Құтыру – жануардың жарақаттауы арқылы жұғатын, орталық нерв жүйесін ауыр зақымдайтын және соңы өлімге әкеп соғатын аса қауіпті жұқпалы ауру.
Құтыру ауруы табиғатта негізінен ит тұқымдас жануарлардың арасында жиі таралған. Аурудың қоздырғышы вирус, ол адам мен жануарлардың жүйке талшықтарына еніп, оның ми қыртыстарын зақымдайды. Табиғаттағы негізгі таратушы – құтырған аңдар (ит, қасқыр, қарсақ, түлкі, шибөрі). Олар елді мекендерге, қырдағы қой қораларға келіп, үй жануарларына, адамдарға шабуыл жасайды.
Шымкент қаласында 2023 жылдың 8 айында адамдар арасында құтыру ауруы тіркелмеді. Қала бойынша жануарлардан жарақат алып медициналық көмекке жүгінген 2241 адам тіркелді, 2022 жылдың осы мезгілімен салыстырғанда жарақаттанғандардың саны 7,6 пайызға төмендеген (2022ж.-2313 жағдай). Жарақаттанғандардың 74,6%-ы иттерден зардап шеккендер, оның ішінде белгісіз иттерден 67,5% құрайды. Сонымен қатар 14 жасқа дейін балалар арасында тістелінгендер - 49,8%. Ағымдағы жылы жануарлар арасында құтыру ауруының ошағы тіркелмеген.
Құтыруды қалай жұқтырады?
Ауру жануарлардың (хайуандардың) сілекейі арқылы жарақаттанған теріге түскен жағдайда жұғады, одан әрі орталық нерв жүйесін зақымдайды да, бас пен жұлын миында жинақталып көбейеді, сілекей бездерімен сыртқы ортаға бөлінеді.
Алдын алу шаралары.
Құтыру ауруының емі жоқ, алайда алдын алуға болады. Құтырған немесе оған күдікті деген жануарлардан жарақат алған адамдарды сақтап қалудың бірден-бір жолы – антирабикалық вакцина және антирабикалық иммуноглобуллин егу. Құтырудың алдын алу мақсатында жануардан жарақатталып, тістелінген, тырналынған және сілекейленген жағдайда адамдардың барлығы құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін тұрғылықты жері бойынша медициналық мекемелерге медициналық көмекке қаралуы керек. Жануарлардан зардап шеккен адамдар бірінші кезекте дер кезінде жарақат алған жерді сабынды таза сумен мұқият жуып, жарақаттың айналасын 70 пайыздық спиртпен немесе 5,0 пайыздық йод ерітіндісімен залалсыздандырып, дәрігерлік көмекке қаралғанға дейін алғашқы көмек дер кезінде көрсетілуі керек.
Егер өзіңізге белгілі иттен немесе мысықтан жарақат алсаңыз, жануарды мал дәрігеріне көрсетіңіз, мал дәрігері 10 күндік бақылауда ұстап, сау болса, анықтама береді. Жарақаттанған адамға осы аралықта 3 рет егу тағайындалады (0,3,7 күндері). Ал егерде жарақаттаған жануар қашып кетіп, табылмаса, белгісіз болса немесе өліп қалған жағдайда 5 рет егу тағайындалады (0,3,7,14, 28 күндері).
Қалада жануарлардан жарақат алған адамдарға антирабикалық көмекті Әл-Фараби ауданына қарасты №2 қалалық ауруханада жүргізеді, мекен-жайы: Жандосов көшесі, №92 үй.
Құтыруға қарсы екпе тегін егіледі!
Мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды қамау керек, балаларды күдікті жануарлардан аулақ ұстап, дер кезінде мал дәрігерін шақыру керек. Ит, мысық асырайтын болсаңыз, мал дәрігеріне көрсетіп, кеңес алып, құтыру ауруына қарсы вакцина алып тұру керек.
Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда!
Шымкент қаласының СЭБД басшы орынбасары Тұрымбетова А.