Шомылу маусымы қалай өтуде?

Пятница, 07 Июнь 2024 08:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 332 раз

shomuly-mausymy

Шаһарда суға шомылу маусымы басталып кетті. Бұл ретте қауіпсіздік шаралары да күшейтілген. Қалалық ТЖД, құзырлы органдар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын күшейтіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қалада суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілсе, оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Қай орындарда шомылуға рұқсат, қай орындарда суға түсуге тыйым салынған? Жалпы биылғы шомылу маусымындағы атқарылар іс-шаралар, қауіпсіздік талаптары жөнінде бірқатар жағдайларды айта кетсек.

 

ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒАЛАР ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ

Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы   Нұржан Қаракөзевтің айтуынша, қаланың климаттық жағдайына байланысты сәуір айынан бастап судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті, демалыс және мейрам күндері күшейтілген режимде жүргізіледі. Атап айтқанда, сәуір айынан бері судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша 85 рейд ұйымдастырылып, оған жалпы 9652 адам қамтылған.

Биылғы шомылу маусымы кезінде Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қаулысы негізінде жоспар бекітілген. Қала аумағында шомылуға тыйым салынған 13 орын бар. Олар – Бадам, Қарасу, Сайрам су, Янгишек, Шымкент магистральды каналының қала аумағындағы барлық арналары, Қошқарата өзенінің бастауынан басқа арналары, Текесу, Ақжар су қоймасы, Қайнарбұлақ жасанды көлі, Азат, Көкбұлақ, Сасық каналы. Аталған орындарда 25-тен астам ескерту белгісі орнатылған.

ТЖД құзырлы мекемелермен бірлесе тыйым салынған орындарда тұрғындарға суда қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстар маусым бойы жалғасын табады.

Бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілерде, адамдар көп шоғырланатын орындарда LED экрандар арқылы «Судағы қауіпсіздік шаралары» бойынша бейнероликтер көрсетілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері қаладағы су айдындарында жазатайым оқиғалар тіркелмеген.

ТЖД мәліметінше, 2024 жылы қаладағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы шомылу маусымын тиісті деңгейде өткізу мақсатында жергілікті полиция қызметкерлерімен рейд жүргізіп, шомылуға тыйым салынған орындарда қараусыз жүрген балалардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту, су айдындарына тыйым салатын және ескерту қауіпсіздік белгілерін орнату, балаларды жүзуге үйретуді пысықтау жұмыстарын белсенді түрде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

– Қазіргі уақытта су арналары, каналдардың қасында тұратын тұрғындарға үйме-үй кіріп, әрқайсысына брошюра таратып жатырмыз. Түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қала тұрғындары мен қонақтарының мобильді телефондарына жазғы шомылу маусымында 112 қызметі арқылы күнделікті ескерту хабарламалары жолданып отырады. Былтыр 13 орынға тыйым салынды. Егер биыл жаңадан кәсіп ашып, карьер қазғандар болса, су арналарын бұру жағдайлары орын алса, біз оларды комиссияда қарап, тыйым салу бойынша құзырлы мекемелерге ұсыныс беріледі. Тұрғындар мұндай жағдайды анықтаған болса, бізге хабарласу қажет, – дейді Нұржан Нұрханұлы.

Департаменттің мәліметінше, өткен жылы шомылу маусымында судағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау бойынша 14 тұлғаға айыппұл салынып, 12 тұлғаға ескерту берілген.

 

СУҒА ТҮСУ ЕРЕЖЕЛЕРІН БІЛЕСІЗ БЕ?

Шаһарда қай орындарда шомылуға рұқсат етілген? ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзевтің мәліметінше, «Холодильник» және «Рахат Бадам» демалыс орындарымен қатар, Қошқарата өзенінің бастауында қала тұрғындары шомыла алады. Ал, спорт және туризмге арналған орындар – дендрологиялық саябақ пен Жайлаукөл. Мұнда шомылуға тыйым салынған.

Өткен жылы шомылу маусымында әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларын суда жүзуге тегін үйрету жобасы іске асырылды. ТЖД қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесе 2300-ден астам баланы суда жүзуге үйретті. Биыл да 5 аудан әкімдігімен бірлесе бұл жұмыстар жалғасын табады. Қала аумағында орналасқан бассейн, демалыс орындарымен меморандум түзілген. 2024 жылы жалпы 3500-ден аса баланы жүзуге тегін үйрету жоспарлануда.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, балалардың суға кету оқиғаларының бірден-бір себебі жүзе білмеуінде екен. Сол себептен де бұл жобаның игілігі көп-ақ.

ТЖД қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын суда шомылу ережелерін есте сақтауға шақырды. Рұқсат етілген белгілері бар жерде ғана шомылу, бейтаныс жерге суға түспеу, жүзе алмайтындарға белден жоғары келетін жерден әрі қарай бармау, балаларды су маңайында қараусыз қалдырмау, суға масаң күйде түспеу және түнгі уақытта шомылмауды ескертеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.