Жануарларды қорлағандарға жаза қандай? Избранное

Среда, 07 Апрель 2021 03:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1352 раз

Соңғы уақытта ит, мысық секілді үй жануарларын адам төзгісіз әрекетпен қинап өлтіру жағдайлары азаймай тұр. Қорғансыз иттерге қатысты жағдайлар Шымкентте тіркелді. Көзі ағып түскен төрт аяқты туралы бейнежазба Қаратау ауданының Таскен шағынауданындағы көшелердің бірінде түсіріліпті. Instagram-дағы «Добряки Шымкента» парақшасында кеңінен тарап, қаскөйлердің қиянаты табиғат қорғаушыларының алаңдаушылығын туғызды.

572

 

Таскендік тұрғын азаптаған хайуанды еріктілер сол сәтте-ақ тауып алып, қаладағы «Помоги» қоғамдық қорына хабарласты. Қор кураторы Эля Шабанова қолдан келген ем-домның бәрін жасайтынын жеткізген. Абай ауданындағы қорлықтың зардабын тартқан екінші иттің де жағдайы осыған ұқсас.
Бұрын қоғам назарын салмаған жәйттің маңызы енді ескерілген сияқты. Қалалық полиция департаменті ақпаратты растады. Департаментке қарасты жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы, полиция майоры Ұлықбек Сабаев Қылмыстық кодекстің 316-бабы (жануарларға қатыгездік жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Алайда қылмысқа қатысты күдікті тұлғалар анықталмағандықтан сотқа жолдау мүмкіншілігі болмай тұр. Соған қарамастан анықтау шаралары жүргізілуде.
Қылмыстық кодекстің 316-бабында жануарларға қатігездік жасағандарға 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту немесе 30 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған. Бірақ осындай жазаға қарамастан ит-мысықты қорлайтындар тыйылмай тұр.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұсынысымен жануарларды ұстау тәртібіне өзгеріс енгізілген. Бұған Еуропа елдерінде, Ресейде қылмыстық жауапкершіліктің қатаңдатылуы себеп болды. Бірақ одан нәтиже болмай тұрғанға ұқсайды. Жыл сайын қараусыз ит-мысықтың көзін құрту үшін жергілікті бюджеттен 130 млн теңге бөлінетіні де жануар жанашырларының шымбайына батады.
Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының ветеринария бөлімінің басшысы Манарбек Ержігітов қаңғыбас ит-мысықтың көбеюін асыраушыларының жауапсыздығына әкеп тіреп отыр. Өйткені ветеринар дәрігерге апарып, тұрақты екпе салдырып тұрса, қаланың бұрыш-бұрышында қазіргідей көбеймес еді, – дейді.
– Біз сыртта жүретін үй жануарларын арнайы орталыққа жеткіземіз. Оқшаулану орнында 3 күн тамақтандырып, ұстаймыз. Иесі табылмаған жағдайда жансыздандырылатын екпе егіледі. Рас, қаңғыбас иттердің көбеюіне тұрғындардың да кінәсі бар. Олар үй жануарын күтіп-ұстау талаптарын дұрыс орындамайды. Бәріне жүрдім-бардым қарайды. Ешкімді қаппайды, ешкімге тиіспейді деп ойлайды. Көшеде жүрген төрт аяқтылардың иесі жоқ деп айта алмаймын. Жалпы, үй жануарларын күтіп-ұстауға қаражат қаралмаған. Сондықтан қала тұрғындарын өздерінің ит-мысығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын, - дейді Манарбек Аманқұлұлы.
Басқарма осы орайда қала әкімдігінің қолдауымен Ақтас тұрғын алабында оқшаулау орталығы салынатынын жеткізді. Онда ит үйрететін орталық, көмек көрсететін орындар болады. Қаладан іссапармен кететін азаматтар иттерін уақытша сонда қалдыра алады. Бір сөзбен айтқанда, итті өлтірмей, иесін тауып беруге жұмыс жасайды.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.