ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ ДАМУЫНА ЗОР ҮЛЕС ҚОСҚАН Избранное

Пятница, 06 Октябрь 2023 04:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 408 раз

Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, шәкірттеріне жан шуағы мен жүрек жылуын төгіп жүретін жандар болады. Солардың бірі де бірегейі – Райхан Мұртазақызы Каланова.

259

 

Бүгінде 68 жасқа толып отырған ардақты жан еңбек жолын сонау 1975 жылы "Айгөлек" хореографиялық балалар ансамблінің жетекшісі ретінде бастаған. Содан бері 48 жыл бойы осы ансамблде үздіксіз еңбек етіп келеді.
Р.Каланованың жетекшілігімен ансамбль Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Түркияда, Кипрде, Болгарияда, Испанияда, Италияда, Германияда, Украинада өткен халықаралық фестивальдердің қатысушысы және лауреаты атанды. Ансамбль жыл сайын Астана, Алматы қалаларында өткізілетін республикалық мерекелік бағдарламаларда өнер көрсетеді.
Райхан Мұртазақызының жетекшілігімен "Айгөлек" ансамблі бірнеше рет бүкілодақтық пионерлер слеті мен "Артек" фестиваліне қатысып, қазақ мәдениетін әлемге таныстырды.
Республикалық ауқымдағы қазақ өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін Р.Каланова Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағымен, "Ерен еңбегі үшін" медалімен және "Шымкент қаласының Құрметті азаматы" атағымен марапатталған.
Р.Каланованың жетекшілігімен ансамбль жыл сайын халықаралық фестиваль-конкурстарға қатысады және дипломант, лауреат атанып жүр. Көпке ұзамай-ақ "Айгөлек" ансамблінің 2022 жылы Түркияның Кемер қаласындағы "Күн үйі" халықаралық байқауында, ал, биыл Италиядағы "Парадиз Холидей" халықаралық байқауында және Литвада өткен "Паланга-2023" халықаралық байқауында Гран-при иегері атанды.
Осынау жетістіктердің барлығы Райхан Мұртазақызының жарты ғасырға жуық уақыттан бері жалғасып келе жатқан тынымсыз ізденісі мен табанды еңбегінің жемісі екені сөзсіз.