САҚТАНДЫРУҒА ҚАТЫСТЫ 5 СҰРАҚ Избранное

Пятница, 31 Май 2024 05:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 292 раз

Редакциямызға азаматтардан МӘМС жүйесіне қатысты көптеген сұрақтар түсіп жатады. Оқырмандардың сауалына «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек жауап беріп, жүйе жайлы кеңінен түсіндірді.

МӘМС-1

 

Сұрақ: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі соңғы кездері жиі сынға ілінгені белгілі. Алайда, азаматтардың қымбат медициналық көмектің қолжетімділігіне алғысын білдіріп, ем алып жүргендеріне де куәміз. Оқырманның МӘМС туралы сауалына бұқараға түсінікті етіп баяндап берсеңіз. МӘМС-тің денсаулық сақтау саласының дамуына және халыққа қандай тиімділігі бар?

Жауап: Өздеріңізге белгілі, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – әлеуметтік жоба. Жинақтаушы болып саналмайды. Сақтандырылған әр азамат керек кезде төлейтін жарна төлеміне қарамастан, барлық медициналық көмекті алуға құқылы. Қарапайым дәрігерлік кеңестен бастап жоғары технологиялық көмек, УДЗ, КТ, МРТ сынды ауыр медициналық техникаларда диагностика жасата алады. Естеріңізде болса, 2020 жылға дейін әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ғана КТ, МРТ сынды қымбат медициналық диагностикалық қызметтер тегін көрсетілетін. Бүгінде барлық сақтандырылған азаматтарға ақысыз негізде қолжетімді. Яғни, МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласы екі көзден қаржыландырылып, бірінші кезекте қарапайым халықтың медициналық көмек алуға көп мүмкіндік пайда болды. Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры дерегіне сәйкес, қаладағы 22 медициналық мекемеде КТ, 17 мекемеде МРТ және 36 медұйымда сандық рентгенографиялық диагностикалау мүмкіндігі бар.

МӘМС


Сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмексіз қалған жоқ. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМКК) шеңберінде науқастарға шұғыл жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиация; амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, шұғыл жағдайда көрсетілетін қызметтер, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулардың диагностикасы және емдеу; стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қолға алынған.

Сұрақ: МӘМС жүйесінің негізгі қағидаты – халыққа медициналық көмекті қолжетімді ету. Дегенмен, жарна төлеу түгілі, ішерге ас таппай отырған отбасылардың бар екені жасырын емес. Олардың күйі не болмақ? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Жауап: Қазіргі таңда халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өйткені, бір де бір азамат медициналық көмексіз қалмауы керек. МӘМС – әлеуметтік жоба. Сондықтан, бірінші кезекте қарапайым халықтың қамын күйттейді.
Өздеріңізге белгілі, жағдайды объективті бақылау және уақтылы, тиімді шаралар қабылдау үшін былтыр қараша айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Үкімет деңгейінде ведомствоаралық «Жобалық кеңсе» құрылды. Аймақтарда сақтандырылмаған азаматтармен жұмыс істеу үшін арнайы штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Шымкентте халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту мәселесіне байланысты құрылған штабқа қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек төрағалық етеді.
Жарна төлеуге мүмкіндігі жоқ, тұрмыс жағдайы нашар азаматтар ерекше назарда болып отыр. Олар үкімет назарынан тыс қалмауы үшін салық басқармасы, «Атамекен» палатасы мен денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасы, білім және көші-қон басқармалары, жалпы барлық жауапты басқармалардың жұмыла кірісуімен жарна төлеуге мүлдем мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топты азаматтарды анықтау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ол азаматтардың тізімі әзірленіп, әкімшілікке жолдануы тиіс. Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлей алмайтын азаматтарды нақты анықтап, жұмыспен қамтамасыз ету қарастырылған.
Тапсырмаға сәйкес, қазір барлық құрылым өкілдері бекітілген алгоритмге сай әрекет етіп жатыр. Атап айтқанда, МӘМС Қоры КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы тарапынан қалалық денсаулық сақтау басқармасына сақтандырылмаған азаматтардың тізімі жолданды. Денсаулық сақтау басқармасы алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету мекемелері, яғни емхана деңгейлерінде өздеріне тіркелген сақтандырылмаған азаматтар арасында сауалнама жүргізіп, мәлімет жинақтап жатыр.
Жауапты органдар ол азаматтардың жұмыссыз екенін анықтаса, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыспен қамтуы тиіс. Мәселені жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттік қайтарымсыз грант және кәсіптік оқыту арқылы шешу көзделген. Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер департаментіне бейресми жалдамалы жұмыскерлердің жұмыс берушілерін анықтап, жұмысын заңдастыру жүктеліп отыр.
Жарна төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар қатарында денсаулығына байланысты жұмысқа қабілетсіз, бірақ мүгедектік тағайындалмаған азаматтар да жетерлік. Ондай азаматтарды емдеу мекемелері медициналық-әлеуметтік сараптамалық комиссия қарауымен қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ, сақтандырылмаған азаматтар қатарындағы шет елде оқитын студенттер мен жұмыс істейтін зейнеткерлер арасында МӘМС жарнасын төлеу қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Яғни, сақтандырылмаған азаматтар бойынша апта сайын мәлімет жаңартылып, оларды сақтандыру бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізіледі.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 1 231 796 тұрғын бар. Оның 81 пайызы МӘМС жүйесімен қамтылса, 220 554 адам сақтандырылмаған. Мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жалғастырып келеді. Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлеуден босатылған 720 735 азамат тіркелген. Ол жалпы халық санының 58,7 пайызын құрайды.

