АЗАЛЫ ЖЫЛДАР АҚИҚАТЫ

Пятница, 29 Сентябрь 2023 05:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 482 раз

Түркістан облысының мемлекеттік архиві еліміздегі іргелі мекемелердің бірі болғандықтан да архив қорларында ел тарихындағы оқиғаларды айғақтайтын аса құнды құжаттар сақталып келеді. ХХ ғасырдың бірінші жартысы қазақ тарихында жасампаздық реформалармен қатар орны толмас қайғы-қасіретті оқиғалармен сабақтасып жатыр. Сондай тағдыршешті оқиғалардың бірі – 1928-1929 жылдар аралығында жүргізілген байлардың мал-мүлкін кәмпескелеп, өздерін жер аудару науқаны еді. Тарихи оқиғалардың қисынына жүгінсек, елде жүргізілген кәмпеске науқаны 30 жылдары жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргіннің бастамасы болғандығын көреміз. Бұл сөзімізге архивте сақталған құжаттардың мазмұнына үңілсек көзіміз жете түседі.

 

Тарихқа көз жүгіртсек, 1928 жылдың 15 наурызындағы Қазақ АКСР-ы Президиумының Қаулысы бойынша әкімшілік басқаруды округтік және аудандық жүйеге көшіру туралы ереже бекітіліп, «Кеңестер және олардың Атқару комитеттерінің өлкелік (облыстық), округтік және аудандық съездері туралы» ереженің негізінде елді әкімшілік-аумақтық бөлініске бөлу жұмыстары іске асырылған. Сырдария губерниясын аудандарға бөлу 1928 жылдың 30 мамырынан басталды. Сырдария губерниясы Қызылорда және Сырдария округіне бөлініп, Сырдария округінің құрамына Әулиеата, Жуалы, Меркі, Сарысу, Шу, Талас, Бостандық, Ұржар, Қаратас, Келес, Қызылқұм, Созақ, Түркістан, Жаңақорған, Арыс, Бадам, Ақсу, Қараспан, Манкент-Сайрам, Шаян, Түлкібас сияқты 21 аудан кірді.
Осы аудандарда жүргізілген кәмпеске науқанына қатысты құжаттар архивіміздің «Сырдаринский окружной исполнительный комитет» деп аталатын 74-қорында сақталған. Қор құрамында Қазақ АКСР ХКК, Қазақ АКСР ОАК қаулылары, жиналыс хаттамалары, округтік және аудандық съезд материалдары, бай-феодалдары кәмпескелеу жөніндегі құнды құжаттар кездеседі.
Архивтік құжаттарға көз жүгіртсек, байлардың мал-мұлкін тәркілеу науқанының басталуына 1928 жылғы 27 тамызда – Қазақ АКСР Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» декретінің қабылданғаны себеп болғандығын көреміз. Бұл декретте бай – феодалдар өздерінің мүліктік және қоғамдық ықпалымен ауылды кеңестендіруге кедергі жасайды деген ұстаным негізге алынды. №74 қордағы аталған қаулыны іске асыру бойынша нұсқаулыққа сүйенсек, онда «Байлардың шаруашылығын тәркілеу» атты қаулысында «…кеңес өкіметін құру барысында көптеген үстем тап өкілдері мен ауқаттылардың ауылдар мен қыстақтарда билікке қарсы үгіт-насихат жүргізіп, ұлтаралық және рулық алауыздықтар туғызып, кеңестік іс-шараларды жүргізуге кедергілер туғызғаны, сондықтан ауылдарды кеңестендіруге өздерінің ықпалымен кедергі жасап отырған жергілікті ірі байларды басқа жерлерге көшіру керектігі» ескертілген. Заң бойынша малы, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400-ден астам малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар, отырықшы аудандарда 150-ден астам малы барлар және бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтары жатқызылды.
Байлардың мал-мүлкін тәркілеу заңды бұзу арқылы жүзеге асырылды:
1. Орташалар байлар қатарына жатқызылды.
2. Тәркілеуге жататын нормаға дейін жеткізу үшін жекелеген отбасы шаруашылықтары әдейі біріктірілді.
3. Қанаушы элементтермен қатар дәулетті және орташа шаруашылықтар да тәркіленді.
Сөйтіп, бай-кулактар қатарына темір шатырлы үйі немесе 2 аты болғандар да енгізілді. Ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру (коллективизация) бағыты көзделіп, бай – кулактары тап ретінде жою міндеті алға қойылды. Бұл кеңестік саяси науқан «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін ұранмен жүзеге асты.
1928 жылы тамыздың 30-да Қазақ АКСР ХКК-нің «Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отрықшы аудандарын белгілеу туралы» арнайы қаулысы қабылданып, соған сәйкес аудандар белгіленді. Науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды, яғни бір ай ішінде бітіру керек деп шешті. Кейінірек ол тағы 10 күнге ұзартылды. Көрсетілген уақытта іске асырылып болмаса, әрі қарай бұл іспен ОГПУ және милиция органдары айналысуы тиіс еді.Тәркіленген бай-кулактарды жер аудару екі бағытта жүргізілген: округішілік және өлкелік (яғни Қазақстан бойынша).
