ЛУДОМАНИЯ ОЙЫН-САУЫҚ ЕМЕС, ҚОҒАМНЫҢ ҚАТЕРЛІ ІНДЕТІ Избранное

Пятница, 22 Сентябрь 2023 03:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 714 раз

Түрлі ойындарға ақша тігіп, өзін тоқтата алмау – бұл ойынқұмарлықтың бір белгісі. Мұның салдарынан біреу баспанасынан, көлігінен, тіпті ең жақын адамдарынан да айырылып жатады. Әлемді жайлаған бұл індетті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2017 жылы «лудомания» деп атауды ұйғарған. Осы әлеуметтік дертпен күресті күшейту мәселесі біздің еліміз үшін де маңызды.

235

 

Жуырда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елімізде ойынқұмарлық көбейгенін, онымен байланысты қылмыстық істердің артқанын, әсіресе бұл жастар арасында кеңінен таралғанын айтқан болатын. «Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деген Президент салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеп еді. Шын мәнінде елімізде лудоманияның өсу көрсеткіші жаға ұстатарлық жағдайға әкеліп отыр. Парламент Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов мінберде ойынқұмарлықтың статистикасын атап өтті. Мәжілісмен республикада 2019-2020 жылдары осы құмарлықтың салдарынан 350 мың ауру тіркеліп, 2019 жылы бәс тігу компанияларының айналымы 80 миллиард теңгені құрағанын, 2022 жылы бұл сома 500 миллиард теңгеден асса, осы жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 1 триллион теңгеге жетіп қалғаны жөнінде дерек келтірді. Енді осы дерекке қарап бүгінде ойынқұмарлықтың қаншаға жеткенін бағымдай беріңіз.
–Аталған індетке шалдыққандар бос уақыты мен қалтасында қаражаты бола қалса, осындай ойынға әбден әуестенген. Бұл – өте қорқынышты статистика. Оқу-ағарту министрлігімен де сөйлестік. Ең сорақысы, басқаны айтпағанда елдегі 3,5 миллион оқушының 25 пайызы, яғни 700 мыңнан астамының онлайн бәс тігіп, букмекерлік ойындарды ойнайтыны анықталған. 2022 жылы бәс тігу компаниялары біздің бюджетке 109 миллиард теңге салық төлеген. Осы санды құзырлы орын өкілдері жоғары жетістік ретінде дәріптеп жүр. «Компаниялардың демеушілігімен спорт саласы дамып, салыққа түскен қаражат та өсіп жатыр» деп насихаттайды. Ал, мен бұл тақырыптың екінші көлеңкелі жағын ашып айтамын. Құмар ойындардың салдарынан құқық бұзып, түрмеде отырған адамдардың саны артып жатқаны соншалық, оларға жыл сайын 70 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалып отыр, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты.
Бүгінде қайда қарасаңыз букмекерлік кеңсенің жалт-жұлт еткен жарнамалары, онлайн казинолар, құмар ойындар мен бәс тігетін қызметтері «менмұндалап» тұрады. Өкініштісі, алғашында көзді қуантатын жылтыр жарнамалардың соңы келеңсіз оқиғаларға әкеліп, ойынқұмарларды тұйық көшенің «құрсауында» қалдырып қоюда. Бұл жәй ғана бір адамның немесе отбасының ғана емес, ұлттың болшағына көлеңке түсіретін індет. Ауру түріне енгізілген соң оны емдеу ісіне психоневролог, психиатр және психолог мамандар жұмылдырылып отыр. Психоневрология саласында 20 жылдық жұмыс өтілі бар Мухамед Турдиевтің айтуынша, ең алғаш еңбек жолын бастағанда ойын құмарлық халық арасынды аса көп таралмаған ауру болған. Араға жылдар салып, бәс тігетін ойынның орны ауысып, кесел психологиялық аурулар ішінде көш бастаған. Маман мемлекет тарапынан оны тиюдың жалғыз жолы – теледидар мен түрлі ақпарттық сайттарынан құмар ойындары жайлы жарнаманы реттеу қажет екенін алға тартады.
–20 жыл бұрын қоғам алкоголь ішімдіктің зардабынан азап шегетін. Екінші індет – нашақорлық, одан кейін ойынқұмарлықтан шағым айтатын. Он жылдан кейін мұндай аурудың көшбасында нашақорлық болды. Маскүнемдік екінші орынға түсті. Тіпті, 10 жыл алдын да ойынқұмарлық қазіргідей белсенді болмаған. Міне, соңғы 5 жылда лудомания бәрінен озып, нашақорлық екінші орында, маскүнемдік ең соңында қалды. Әрине, мұндай аурудың жақсысы болмағанымен ойынқұмарлықтың шығыны бәрінен асып түседі. Бәс тігуге деген құмарлықты қандыру жеңіл болғаны соншалық, үйден шықпай-ақ, қолдағы гаджеттің бір пәрменін орындаса болғаны, тағдыры өзгеріп сала береді. Мұнымен күресудің жалғыз жолы – елімізде түрлі букмекер мен онлайн казино жарнамалары мен әлеуметтік желілердегі тікелей көрсетілім арқылы ойнатылатын бәс тігу ойындарына қатысты арнайы заң қабылдануы керек, - дейді психотерапевт М.Турдиев.