Сұрақ: МӘМС жүйесі медициналық ұйымдардағы жоғары технологиялардың дамуына ықпалын тигізе алды ма? Мәселен, кезінде күрделі ота жасату үшін халық елорадаға немесе Алматыға барып жасатушы еді.
Жауап: Шымкентте МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, жоғары технологиялық медициналық көмек қолжетімді болғанын дербес сарапшылар да растап отыр. Қала ауруханаларында ми-қан тамырларының күрделі бұзылыстары мен жүрек ауруларын емдеу кезінде күрделі оталар жасалып жүр. Қазіргі таңда қалада жоғары технологиялы медициналық көмек (ЖТМК) түрін ұсынатын 10 медициналық мекеме бар.
Өздеріңізге белгілі, Шымкент жүрек орталығында жасанды жүрек отасы жасалуда. Жүректің жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) импланттайтын отаның құны 77 миллион теңгені құрайды. Көмекші механикалық құрылғы науқастың қан айналымын жеткілікті көлемде қамтып, жүрек жұмысын қалыпта ұстайды. Соңғы 4 жыл ішінде мұндай 13 ота жасалған.
Сонымен қатар адам ағзасын ауыстыру оталары сәтті өткізіліп жүр. Биыл Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының білікті дәрігерлері МӘМС шеңберінде бауыр(1) және бүйрек (3) ауыстыру отасын сәтті жасап шықты. Мұның барлығы сақтандыру есебінен тегін жүргізілді.

Сұрақ: Емдеу процесінде науқастарды оңалту шаралары аса маңызды. Әрине, дәрігерлер барлық ем-домын жасайды. Бірақ, аурудан кейінгі оңалу жағдайына қаншалықты көңіл бөлініп отыр?
Жауап: МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артқан. Бүгінде 72 медициналық ұйым кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық, травматологиялық, пульманологиялық бағыттар және жалпы оңалту шаралары бойынша көмек көрсетіп отыр. Мысалы, былтыр бір ғана оңалту орталығында неврология, травмотология және ортопедиялық бағыттар бойынша 2 мыңға жуық науқас оңалту емін алып, талай азамат аяққа тұрған.

Сұрақ: Есепте тұрған науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылып отыр?
Жауап: Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін дәрілік заттардың тізімін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді.
Шымкентте бүгінгі таңда амбулаториялық тегін дәрі-дәрмек 123 нозология бойынша босатылып жатыр. Нәтижесінде науқастарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету 2,6 есеге өскен. Дәрі-дәрмектерді алу үшін пациент өзінің учаскелік дәрігеріне баруы керек. Дәрігер науқастың жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда емхананың дәріханасынан дәрі-дәрмектерді алуға рецепт жазады. Ал, жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде барлық дәрілік заттар тегін беріледі.

Дайындаған З.АЛДАБЕРГЕНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.