Жер аударылуға жататын адамдарды көшіру үшін аудандарды айқындау туралы ҚАССР ХКК №82 қаулысы шықты. Қазақ байларын жер аудару тәртіппен жүргізілді.
Осы қаулыны жергілікті атқарушы органдар міндетті түрде орындауға тиіс деген нұсқау да берілді. Ұжымдастыру бай-кулактарды тәркілеуден басталды. Кеңес өкіметіндегі солақай саясаттың кесірінен көшіп-қонып жүрген, жеке мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың тұрмысына күрделі соққы жасалды. Билік әу баста тәркілеу тәртібі мен саясатын қазақтардан барынша жасыруға ұмтылды. Тәркіленуге тиіс адамдарды үш топқа жатқызды:
Бірінші топ: төңкеріске қарсы адамдар, бұларды бірден тұтқындап, ісін сотқа берді.
Екінші топ: ірі байлар. Бұларды дереу тәркілеп, өздерін алыс аудандарға жер аударды.
Үшінші топ: байлардың отбасылары. Оларды ұжымдастыру аудандарындағы колхоздар бөлген жерлерге қоныстандырды.
Бірінші топқа жаңа үкіметтің ісін жақтамайтын сауатты орта шаруа адамдар да ілікті.
КСРО Халық Комиссары 1932 жылы жазылған өте құпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 пайызы ғана байлар, қалғаны қатардағы еңбекшілер екенін мойындаған. Деректерге сүйенсек, тәркілеу науқаны басқа республикаларға қарағанда Қазақстанда өте қарқынды жүргізілді. 1928-1929 жылдары тәркілеу науқанына еліміз бойынша 696 бай-бағлан ілініпті. Алдын ала жасалған жоспар бойынша үкімет жоғарыдағы байлардан 225 972 бас мал тәркілейміз деп үміттенген еді. Алайда үміттері ақталмай, бар¬лығы 144 474 бас мал ғана тәркіленді. Бұл – жоғарыда белгіленген меженің 64 пайызы. Ал байлардан тәркілену арқылы тартып алынған малдардың 118 919 басы жеке шаруашылықтарға (74,3%) және колхоздарға (25,7%) таратылып берілді. Тәркіленген малдар негізінде жаңадан 292 колхоз құрылып, 1929 жылдың 1 қазанынан 1930 жылдың 1 қаңтары аралығында 100 мыңдай кедей және орташалардың шаруашылықтары ұжымдастырылды.
Осы орайда 2021 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығына және Түркістан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құру туралы» №6 қаулысына сәйкес, арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың мақсаты мен міндеттері талқыланып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық офисінің дайындаған әдістемелік нұсқаулығына сүйене отырып, Түркістан облысы мемлекеттік архивіндегі әділет, сот, прокуратура органдарының жабық және ашық қорларындағы құжаттарды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс екі бағытта: яғни 5-бағыт Большевиктік-сталиндік режимнің шаруаларға қарсы күшейтілген ұжымдастыру, сатып алу және басқа да саяси науқандарының құрбандарын зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау бойынша және 9-бағыт Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін жеке күрескен адамдардың, сондай-ақ осы идеялар үшін адамдардың саяси баяндамаларына қатысушылардың, қоғамдық және саяси ұйымдрдың, сондай-ақ қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа салалардағы идеялары үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың толық құқықтық және саяси ақтауға арналған пікірлер мен ұсыныстар дайындау бойынша жүргізілуде. Күні бүгінге дейін жүргізілген зерттеу жұмыстары негізінде жалпы саны 2124 адам тізімге алынды. Қазіргі таңда ақтауға жалпы саны 2062 адам ұсынылып отыр. Сонымен қатар, Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы архивіндегі деректер негізінде Сыр-Дария округіндегі мал-мүлкі тәркіленген 3090 бай-кулактың тізімі дайындалып, ақтауға ұсынылып отыр. Тізімде қылмыстық жауапкершілкке тартылған азаматтың аты-жөні, туған жылы, әлеуметтік жағдайы, қандай баппен жауапқа тартылғандығы және жаза мерзімі, архивтік негізі туралы мәліметтер қамтылған.
2022 жылы архив қызметкерлерімен жинақталған тізім негізінде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының толық құқықтық ақтауға ұсынылғандардың кеңейтілген тізімі» және «Сыр-Дария округіндегі бай, кулактар тізімі» атты 2 жинақ және жинақталған архивтік деректер негізінде «Отырықшыландыру мен шаруаларды күштеп жер аудару науқанының құжаттары мен мақалалар» жинағы жарық көрді.

Айдын Исатаева,
«Түркістан облысының мемлекеттік
архиві» КММ басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.