Қараша келіп, күн суытты. Биылғы күз жайлы болып, шуақты күндер қазан айының соңына дейін созылғаны бар. Ал бұл – жылыту маусымына дайындалуға қосымша мүмкіндік деген сөз. Осыны пайдаланған жауапты мамандар халық арасында түсіндіру іс-шараларын қолға алған.
Шымкент қалалық төтенше жағдай департаментінің мамандары түзілген жоспарға сәйкес топ-топқа бөлініп, тұрғындарды жылыту маусымындағы қауіпсіздік ережелерімен таныстыруға кіріскен.
Мұндай рейдтер аса маңызды. Су тасқыны, сел басу, иісті газ, өрттен қорғану – тұрғындар тап келетін тілсіз жаудың бір бөлігі ғана. Бетін аулақ қылсын, төтенше жағдай бола қалғанда адамдарды құтқару мен оқыс оқиғаның салдарын жоюға барлық құрылым жұмыла кіріседі. Сондықтан, қауіпсіздік ережелерін түсіндіру топтарының құрамында жергілікті әкімдікпен қоса төтенше жағдай департаменті мен газ қызметінің өкілдері жүр.
Пешіңізде ақау жоқ па?
Жуырда осындай кезекті рейдке Әл-Фараби ауданының әкімі
Ғабит Мәуленқұлов та қатысты. Бірлескен рейд Химфарм және Бадам шағынаудандарында өтті. Мұның бір себебі – өрт шығу секілді төтенше оқиғаның көбісі жеке секторларында орын алады, дейді құтқарушылар. Ал жылу беру маусымындағы қауіп-қатер екі есе өседі.
– Тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы, тұрмыстық электр техникасы мен электр сымдарын пайдалану қауіпсіздігінің бұзылуы, пеш мұржаларының ақаулығы, балалардың отпен ойнауы секілді салғырттықтар – өрттің басты себептері. Сондай-ақ, кейде адамдардың мас күйінде темекі шегуінен де от тұтанады. Статистикалық мәлімет бойынша, әр 3 өрттің бірі пештің ақауынан шығады. Ал төтенше жағдайдың салдары адамдардың денсаулығы мен өміріне орны толмас зиян, материалдық шығын әкеледі, – дейді Шымкент қаласының төтенше жағдай департаментінің басшысы
Нұрболат Дербісов.
Мұндай рейдтер барысында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үйлерді жылытуға арналған газ жабдықтарын, газ құбырларының дұрыс монтаждалуын, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауын тексереді, тұрғындарға төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шараларын үйретеді, газ жабдығын дұрыс пайдалану туралы жадынамалар тапсырады. Ал газ қызметінің өкілдерінің айтуынша, жылыту жабдықтарының техникалық жай-күйін үнемі тексеру қажет, себебі, пәтер немесе үй ішіндегі жылыту құралдарының ақауына меншік иелері жауап береді.
Иісті газ – тілсіз жау
Иісті газ – қыста, жылыту маусымында «бас көтеретін» дұшпан. Көмірқышқыл газы, ғылыми тілмен айтқанда, CO – түссіз, иіссіз улы газ. Сонысымен де аса қауіпті. Алғашында сезілмейді. Иісті газ оттың шала жануынан шығады, яғни, жану кезінде ауа жеткіліксіз болған жағдайда жану салдарынан тарайды. Адам ағзасына өте қауіпті.
Иісті газбен уланудың алғашқы белгісі – бас ауырады және айналады, одан кейін адам есінен танады. Мұндай жағдайда адамды тез арада таза ауаға шығарып, алғашқы көмек көрсету қажет. Иісті газ шыққан жағдайда ашық отты пайдаланбаңыз, жарықты, электр құралдарын қоспаңыз және сөндірмеңіз, газ беруді тоқтатуға тырысыңыз, егер мүмкін болса, үй-жайды желдетіп, өрт сөндірушілерді шақырыңыз. Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, сіз өзіңізді және көршілеріңізді жарылыс пен өрттің туындауынан сақтайсыз!
– 2018-2019 жылдардағы жылу беру маусымында улы газбен уланудың 6 оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 7 адам қайтыс болды, 1 адам жарақат алған. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын ерте бастадық. 15 тамыз пен 15 қыркүйек аралығында Шымкент қаласында өрт қауіпсіздігі айлығы жүргізіліп, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері елдімекендерді аралап, жеке сектор тұрғындарымен кездесті. Жылыту пештерін қауіпсіз пайдалану бойынша тұрғындармен әңгіме және нұсқаулық жүргізіп, өрт қауіпсіздігі бойынша жадынамалар таратты, – дейді Нұрболат Дербісов.
Департамент басшысының айтуынша, бұл бағыттағы алдын алу іс-шаралары 2019-2020 жылғы жылу беру маусымының соңына дейін жалғасады.
Айта кету керек, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары назардан тыс қалған емес. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қайырымдылық акциясын өткізді. Жергілікті атқарушы орган өкілдері мен кәсіпкерлер белсене атсалысқан акциялар барысында қала аумағындағы 1200-ге жуық шаңыраққа газ дабылқаққыштары орнатылды. Бұған қоса көптеген үйлердегі түтін құбырлары тазартылды. Шымкент бойынша 21 000 отбасы әлеуметтік топқа жатады деп саналса, қала әкімі Е.Айтахановтың төрағалығымен өткізілген төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының отырысында осы мәселе қаралып, нәтижесінде жағдайлары төмен отбасыларға алдағы уақытта газ дабылқаққыштарын сатып алуға қаражат қарастырылмақ.
...«Сақтансаң – сақтайды» деген ережені ұмытпайық.
Жылыту маусымындағы қауіпсіздік ережелері:
- Газ плитасының жанында тез тұтанатын заттар тұрмауы тиіс;
- Жанып тұрған жылыту құралдарын қараусыз қалдырмаңыз;
- Газ плитасын бөлмені жылыту үшін пайдаланбаңыз;
- Жылыту құралдарын қолдану кезінде бүлінген электр сымын қолдануға болмайды;
- Үйден шығарда барлық электр жылытқыш құралдарды өшіруді ұмытпаңыз;
- Пеш түтігінен жиһаз, төсекке және басқа жанғыш құралдарға дейінгі қашықтық 1,25 метрден кем болмауы тиіс;
- Жылыту маусымының басталуына дейін және жылу беру маусымы кезінде үш айда бір рет мұржаны тазалау керек.