Шымкентте қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбай - ұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл рәсім 10-тамыз кемеңгердің туған күніне және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Салтанатты шараға қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Ақжол Қалшабек қатысты.
– Ұлы ақын қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ретінде өміршең құнды мұралар қалдырды. Қай шығармасын алсақ та, халқын білім-ғылым іздеуге, қоғамды өркендетуге шақырған әдеби еңбектері, адамзатты сүю мен ой тазалығы туралы пікірлері өзектілігін жоймайды. Сондықтан Абай мұрасы әлі де зерттелу керек, – деді Бахадыр Нарымбетов.
Жиналғандар Ұлы Абайдың әндерін жанды дауыста орындады.
Ғұлама ойшылдың туған күніне арналған 12 іс-шара карантин талаптарын сақтай отырып, күні бойы жалғасты.