236


Спорт, букмекер, казино, өзге де құмар ойындары болмасын ойыншы «жеңемін» деген ойда «алаңға» шығады. Спорттағы жеңістер салауатты өмір салты мен елдің мұратын көздейді. Бәлкім, кейбір сайыстарда жеңіліс болғанымен, денені шынықтыру арқылы тән саулығында ұтары көп. Ал, құмар ойындарында уақытша жеңіске жетіп, табысқа кенелгенімен, жар жағасына жақындай түспек. Қаржылай қиындығы, жанына жақын адамдарынан алыстай түсуі терең тұңғиыққа ақырындап батып жатқанының белгісі. Десе де, мұндай түнектен құмар ойындарсыз жарқын күндерге жақындатар жол жоқ емес. Психолог мамандар ауруды емдеудің жолы да бар екен айтуда. Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығы №11 ерлер бөлімінің дәрігері Сұхраб Әбдіқадыров ойын құмарлықты көп адам ауру деп есептемегендіктен мамандардың көмегіне жүгінгісі келмейді дейді.
–Бүгінде психоневрологиялық диспансерде бірде-бір адам ойынқұмарлық үшін тіркеуде тұрмайды. Сондықтан болар ойынның жетегіне кеткен адамның дені өзін аурумын деп есептемейді. Психикалық емдеу ісінде «құмар ойынының потологиялық ауруы» деген диагноз бар. Өткен жылы орталыққа осы диагнозбен бір адам ем алса, биыл екі науқасқа медициналық көмек көрсетілді. Олардың психикасы аса қатты бұзылмағанымен, ойынға бәс тігуде өзін ұстай алмай, айналасындағыларға зиянын тигізгені үшін ет-жақындары орталыққа әкелді, – дейді Сұхраб Сайдімұратұлы.
Психикалық орталық жабық мекеме болғандықтан ойынқұмарлықты емдеу оңтайлы шешім. Өйткені психиатр лудоманияны емдеу ісінде ақпараттық технологиялардан, әсіресе қолындағы смартфоннан оқшаулауы мақсатқа жетудің ең тиімді жолы екенін айтады.
–Ойын үшін қарызға белшесінен батып, отбасынан айырылып, туыстары басқа жол таппаған сәтте, яғни ең соңында бізге әкеледі. Емдеу барысында психотерапия, дәріліктерапия және психологиялық қолдау көрсетіледі. Ойын құмарлықты емдеу көп уақытты талап етеді. Орталықта мұндай науқастарды жалпы ортаға қосып емдеу де өз нәтижесін беріп отыр. Мәселен, бізде ойынқұмарларға арналған палата қаралмаған. Олардың емделуі, салынатын дәрі-дәрмегі бөлек болғанымен өзге психикалық аурулармен бір ортада жүріп-тұрады. Соның өзі адамды ойландырады. Олардан өзін сау екенін сезінеді де, солай бола тұра науқастардың арасында емделіп жүргені жанына батып, тәубесіне келіп жатады. Алғашында орталықта оқшаулау 3 айға созылады. Егер одан жақсармай науқас екінші рет қайталаса, емдеу ісі ұзара түспек. Қуантарлығы бүгінге дейін ойын құмарлықтан емделген науқастарымыздың туыстары екінші рет әкелген жоқ, – дейді психиатр.

