Ақсақалын ардақтаған ел азбайды Избранное

Среда, 10 Март 2021 04:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5462 раз

Сексеннің сеңгіріне шығып отырған Сексенбай Тұрысбековтың есімі әсіресе теріскей жұртына кеңінен танымал. Созақ ауданының өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі зор азамат бүгінде Шымкент қаласында тұрады. Ал, шымкенттіктер қайсыбір ардагерге болмасын, ізет көрсетіп, ілтипат танытудан кенде емес.

203

 

Бұл жолы да осы үрдіс жалғасын тапты. Шымкент қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай қоғамдық істе белсенді қадірлі ақсақалдардың басын қосып, Сексенбай Тұрысбековтың мерейлі 80 жылдық жасына орай салтанатты құттықтау шарасын өткізді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымының докторы Бекет Тұрғараев ардагерлер кеңесінің атынан Сексенбай
Тұрысбековке «Ардақты ардагер» төсбелгісін табыс етті. Ал, халық қалаулылары Қанатбек Досалиев пен Талғат Балтабаев мерейтой иесін Шымкент қалалық мәслихатының құрмет грамотасымен марапаттады.
Сексенбай ағаның теріскейде мал басын көбейту, ауыл шаруашылығы саласын дамыту жолындағы бір кездердегі еселі еңбегі әлі күнге ел аузында. Содан да болар ақсақал ауыл-аймаққа абыройлы, аузы дуалы. Жастар үлгі алады. Аудандық комсомол комитетінде жемісті еңбек етті. Совхоз басқарды, парторог, облыстық мәслихаттың депутаты да болды.
Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп, ұрпағын тәрбиелей жүріп, қоғамдық істердің де ұйытқысы болудан еш шаршаған емес.
–Секеңнің бастамасымен қазір Теріскейде керемет жоба жүзеге асуда. Тарихта
«Созақ көтерілісі» деген атпен танымал халықтық толқудың салдарынан қуғынға ұшыраған есіл ерлердің есімдерін жаңғырту жолында Сексенбай ағаның жасап жатқан еңбегі зор. Ол кісінің бастамасымен «Созақ қасіреті» мемориалдық ескерткіш кешені бой көтеруде. Сәтін салса таяуда ашылуы болады. Бұл тарих беттеріндегі ақтаңдақтардың сырын ақтаруға қосып отырған үлкен үлес, – дейді қоғам қайреткері Бекет Тұрғараев.
Расында да бір кездері өндіріс орны жоқ, теміржолдан тым қашықта орналасқан шалғай Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеру Сексенбай ағаларымыз сынды азаматтардың арқасында жүзеге асты. Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ел ағаларын ардақтау бүгінгі ұрпақтың парызы.