«ХАЛЫҚ СЫНЫ – ҚАТЕСІЗ» Избранное

Среда, 14 Август 2024 06:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 886 раз

немесе
қала әкімі Шымкент халқының игілігі үшін жұмыс істеуге уәде берді

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан мен әділетті қоғамды құруға бағытталған саясатына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.

AkimXal

 

Иә, билік өкілдері, әкімдер, министрлер, ведомство басшылары қалың бұқараға, қарапайым азаматтарға барынша жақын, ашық болуы керек. Басшылар алдына келген адамға шекесінен қарамай,онымен тең дәрежеде пікір алмасып, мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Сонда халықтың билікке деген сенімі нығайып, елдің ішкі бірлігі бүтінделіп, бейбітшілік пен тұрақтылық баянды бола бермек. Президенттің ел басқару ісіне араласып жүрген азаматтарға қойып отырған талабының мәні, міне, осында жатыр деуге болады. Бізді қуантатыны, айтылған сөз іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Оған мысалды көптеп келтіруге болады.
Мәселен, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өткен аптада мегаполистегі барлық бес ауданды түгел аралап, тұрғындармен көшпелі кездесулер өткізді. Елдегі үшінші қаланың басшысы халықтың ортасына барып, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан маңызды мәселелерді қарапайым азаматтармен бірге талқылады. Шағын аудандарда, елді мекендерде, көшенің бойында, проблемалы орында өтетін көшпелі кездесулерді әкімдік ғимаратында, сықиған кеңседе өтетін ресмилігі басым кездесулермен салыстыруға келмейді. Көшпелі кездесулерде тұрғындар өз аяғымен алдына келіп тұрған әкімге өткір сұрақтарын қымсынбай қойып, әртүрлі сын да айтады.
–Әрине, халық сыны – қатесіз, - деп жазды осы мәселе жөнінде әлеуметтік желідегі парақшасына арнайы жазба жариялаған Ғабит Әбдімажитұлы. – Мен орынды айтылған сынды әрқашан дұрыс қабылдаймын және нәтиже шығаруға тырысамын. Бұл – менің берік ұстанымым. Кездесулерде тұрғындар тарапынан айтылған ең үлкен мәселенің бірі жол сапасы болды. Басшылар бюджеттің ақшасын тиімсіз жұмсап, жолды сапасыз жөндейді деген пікір айтылды. Рас, бұған дейін мүлде жөндеу көрмеген, сапасыз жасалған көшелер бар. Бірақ, мен маған дейінгі қала басшыларының әрекетіне емес, өз ісіме жауап берген дұрыс деп санаймын. Менің позициям – кез-келген нәрсе халық игілігі үшін жасалуы керек.

Сонымен қала әкімі Абай және Тұран аудандарына қарасты Нұршуақ, Жиделі, Қызылжар, Құрсай, Ақтас шағын аудандарының, сондай-ақ Т.Рысқұлов және А.Байтұрсынов көшелерінің тұрғындарымен кездесті. Қала тұрғындары көшпелі кездесуде жолдарды асфальттеу, кеңейту, спорт және балалар алаңдарын салу, жер учаскелерін заңдастыруға қатысты өзекті мәселелерді қозғады.
Кездесу барысында Жиделі шағын ауданы халқы білім, денсаулық сақтау нысандарының, жаяу жүргіншілер өткелінің және шалғай көшелердегі жарықтың жоқтығына шағымданды. Мегаполис басшысы салалық басқармалардың басшылығына балабақша мен мобильді медициналық пункт салу мүмкіндігін мұқият зерделеп, қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, Қызылжар шағын ауданында қала әкімі тұрғындармен кәріз жүйесін жүргізу, қоғамдық көлік маршруттарын ұзарту және көшелерді абаттандыру мәселелерін талқылады. Ал, Рысқұлов көшесі 1а, Байтұрсынов көшесі 65, Құрмет шағын ауданында және Ақтас тұрғын алабында тұратын тұрғындар жасыл желек жайына, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, тротуарлар мен аялдамаларды орналастыру мәселелеріне тоқталды.

