Волонтерлық – жүректің ізгілігі

Среда, 17 Июнь 2020 05:27 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3211 раз

IMG-20200609-WA0062

Шырайлы шаһардың көшелерімен серуендеп, қоғамдық көліктерге мінгенде «Шымкент – қайырымды қала» деген жазу көзге оттай басылады. Мегаполистің осындай балама атқа ие болуы бекер емес. Иә, ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби суреттеген ізгі қаланың қағидасы қамқорлық екені сөзсіз. Бүгінгі қоғамда бар өмірін ізгілікке арнаған жандар аз емес. Сондай жүрегі жомарт жақсылардың бірі – Данияр Мейірбеков.

96«Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті Данияр Мейірбеков 8 жылдан бері еріктілікпен айналысып келеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді өмірлік ұстанымым деп білетін ол осы жылдар бойы ерікті ретінде біраз адамдарға қол ұшын беріп, игі істердің басы-қасынан табылып жүр.
– Менің волонтер қатарына қосылуыма саябақтағы жас қыздың оқиғасы себеп болды. 2012 жылы магистратурада оқып жүргенімде саябақта келе жатып жас қызды кезіктірдім. Қарасам, жылап отыр. Асыраушысынан айырылған екен. Анасы шіркеуде еден жуушы болып нәпақасын айырып, отбасын асырайтынын білдім. Кейін шамам келгенше оларға көмектесіп жүрдім. Өзімнің жағдайым болмағанда, достарымнан көмектесуін сұрадым. Осылай жүріп өзіміздің қайырымдылық ұйымымызды құру туралы ұйғарымға келдік, - дейді Д.Еркінұлы.
Еріктілікті азық-түлік таратумен өлшемейтін Данияр Алматы қаласы мен Қызылорда облысында да еріктілер ұйымын құруға атсалысқан. Бүгінде ресми тіркелген қайырымдылық қоры арқылы 1300 адамға көмек қолын созып келеді.
– «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қоры ресми тіркелген ұйым. Біз бес бағытта жұмыс жасаймыз. Білім бағыты бойынша асыраушысынан айырылған және аз қамтылған отбасылардың балаларына қосымша үйірмелер ұйымдастырамыз. Спорт саласында аулаларға ворк-аут алаңшаларын орнатып, спорттық сайыстар өткіземіз. Ал қайырымдылық және әлеуметтік сала бойынша арнайы тізім жасалып, сол бойынша қаладағы әр түрлі санаттағы осал топтардан құралған 1300 отбасыға қолдау көрсетеміз.
Даниярдың айтуынша, бұл ұзақ мерзімді жобалар. Қордағы волонтерлардың басым көбі бұрынғы педагогтардан құралыпты. Олар игі іспен күнделікті жұмыс ретінде, яғни кәсіби тұрғыда айналысады.
– Бүгінде Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балаларына арнап ашқан он күндік лагерьдің жұмысын сәтті аяқтадық. Шымкенттен бір топ ұйым осы лагерьдің жұмысына атсалысқанын айта кеткен жөн. Олардың қатарында «АSAA» жастар қоғамдық ұйымы, «Волонтер Шымкента» ұйымы, «Клуб добряков Шымкента» қозғалысы, «Благо Дарю» қоғамдық ұйымы, «Мейірім» еріктілер қозғалысы, «Харекет» қоры және біздің «Ізгілікте жарысайық» қорымыз бар. Шымкенттік және еліміздің басқа да өңірлерінен қаржылай қолдау көрсеткен демеушілерге алғыс айтқым келеді, - дейді Д.Мейірбеков.
Ерікті болу үлкен ерлік. Ол жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін бірден-бір игі шара. Сондықтан, уақытты еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамуға құйылған инвестиция екені даусыз. Алайда еріктілердің жұмысы көп ретте еленбейтін көрінеді. Данияр кейде алғыстың орнына реніш еститіндерін де жасырмады.

 

IMG-20200609-WA0066


– Карантин кезінде көптеген танымал жұлдыздар мен кәсіпкерлер жаппай азық-түлік таратуға көшті. Қайырымды жандардың бары қуантады, әрине. Бірақ мұндай әрекеттердің соңы кейде масылдыққа ұласып жатады. Шын мұқтаждардың жағдайымен танысып алмай жатып, біз ешкімге көмектеспейміз. Бізде арнайы менеджерлер бар. Қаладағы бірнеше қайырымдылықпен айналысатын ұйымның ортақ базасын жасағанбыз. Көмек сұрап хабарласқандарды тізімнен тексеріп аламыз. Педагог болғандықтан тағдыр тауқыметін тартқан жандардың жағдайына түсіністікпен қарауға тырысамыз. Тобымыздағы қыздар бір жағдайда айтылған ауыр сөздерді көтере алмай жылап қалады. Бірақ бұл біздің негізгі мақсатымызға, адамдарға қайырымдылық жасауымызға ешқандай бөгет бола алмайды, - дейді Данияр Мейірбеков.
Данияр Еркінұлы қорға жиналған қаражатты есеппен жарататындарын айтады. Олардың алдағы жоспары еріктілік сөзінің аясын кеңейтіп, көпшілікке волонтер болудың қыр-сырын үйретпек.
– Бізге әр түрлі саланың өкілдері хабарласып көмектесуге ниет білдіреді. Артынша азық-түлік пен қаражат аударуға асығады. Қиындыққа тап болған отбасылардың сан алуан мәселесі бар. Соған қарай түрлі сала өкілдері өздеріне тиесілі мәселелерін шешіп берсе, оның өзі үлкен көмек. Бір өкініштісі волонтер болу дегенді жұртшылық тамақ тарату деп түсінеді. Кейде алаяқтар да кездеседі. Волонтерлік қызмет – өз еркіңмен баратын жүректің жұмысы. Жүректің жұмысы жанданса, қоғам өркениетке өздігінен-ақ қадам басар еді, – дейді ол.

 

IMG-20200609-WA0067


Жабырқаулы жүректерді жібітіп, мұқтаждарға көмектесу сауапты іс. Ал ондай ізгілікті істі мұрат тұтқандардың әрекетін жанашырлықтың жарқын үлгісі деп бағалауға болады. Әл-Фарабише айтқанда, қайырымды қаланың тұрғындары қашанда бір-біріне көмек қолын созуға даяр тұрады. Ал Даниярдай азаматтардың жасаған істері көпке үлгі, мақтауға тұрарлық.