«Отанымды ешқандай байлыққа айырбастамаймын»

Пятница, 30 Апрель 2021 04:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1815 раз

Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі түрлі ұлт өкілдерін тар жол тайғақта құшағына алып, бауырына басты. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ұйымшылдығы бүгінде өзге жұртты сүйсінтіп келеді. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артты. Солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Кристина Бойко.

710

 

Шымкенттік Кристина қазақ тілінде қазақтардан асып түспесе, кем сөйлемейді. Жастайынан қазақ тілін дәріптеп өскен қыз мамандық таңдауда ешбір ойланбағанын айтады. Бүгінде ол ОҚМПУ қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде білім алуда.
Иә, ұлты орыс демесеңіз, Кристинаның жан дүниесі қазақ екенін әңгіме барысында аңғардық. «Нұх пайғамбардың кемесі қалған
Қазығұрттай тауымның етегінде, сұлудың бұрымындай болып ағып жатқан Сырдария мен Ақсуымның бойында қазақтың жыры мен әнін, сөзін жан-тәнімен сезініп өстім. Қазақ балабақшасында тәрбиеленіп, қазақ мектебінде білім алдым. Қазақ тілін меңгеруде ата-анам мен ұстаздарымның да ықпалы болды. Мектепте химия пәнінің мұғалімі Жанат Әшірбаева мені үнемі ынталандырып, ақыл-кеңесін аямайтын. Содан болар, қазақ тілі мен әдебиеті менің сүйікті пәніме айналды» деген бойжеткен Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызына да тоқталды.
– «Ел бірлігі мен ынтымағын арттыру жолында Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің орнықтылығын ғана дәлелдеген жоқ. Елбасымыз айтқандай, Ассамблея қазақ жерін татулықтың талбесігіне бөледі. Елдіктің өлшемі, татулықтың тұтқасы болды. Ел дамуы үшін маңызды мәселелерді шешумен ерекшеленеді. Ассамблея аясындағы этномәдени бірлестіктер мәдениеті мен салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын ғана дәріптемейді. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға, этносаралық бітім мен қоғамдық келісімді нығайтуға айрықша мән береді. Қазақ жерін мекен еткен барша ұлттың міндеті – ел бірлігі мен ынтымағына қылау түсірмеу. Сондықтан елімізде 130-дан астам ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мұның бәрі қазақ халқының арқасы. Қандай қиын кезеңді бастан кешсе де дана халық мәрттігін, бауырмалдығын жоғалтпады. Сондықтан Отаным –
Қазақстанды ешқандай байлыққа айырбастамаймын! Қазақ жеріндей тіл де еркін, тәуелсіз болса деймін. Өзгелерге тіл тазалығын үлгі еткім келеді. Тәуелсіздіктің оңай келмегенін тарихтан білеміз. Егемендігіміздің 30 жылында жүз жылға татитын қадамдар жасалуда. Дегенмен, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту үшін жұмысқа орналасатын азаматтарға талап қойылуы тиіс. Олар қазақ тілінде оқып, жаза алуы керек. Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне мән беруі қажет, – дейді тіл жанашыры.
Қазақшаға жетік студент қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Тілді ғана емес, салт-дәстүрімізді де жақсы біледі. Тілден артық қазына, артық қасиет жоқ екенін орыс қызы осылай дәлелдеп жүр.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.