Jol


Суару жүйелері, мәдениет үйінің, балабақшаның құрылысы, сондай-ақ электр энергиясымен, сумен үздіксіз қамтамасыз ету жайы да қаралды. Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін мұқият тыңдаған Ғабит
Сыздықбеков тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.
Бұдан басқа, аудан әкімдеріне жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру және жергілікті маңызы бар көшелерге коммуникациялар жүргізу бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Сонымен, Ғ.Сыздықбеков Әл-Фараби, Еңбекші аудандарының тұрғындарымен көшпелі кездесулер өткізді. Қаладағы №17, Қарасу, Текесу шағын аудандарыны мен Елтай, Тоғыс, Жыланбұзған және Айнатас тұрғын алаптарының азаматтарымен кездесу барысында бірқатар өзекті мәселелер пысықталды. Аулаларды абаттандыру, қоқыстарды жинау, жер учаскелерін заңдастыру, кәріз жүйелерін жүргізу және көшелерді, саябақтарды жарықтандыру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ, қала тұрғындары жасыл желектерді суару, суару жүйелерінің жағдайы мен жол жөндеу, саябақтар мен гүлзарларда пандустар орнатуға қатысты өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Елтай және Тоғыс тұрғын алаптарының халқы жаңа мектеп пен мәдениет үйін, сондай-ақ, спорт кешенін салу бойынша өтініштерін білдірді. Қала әкімі орынбасарлары мен сала, аудан басшыларына келесі жылы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын қарастыруды тапсырды.
Елтай тұрғын алабының азаматтары жаяу жүргіншілер өткелін салу, бейнебақылау камераларын орнату және балабақша қажеттіліктеріне де тоқталды. Ал, Айнатас шағын ауданы тұрғындары жаңа мектеп салуды және қоғамдық көлік қозғалысын реттеуді сұрады. Қала әкімі барлық өтініштер мен ұсыныстарды назарға алып, өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Кездесулерде тұрғындар тарапынан айтылған ең үлкен мәселенің бірі жол сапасы болды. Осы орайда, Шымкентте жолға қатысты нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген мәселе бойынша қысқаша ақпарат бергенді жөн санап отырмыз.
Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда жолдардың құрылысы, реконструкция, күрделі жөндеу, бағдаршам, жол белгілері мен аялдама орнату бойынша нақты жұмыс жүріп жатыр. Биыл 21,8 шақырым жаңа жолды пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде оңтүстік айналма жолы бар. 17 шақырым жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, 24,9 шақырым жолды реконструкциялау жоспарланып қойған. Қала бойынша 345 көше жөнделеді, қазіргі таңда 185 көшеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаладағы 450 мың шаршы метр шұңқырларды жамау жоспарланып, оның жартысы қазірдің өзінде жүзеге асты. Бұл былтырмен салыстырғанда бес есе көп. Тұрғындардың сұрауы бойынша аз ғана уақытта 36 көшеге асфальт төселді. Сондай-ақ 11 орталық көшенің асфальты жаңартылды.
–Соңғы рет 2009 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген Әл-Фараби алаңының да тозығы жетіп, шұрық-тесік көбейген еді. Жыл сайын жолды жамай беру бюджетке тиімсіз. Сондықтан жол жамылғысын толық жаңарту жұмыстары жүргізілді. 35 шақырым тротуар салынды. Жол деңгейінен төмен немесе жоғары орналасқан 270 құдық қақпақтары (люк) ауыстырылды. Жол қауіпсіздігі үшін бұның өте маңызды екенін көлік жүргізушілері жақсы біледі. Қаладағы 190 бағдаршам заманауи әдіске көшеді, яғни, «ақылды бағдаршам» орнатылады. Алдағы уақытта керексіз жобалар қайта қаралып, үнемделген қаражат жол жөндеу жұмыстарына бөлінеді. Бір ескеретін жайт, жұмыстардың барлығы бюджеттің қаражатына жасалып жатқан жоқ. Демеушілердің есебінен де біраз жоспар жүзеге асты. Мысалы, веложолдар ашылып, асфальт төселіп, тротуарлар жаңарып, спорт алаңдары салынып жатыр. Демеушілер қаланың дамуына барынша атсалысып отыр. Неге демеушілер белсенділік танытып кетті? Олар бұрын қайда болған деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұның да жауабы бар. Себебі, қазір қаланың дамуын тежейтін жемқорлық жоқ. Ешкім тендер үшін «откат» алмайды, ешкім тендер үшін процент сұрамайды. Сол себепті кәсіпкерлер қаланың көркеюіне шынайы үлес қосып отыр, - дейді Ғ.Сыздықбеков.
Қала әкімі тұрғындар тарапынан айтылатын орынды сынды шынайы қабылдайтынын, халықпен кездесудегі басты жоспар да мәселелені тұрғындардың өз аузынан есту, ашық пікір алмасу екенін айтты.
–Алайда, бір күнде шешілетін мәселе бар да, жоспарлы, жүйелі түрде атқаратын шаруа бар. Жылдар бойы бұл салада жөндеу жұмыстары болмаған. Бүгін біз қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін барынша жұмыс атқарып келеміз. Ешкім халықтан биік емес. Мен Шымкент халқының игілігі үшін жұмыс істеуге уәде бердім. Уәде жерде қалмайды. Уақыттың еншісіндегі мәселелерді шыдамдылықпен, сабырлықпен қабылдауды сұраймын, – деген шаһар басшысы біз бірге болсақ қана үлкен жетістіктерге жететінімізді атап өтті.