ҰСТАЗДЫҚ – МАМАНДЫҚТЫҢ ТӨРЕСІ Избранное

Пятница, 06 Октябрь 2023 04:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 401 раз

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «мұғалім – мектептің жаны» деп бекер баға бермеген. Ұстаздар күні 5 қазан болып бекітілгенімен, мұғалімге деген құрметіміз әрдайым биік тұратыны анық.

257

 

Ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, ғылым иесі ғалым да, мал бағып терін төккен шопан да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адамзат құрметпен бас иеді. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Жалпы қазіргі кезде білім беру саласы заманның ағымына қарай, ұрпақтың сана-сезімі мен таным-түсінігіне қарай бейімделіп, үздіксіз өзгеріп жатыр. Сәйкесінше, мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
Бүгінде Шымкент қаласында орта білім беретін 246 мектепте 232 788 оқушы білім алады. Биылдың өзінде мектеп табалдырығын 26 969 бүлдіршін аттаған. Шымкент қаласы бойынша 20 184 мұғалім жас ұрпаққа сапалы білім және саналы тәрбие берумен айналысып жатыр.
Бәрін айт та, бірін айт соңғы жылдары білім беру жүйесінде айтарлықтай алға жылжу байқалады. Соның бірі «Педагог мәртебесі» заңы қабылданды. Ұстаздарға құрмет мұнымен шектелмей, ұзақ жылғы тәжірибесі бар ұстаздарға арналған республикалық, облыстық арнайы атақ пен төсбелгі белгіленіп, лайықты мамандарға табыстау қолға алынған. Жыл сайын республикалық байқауда бағы жанып «Үздік педагог» атанған 100 ұстазға 1 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, шамамен 3,6 миллион теңге сыйақы беріледі. Сайып келгенде осының бәрі ұстаздардың беделін көтеру мақсатында жасалып жатқан қадамдар.
Ұстаздар мерекесімен саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған мұғалімдерді, ұлағатты ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтаймыз. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы, қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Сіздердің өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілейміз.