SHYMKENT – елдегі жетекші орталықтардың бірі Избранное

Среда, 20 Март 2019 04:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3999 раз

Үкімет басшысы Асқар Мамин мегаполиске жұмыс сапарымен келді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-Министр Шымкенттің дамуы барысымен және атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

DSC 0056

Үкімет басшысының жұмыс сапары «Тұран» және «Шымкент Сити» шағынаудандарынан басталды. Премьер-Министрге қос аудандағы құрылыс барысы және инфрақұрылымдық жобалар таныстырылды.

«Тұран» шағынауданында жеке инвестициялар есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік және коммерциялық нысандардың құрылысы, сондай-ақ жалпы ұзындығы 33,7 шақырым болатын 13 магистралдық автожол салу қарастырылған.

Ал «Шымкент Сити» қалашығында қазіргі таңда 2 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілген. Биыл 3863 пәтер салу жоспарланып отыр. Ауданда мектеп, балабақша, емхана, дәріхана секілді әлеуметтік инфрақұрылым және саябақтардың құрылысы қарастырылады. Жауапты мамандардың мәліметінше, жоба бес жылдық мерзімде толық іске асырылады. Аудан халқының шамаланып отырған саны – 50 мың адам.

Үкімет басшысы 2020 жылдың наурыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырған Конгресс орталығының да құрылыс жұмыстарымен танысты.

Премьер-Министр Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына да ат басын бұрып, «Бал Текстиль» кілем фабрикасының жұмысымен танысты.

Еліміздегі ең ірі фабриканың қуаттылығы жылына 6 миллион шаршы метр кілем өнімдерін шығаруға жетеді. Қазір шымкенттік кілемдер өз елімізбен қатар Ұлыбритания, Германия, Франция, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан және Тәжікстанға экспортталады. Кәсіпорында 300 адам жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, А.Мамин кәсіпорындарды аралай жүріп, БК «Lux Shoes» ЖШС аяқ киім фабрикасынан ерлер аяқ киімін сатып алды. 2018 жылы жұмысын бастаған фабрикада әйелдерге, ерлерге және балаларға арналған аяқ киімдер шығарылады. Қазіргі таңда мұнда 80 адам еңбек етеді.

Жалпы бүгінде Шымкенттегі «Оңтүстік» АЭА аумағында 13 жоба іске асырылған, 1 396 жұмыс орны құрылған. 2021 жылдың соңына дейін тағы 1580 жұмыс орны ашылып, 92,2 млрд теңгелік 18 жаңа жоба іске қосылмақ.

Премьер-Министр бұдан кейін Шымкентте пилоттық режимде іске қосылатын акселератор жобасымен танысты. Пилоттық жоба мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, сан түрлі проблемалардың шешілуін жеделдетеді дейді әкімдік өкілдері.

Дубай қаласының тәжірибесінен алынып отырған бұл жүйе Үкімет тарапынан қолдау тапса, орталық бұрынғы халықтық кеңседе (фронт-офис) ғимаратында жұмысын бастайды. Жоба екі кезеңнен тұрады: Ең алдымен акселераторды ашу, екіншіден акселератордың жұмысын бақылау үшін «Шымкент сити навигаторын» құру.

Соның нәтижесінде мемлекеттік және жеке сектор өкілдерінің қатысымен ведомствоаралық өзара іс-қимыл жақсарады.
Асқар Мамин жұмыс сапарының қорытындысында Шымкент қаласының активімен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Жиында қала әкімі Ғ.Әбдірахымов Шымкенттегі ірі жобалар жайлы, 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары туралы баяндады.
Қалада бірқатар әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы жоспарланған.

Олардың арасында әуежайдың жаңа терминалының құрылысы, теміржол вокзалын, айналма жолды қайта құру, қоғамдық көлікті жаңарту жобалары бар.

Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарының тұрғын үй мәселелерін шешу үшін биыл «Сен жалғыз емессің» жобасы іске асырылып жатыр, оның аясында демеушілер есебінен баспанасы жоқ аз қамтылған отбасылар үшін тұрғын үйлер салу жоспарланған.

Премьер-Министр кеңес барысында Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіпті дамыту әлеуеті зор екенін, арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар оған дәлел бола алатынын атап өтті.

– Шымкент – еліміздің миллион тұрғыны бар жетекші өнеркәсіптік, экономикалық және мәдени орталықтарының бірі. Мемлекет басшысы Үкіметке және әкімдіктерге елдің ірі қалаларының шеткі аймақтарын абаттандыруға және проблемаларын шешуге ерекше назар аударуды тапсырды.

Қала әкімдігіне жаңа және салынып жатқан аудандардың тұрғындарының өзекті мәселелеріне көбірек көңіл бөліп, бірден үн қату қажет екенін, ал ең бастысы – бұл проблемаларды шешу керек, – деді Үкімет басшысы қорытынды сөзінде.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.