Көктем – мұрап, күз – диқан Избранное

Пятница, 29 Сентябрь 2023 04:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 478 раз

Биыл Шымкентте күзгі жиын-терімде 87,1 мың тонна өнім жиналу жоспарланған

Күз – диқан еңбегінің жемісін көретін, қырманы толатын мезгіл. Көктемде жерге дән сеуіп, жазда егінін суарған шаруаның күз келгенде қамбасы астыққа толып, көңілі жайланатын сәт те дәл осы кез. Шымкенттік шаруалар да егініне орақ салып, жиын-терімін аяқтауға таяп қалды. Биыл Шымкенттің төңірегіндегі егістік жерлердің 27,5 мың гектары игеріліп, қазірге дейін 79,6 тонна өнім жиналғаны осының бір айғағы. Негізінде жоспар бойынша, 87,1 мың тонна өнім жиналу көзделген екен. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, жиын-терім жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жауапты басшы жоспарланған өнім қарашаға дейін орындалатынын алға тартты.

293

 

–Қала төңірегіндегі ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлер жылдан жылға әлеуметтік нысан құрылысы көбейіп жатқандықтан қысқарып келеді. Десе де, қолданыстағы жерлерді шаруаларымыз тиімді пайдаланып отыр. Егін егуді әртараптандыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде 27,5 мың гектар жердің 11,4 мың гектарына дәнді-дақыл себіліп, одан 16,9 мың тонна өнім жиналды. Майлы дақылдың тұқымы 3,6 мың гектарға себіліп, алынған өнім 2,9 мың тонна. Сол секілді 8,9 мың гектарға малға азық болар дақылдың тұқымы себіліп, бүгінге дейін 14,4 мың тонна өнім жиналды. Шаруалар картоп өнімінде жақсы жетістікке жетті деп айтуға болады. 0,5 мың гектарға егілген тұқымнан 4,8 мың тонна картоп алынды. Ал, көкөніс және бақша өнімдері 3,1 мың гектарға егілген еді. Қазір 40,6 мың тонна өнім қырманға жиналды. Диқандардың жиын-терімі қарашаға дейін жалғасатынын ескерсек, жиналатын өнімнің де көлемі қазіргіден өседі деп сенеміз, – дейді басқарма басшысы.
Жерден мол өнім алу үшін оның құнарлы болуының өзі жеткіліксіз. Өсімдіктер жақсы күтім мен минералды азықты қажет етеді. Бұл мақсатқа тиісті басқарма тарапынан қомақты қаржы бөлініп, өнімділікті арттыру үшін шаруаларға үлестірілген. Мәселен, өсімдіктің минералды тыңайтқышына 122, 1 млн теңге бөлініп, оның 52 млн теңгесіне 467,5 тонна тыңайтқыш субсидияланған. Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 20 млн теңге қаралып, бірінші ұрпақ будандарының 60 мың дана тұқымы субсидияланыпты. Ал, пестицидтердің, биоагенттердiң (энтомофагтардың) құнын субсидиялауға 600 мың теңге қаралған екен.
–Күзгі жиын-терім кезінде жанармайға деген сұраныстың жоғарылайтыны қалыпты жағдай. Осы жағдайды ескере отырып, 44,3 тонна жанар-жағармайды 245 теңге, яғни жеңілдетілген бағада ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге беріліп жатыр. Сонымен қатар, қазір қалада 650 трактор, 360 дән сепкіш, 310 жер қопсытқыш, 410 бірлік агрегат бар. Осы техниканың 93 пайызы жиын-терім және жер жұмыстарына жұмылдырылып отыр,–деді Ә. Жанбатыров.