234


Негізінен психикалық орталықтың атынан үркіп, мұнда әкелмей, жеке оңалту орталығының қызметіне жүгінгендер қаншама? Мемлекеттік орталықта емделеу тегін жүргізілгенімен оны халық арасында «жындыхана» деп аталуы түзелуге, жақынын жақсы жолға түсіруге ниеттенген жандардың ынтасын түсірері анық. Осылайша көп адам қыруар қаржы кетсе де, жеке оңалту орталығына жүгінгенді құп көреді. Қаламыздағы осындай орталықтың бірі – «Komek Koldau Shymkent» оңалту мекемесі. Көмек алушылардың санын сыр еткен орталықтың жетекшісі, психолог Нурислам Әліпбайұлы жылдан-жылға ойынның жетегіне кеткендердің саны көбеймесе, азаймай отырғанын айтады. Орталық негізінен ойын құмарлық, нашақорлық және маскүнемдіктен арылтуға көмек көрсетеді екен.
–Адам бір күнде маскүнем болып кетпейтіндей, жастар арасындағы ойынқұмарлық телефонындағы түрі ойын бағдарламалары арқылы санасына сіңе бастайды. Бүгінде ұл балалардың 90 пайызы қолдағы гаджеті арқылы «Free Fire» атыс ойынын ойнайды. Мұнда да ақша салып, алмаз сатып алу, осы арқылы әскерін құралдармен жарақтандырып, зор күшке ие болу деген бар. Уақыт өте келе кейбір балалар ойыннан жалықса, басқа бала үшін азартқа айналады. 15-16 жасқа келіп, жеткіншектің көзі онлайн букмекерлерге де түсе бастайды. Алғашында 200-500 теңге салса, кейіннен мың, миллиондарға ұласады. Қаржатты әке-шешесінен ұрлайды немесе үйдегі бағалы заттар шетінен із-түссіз «жоғала» бастайды. Міне, осылай ойын құмарлық қалыптасады. Бір өкініштісі, баласының бойынан оғаш қылық байқаған ата-аналар бірінші кезекте молдаға апарып оқытады. Мәселен, тіс ауырса молдаға емес, тіке стомотологқа барасыз ғой. Тіпті, психологтың екі сағаттық кеңесі де шарықтау шегіне жеткен адамға көмек көрсете алмайды. Оған ұзақ уақыт оқшаулық пен психологтың терапиясы қажет. Сондықтан біз лудоманияны емдеу үшін толық стационарға жатқызып, мамандар тәулік бойы бақылауға алып, 8 ай бойы оңалту шарасын жүргіземіз, –дейді психолог.
Өткен жылдың қазан айында ашылған бұл орталықта айына 25-30 адам ем қабылдайды екен. Емделушілердің ең жасы 18 болса, үлкен 53 жаста. Жасы үлкендер өмірінен бақыт таппағандықтан бүкіл эмоциясын құмар ойындары арқылы шығарса, жастардың басым бөлігі отбасында ата-аналардың кикілжіңінен, мейірімнің аздығынан осындай жол арқылы өзіне жақсы көңіл-күй іздейтін көрінеді.
–Адамды қиындыққа түсірмейтін, одан алып шығудың жалғыз жолы – мейірім. Оңалту көмегін алып жатқан пациенттермен әңгімелесу барысында олардың басым көпшілігінде мейірім жетіспегені байқалады. Жастайынан әкесі маскүнемдікке салынып, анасын ұратын немесе әке-шешесінің ұрыс-жанжалы баланы басқа жақтан эмоция іздеуіне алып келеді. Екінші жағы – мемлекет букмекер мен құмар ойындарының жарнамасы жайлы заңды қайта қарау керек. Жарқ еткен жарнама мен телефондағы онлайн бағдарламалардың салдары осылай қоғамда жаңа індеттің өршуіне әкеліп отыр, – дейді Нұрислам Әліпбайұлы.
Қандайда ойын болсын рақаттануға әкеледі. Ойын барысында құмарлық, адреналиннің қарымды бөлінуі миды ширатады. Осының салдарынан лудоманияға шалдыққан науқас қоршаған ортаға, ет-жақындарымен қарым-қатынас орнатуға қызықпайтын, өзі үзе алмайтын «шеңбер» ішінде қалып қояды. Осылайша, жарнамасы жер жарып тұрған букмекерлер мен казинолар, ойын автоматтары бар да елдің өрендері өспей жатып, рухы өшуге алып келуде. Көрші Қырғызстанда бұл мәселені шешу үшін букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін заңмен тоқтатқан. Ал Оңтүстік Корея мен Қытайда құмар ойындарға ресми түрде тыйым салынып, онлайн-казино ойыншылары түрме жазасына кесіледі. Құмар ойындарды жариялаған барлық интернет-сайттар қатаң цензураға ұшырайды екен. Біздің елде де осы тәжірибені қолданса игі еді...