АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ Избранное

Среда, 28 Август 2024 04:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 329 раз

Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің кеңейтілген алқа мәжілісінде бірқатар мәселелер қаралып, кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты. Әкенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және мектеппен байланысты нығайту мақсатында 2021 жылы қалалық ардагерлер кеңесі жанынан «Әкелер мектебі» құрылған еді. Алдымен күн тәртібінде аталған маңызды мәселе талқыға түсті.

KelisiM

 

Алқа мәжілісіне қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Дәрібаева, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Заңғарбек Үсіпахметов, білім беру ұйымының басшылары қатысты.
Қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жанпейіс Қобыланов «Әкелер мектебінің» жұмысын жандандыру бағытында атқарылған іс-шараларды, басым бағыттарды баяндады.
– Мектептегі білім мен тәрбиені ортақ ұлттық құндылықтар негізінде жаңарту кезек күттірметін мәселеге айналып отыр. Бұл ретте әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. «Әкелер мектебі» өткен оқу жылында ұлттық құндылыққа негізделген тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда бастамашылдық танытты. Білім беру ұйымдары басшыларымен бірлесе жұмыс атқару мақсатында меморандумдар жасалды. Соның негізінде «Әкелер мектебі», «Аналар алқасы», «Әжелер мектебінің» жұмыстары кіріктіріліп, табысты нәтижелерге қол жеткізілді. 2023-2024 оқу жылында қаладағы мектептер базасында декада, форум, әдістемелік-тәжірибелік семинарлар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Қоғамдық маңызды іс-шараларды бірлесе өткізудің жылдық және ағымдағы жоспарлары жасалып, бекітілген, – деді Ж.Қобыланов.
Алқа мәжілісінде қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев отбасылық құндылықтарды, әке тәрбиесінің жақсы жақтарын насихаттаудың маңызы зор екенін атап өтті. Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Дәрібаева «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады. Сонымен қатар, жастар арасындағы құқық бұзушылық, ұлттық тәрбие, білім және отбасы құндылықтары жайында ардагерлер, мектеп басшылары ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ, жиында Ардагерлер кеңесі жанынан рухани-танымдық «Академиялық кеңес» құрылды. Академиялық кеңес ұлттық тәрбиені жаңғырту мақсатында құрылған ардагер ұстаздар мен ғалымдардың қоғамдық негіздегі консультативтік-шығармашылық бірлестігі болып саналады. Басқосуда ұлттық тәрбие қағидаттарын жаңғырту бағытында жұмысын бастаған Кеңестің құрамы таныстырылды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.