294


Шымкент қаласының халқы жылына 500 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын тұтынады екен. Шымкенттіктерді ұнмен «Алтын-Дән», «Пионер», «Дос», «Тұрар» және «Кемел ұн» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, нанмен«Ассоциация НАН» қоғамдық бірлестігіндегі наубайханалар, макарон өнімдерімен «Барыс-2007» кәсіпорны, күнбағыс майымен «Шымкентмай» ЖШС және тауық жұмыртқасымен «Шымкент құс» пен «Тассай құс» кәсіпорындары толығымен қамтамасыз етіп отыр.
– Сиыр еті бойынша қаламыз өзін 34 пайыз ғана қамтамасыз етеді. Қосымша қажеттілік Түркістан облысынан жеткізіледі. Тауық етін жеткізуде қаланың қамту үлесі 20 пайызды құрап, қосымша қажеттілікке қарай АҚШ, Белоруссия мемлекеттерінен және Алматы қаласынан тасымалданады. Ал, сүт өнімдерімен қамту үлесі орта есеппен 40-50 пайызға жеткен. Қалған бөлігі Солтүстік өңір мен Түркістан облысынан әкелінеді, – дейді Әбунасыр Шарифуллаұлы.
Миллионды шаһар тұрғындарының қажеттілігіне байланысты картоп Павлодар облысы, көрші Қырғызстан, Ресейден әкелінсе, пияз Жамбыл облысы мен Өзбекстаннан, сәбізді Павлодар, Жамбыл және Түркістан облысы, Ресейден, ал қырыққабат Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасынан тасымалданады екен. Бакалея өнімдері бойынша қарақұмық жармасы Шығыс Қазақстан облысы мен Ресейден, күріш Қызылорда облысынан, құмшекер Жамбыл облысы мен Ресейден және ас тұзы Қызылорда облысының өндірушілерінен алынады. Қазіргі сәтте бұл өнімдерді «Каис Инвест» ЖШС, «Ас-Ан» ЖШС, «Meir-Trade Dirstibution Company» ЖШС, ЖК «Сидельников» және «Прима Дистрибьюшн» ЖШС секілді ірі дистрибьютерлік желілер қамтамасыз етіп отыр.
–Шымкент қаласында жыл басынан бері баға индексі 103,5 пайызды құрады. Яғни, еліміздің өзге өңірлері арасында әлеуметтік азық-түлік бағасының қымбаттауы жағынан 11-ші орында тұр. Біз бұл көрсеткішті жыл соңына дейін ұстап тұруды көздеп отырмыз. Осы мақсатта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсуін болдырмау және алдын алу үшін бағдарлама әзірлеп, жүзеге асырып отырмыз.Осылайша форвардтық шарттар негізінде, халықтың қамту үлесін арттыру, делдалдықты шектеу, қаланың әр нүктесінде тұрақты түрде азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыру және айналым механизмі аясында кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз қаражаттар беру арқылы нәтижеге қол жеткіздік, – дейді басқарма басшысы.
Айналым негізі және форвардтық шарттар дегенді түсіндіре кетсек. Азық-түлік бағасының негізсіз өсуінің алдын алу үшін өндіруші кәсіпорындар және шаруалардан өнімдерді делдалсыз тікелей сатып алынып, нарықтағы бағадан 10-15 пайыз арзан сатылады. Қазір Шымкент қаласына 360 тонна күріш, 2 340 тонна – құмшекер, 370 тонна – қарақұмық жармасы, 90 тонна – макарон өнімдері , 2 475 тонна 1 сұрыпты ұн, 3 270 дана – әлеуметтік нан, 910 тонна –сиыр еті , 770 тонна – тауық еті, 43,7 млн дана – 1 санатты жұмыртқа, 25 тонна – ас тұзы , 330 тонна – күнбағыс майы, 70 тонна – сары май , 630 тонна – сүт, 1 720 тонна – айран, 140 тонна – сүзбе , 5 540 тонна – картоп , 1 300 тонна – пияз, 1 310 тонна – сәбіз және 1 050 тонна қырыққабат жеткізіліп, бекітілген сауда орындары арқылы белгіленген бағада сатылып жатыр.

295


Әкімдік тарапынан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауын болдырмау және делдалдардың қызметін реттейтін арнайы комиссия құрылған. Арнайы топ бүгінге дейін 70-ке жуық жиын өткізіпті. Оның құрамында әкімдік мүшелері, бәсекелестікті қорғау секілді құзырлы органдар мен департамент өкілдері бар. Жұмысшы топ сауда орындарында тауар үстіне қоятын құнды тым қымбаттатып жібермеуін қадағалайды. Олар үй маңындағы, базарлар мен дүкендер, сауда нүктелерінде бағаның негізсіз өсіруін болдырмауды бақылайды. Бақылаудың нәтижесінде 70-ке жуық бұзушылық фактілер анықталып, бағаны көтерген кәсіпкерлерге түсіндірме жұмысы жүргізілді. Қазір азық-түліктің бағасын қолдан өсіру жағдайы толығымен жойылды деп айтуға болады. Ал, кәсіпкерлік нысандарға электрондық шот-фактуралар арқылы хронометраждық зерттеу жүргізіліп, шекті сауда үстемесін 15 пайыздан асырған 26 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.
Бүгінде қала халқын азық-түлік тапшылығын болдырмау және баға қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорына 8,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Тиісті министрлік тарапынан бекітілген ережеге сәйкес, қаражаттың 70 пайызы тауар өндірушілерге, қалған 30 пайызы сауда желілерін қолдауға жұмсалады. Бүгінгі таңда, көкөніс өнімдерін сататын 100 жылжымалы әлеуметтік сауда орындары белгіленіп, орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Шымкент қаласының тұрғындары азық-түлікті нарықтағы бағадан 15-20 пайыз, тіпті 50 пайызға дейін арзан сатып алуына мүмкіндігі бар. Мұндай жағдай әр апта сайын шаһардағы сегіз орында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде жасалған. Жәрмеңкені ұйымдастырудың мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден тікелей тұтынушыларға делдалсыз жеткізу болып табылады. Ауыл шаруашылығы және ветринария басқармасының басшысы Ә.Жанбатыровтың айтуынша, шаһарда жыл басынан бері осындай 300 жәрмеңке ұйымдастырылыпты.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында, бюджеттен 8,7 млрд теңге бөлініп, 200-ге жуық сауда орнында әлеуметтік маңызы бар, күнделікті тұрмыста ең қажетті азық-түлік тауарлары нарықтан төмен белгіленген бағада сатылып келеді. Атап айтқанда, «Магнум» сауда желісінің саны – 31, «Грамад» сауда желісіның саны – 24, ет өнімдерін өндіретін шаруа қожалықтарының нүктесі – 10, ірі базар аумақтарында орналасқан көкөніс өнімдерін сататын жылжымалы сауда нүктесі – 6, халықтың тығыз орналасқан аймақтарындағы үй маңындағы кіші дүкендер – 129. Қаланың ауыл шаруашылығына жауапты басқарма мен «Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан қарыз алушы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, бағаның тұрақтылығын бақылап тұрады.