жануарларға чип орнатылған соң оның қайда жүргені, денсаулық жағдайы бақылауда болады. Бұл жұмыстардың нәтижесі бірден білінбегенімен, үш жылдан соң өз жемісін береді. Жобаның мақсаты – қараусыз жануарларды аяусыз қырып салу емес, жоғарыда аталған жұмыстар арқылы көбеюіне жол бермеу. Осы орайда, қала тұрғындары да үй жануарларына аса жауапкершілікпен қарап, қараусыз қалдырмаса екен. Көбіне тұрғындар үй жануары ұрғашы күшік туса, оны көшеге қаңғытып қоятыны бар. Салдарынан қаңғыбас жануарлардың көбеюіне алып келеді, - дейді Сырым Байрамұлы.
Қалалықтар «көшеде бұралқы иттер көбейді» - деп шағымданып шақыртса, тағы бірі салпаңқұлақтарды аулап жатқан кезде «көшеде жүрген иттерде нелерің бар?»- деп кедергі келтіретін көрінеді. Десе де, жеті қазынаға кіретін иттің босып жүргені диагностикадан өтпесе, вакцина салынбаса адамға дос бола алмайды. Осы мақсатта шаһардағы Ақтас шағынауданында қараусыз қалған жануарларды уақытша ұстауға арналған ғимарат құрылысы жүріп жатыр. Жануарларды уақытша ұстауға арналған ғимараттың құрылысы биылғы жылдың сәуір айында басталған болатын. Қазіргі уақытта құрылыстың алғашқы кезеңі жүріп жатыр. Жоба бойынша 1 гектар аумақта әкімшілік шаруашылық кешені, оқшаулағыш орын, карантин ғимараты, қойма, қараусыз иттер мен мысықтарды өз алдына бөлек уақытша ұстау павильоны орналасады. Нысан құрылысы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр.
Халқымыз төрт түлікпен біте қайнасып, үй жануарын өзіне дос көреді. Десе де, үйде өсірілген мал немесе ит-мысық болсын оның кеселі адам денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. ХХ ғасырда Орта Азияда ветеринар дәрігер болып қызмет еткен ғалым, академик Константин Скрябин «Медицина – адамды, ал, ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөзінен ветеринария саласы атүсті қарауға болмайтын, өте жауапты мамандық екендігін аңғаруға болады.